00:15 23 Шілде 2019
Тікелей эфир
  • USD384.52
  • EUR431.32
  • RUB6.10
Әбілхан Қастеев, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған әйгілі суретші

Әйелі Әбілхан Қастеевке иіліп сәлем салған: әйгілі суретші туралы не білеміз?

CC0 / "Жас өркен" журналының интернет нұсқасынан
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (79)
176910

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеев халқына өшпес мұра қалдырды

Қазақстан суретшілер одағы басқармасының төрағасы, халық суретшісі Әбілхан Қастеев 1904 жылы Алматы облысы Панфилов ауданы Шежін ауылында дүниеге келген. Небәрі үш жасында әкесінен айырылып, анасына көмектесіп жүріп ерте есейеді. Қой бағып, жалшы болып, жер жыртып, түрлі қара жұмыс істейді. Бұдан өзге ағаштан сырға-сақина, мүсін жасайды. Осы өнері туралы білген ауылдағы қыз-келіншектер оны өрістен күтіп алып, өздеріне әшекей жасап беруге өтініш білдіретін болған. Бірде ауыл молдасының мүсінін жасаймын деп қатты ұрыс естіген екен.

Нұрсұлтан Назарбаев
© Sputnik / Владислав Воднев
Суретші мектепке 25 жасында барған

Әбілхан Қастеев отбасымен Жаркентке көшіп барып, сол жерде бір байдың жалшысы болып жұмыс істейді. Фотограф Саламатов оның әсемдікке деген ерекше қызығушылығын байқап, жасаған бұйымдарын суретке түсіріп, Қызылорда қаласына жібереді.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы кескіндемеші еңбек жолын Түрксіб темір жолынан бастаған. Дәлірек айтсақ, темір жолдың құрылыс жұмыстарына атсалысады. Арасында демалған уақытында тасқа сурет салады. Бірде тастағы Лениннің суретін бастықтардың бірі көріп қалып, суретшіні Алматыға оқуға жібереді. Осылайша мектепте оқи бастағанында жасы 25-те еді. Алайда оның білімге деген құштарлығы мен араб және латын жазуын өз бетімен үйренуі көп көмегін тигізеді.

Мектеп директоры оның суретке деген қызығушылығын байқап, Николай Хлудов есімді суретшімен таныстырады. Хлудов Әбілхан Қастеевті өзінің студиясына қабылдап, Жетісудағы ең танымал суретшінің сабағына қатысады. Суретшінің қызы Гүлдәрия Әбілханқызының айтуынша, Хлудов ауылдан шыққан баланың талантына қатты таңғалған. Бұдан кейін әйгілі кескіндемеші досы Әубәкір Исмаиловпен бірге Мәскеудегі өнер училищесіне оқуға түседі. Бастапқыда жат жерде өмір сүру оңай болғанымен, көптеген ақшалай қиындыққа кез келеді.

Әйелі Әбілхан Қастеевке иіліп сәлем салған

Оқудан тыс уақытта кескіндемеші Мәскеудегі мұражай, галереяларды аралап, түрлі көрмеге барған. Тіпті, бірде картина салып, оны Шығыс мұражайына сатады. Туындыларды сатып алушы Әбілхан Қастеев айтқаннан екі есе көп баға ұсынады. Осылайша қазақ баласы бір күн ішінде жатақханасындағы бар қарызынан құтылады.

Тағы оқыңыз:

Бірде суретші Мәскеуде жүріп қатты ауырып қалады. Кейін туған ауылына қайту туралы шешім қабылдайды. Емделген соң ауыл адамдарымен бірге азық-түлік әкелу үшін Қытайға аттанады. Қазақ шекарашылары оларды Қытайға өткізгенімен, аспан асты елі оларды ұстап алып, түрмеге қамайды. Сол жерде олар аз тамақ ішіп, күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр болады. Осылайша кескіндемешінің сырқаты бұрынғысынан бетер асқынып, төсек тартып жатады.

Түрмеден амалын тауып қашып шыққанында бейтаныс шал көмек қолын созған. Оны күнде жеміс-жидекпен асырап, туыстары іздеп жүрген болар деп базарға әкелетін болған. Бір күні осы базарға Әбілхан Қастеевтің туысы келіп, оны елге алып кетеді. Сонда әйелі оны танымай қалған екен. Тіпті, ауылдағы қариялардың бірі болар деп иіліп сәлем берген. Кейін алдындағы бүкірейіп тұрған адам күйеуі екенін біліп, дауыстап жылап жіберген.

"Осы жақтан олардың не алып барғаны есімде жоқ. Бірақ Қытайдан азық-түлік әкелетін еді. Ашаршылық белең алған жылдары ол жаққа анам да барды. Қатты ағып жатқан суды кешіп өтетін еді. Кейбір адамдар ағыспен бірге ағып, ажал құшып жатты. Шекарашылар бірден 10 адамға өтуге рұқсат беретін. Бірақ "Аман-сау қайтуларың үшін біз жауапкершілік алмаймыз" деп айтатын", — дейді қызы Гүлдәрия Қастеева "Хабар" арнасына берген сұхбатында.

Суретшіні менсінбеген қыз кім?

Әбілхан Қастеевті ата-анасы кішкентайынан бір қызға атастырып қояды. Алайда ол қыз суретшіні менсінбей, қарамай кетеді. Әсіресе, сіңірі шыққан кедей болғанын бетіне басады. Кейін Мәскеуден қайтып келгенінде әдемі киімін киіп, әлгі қыздың алдына әдейі барған екен.

Үйленген жұбайы Сақыш өзінен 10 жас кіші болған. Ол, алдымен, Әбілхан Қастеевтің ата-анасымен бірге тұрып, күйеуімен араға біраз уақыт салып танысады. Сақыш колхоздағы орнын ешкім алмастыра алмайтын жұмысшылардың бірі болғанына қарамастан, келіндік міндетін бәрінен жоғары қойып, өмірін отбасына арнайды. Үйдің шаруасын толықтай өзі реттеп отыратындықтан, Әбілхан Қастеев уақытының көп бөлігін өнерге арнауға мүмкіндік алған. Бүгінде әйгілі суретшінің бала-шағасы ата-анасы арасында үлкен махаббат болғанын айтады.

Кескіндемешінің өз отбасында тоғыз бала болған. Ішінде кейбіреуі әке жолын қуып, өнерге жақын мамандық таңдады. Тұңғышы Әбілтай Қастеев оқуын тәмамдаған соң оператор болып жұмыс істеді. Екінші ұлы Нұртай сурет училищесінде білім алды. Оның картиналары жоғары бағаланған-ды. Сондай-ақ, ол гитара, мандолин және домбыра аспаптарында ойнайтын. Өкінішке орай, 16 жасында жүрек ауруынан көз жұмды. Әбілхан Қастеевтің үшінші ұлы Нұртас та суретші болып, цирктерге арнап афиша салған. Нұртілеу суретші-безендіруші болса, Нұрхат тастан мүсін жасаған. Қызы Гүлнәзия да әкесі секілді өнерге бет бұрған.

Тағы оқыңыз:

"Үйді жылдам тұрғызды. Бірақ іші өте суық болды. Үй де, жылыту жүйесі де дұрыс салынбаған екен. Құрылысшылар кірпіштің орнына сабанды пайдаланды. Бала күнімізде аяғымызды бес батареяның ең жоғарғысына қойып жататынымыз есте. Себебі, төменгілері суық болатын еді", — дейді Гүлнәзия Қастеева.

Әбілхан Қастеев салған картина
© Sputnik / Р. Лозин
Әбілхан Қастеев салған картина

Кескіндемешінің бірегей туындылары

Әбілхан Қастеев өзіндік дара қолтаңбасы бар суретші ғана емес, еліне деген махаббатын туындылары арқылы көрсете білген біртуар азамат. 1930-1931 жылдары салған "Автопортрет", "Қарындастың портреті" сынды туындылары кейіпкер болмысының толықтай ашылып, тұпнұсқаға қатты ұқсайтынымен ерекшеленеді. 1937 жылы ол СССР суретшілер одағына қабылданды. Бұдан өзге қазақтың өткені мен бүгінінің шынайы көрінісін "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Жас Абай" (1945), "Амангелді сарбаздары" (1970) сынды туындылары арқылы бейнелеген. Ал "Биік таулы мұз айдын" (1954), "Гүл ашқан алма" (1958), "Менің Отаным" (1959), "Жайлаудағы авто-дүкен" (1963), "Қапшағай ГЭС-і" (1972) атты картиналары әсемдігімен көздің жауын алады.

Сондай-ақ, ол 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің белсенді қатысушысы Амангелді Имановтың портретін салу үшін ұзақ дайындалған. Тіпті, осы орайда Имановтың туыстарымен және Торғай өңіріндегі сарбаздармен сөйлескен. Суретшінің соңғы жұмысы әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің портреті болды. Өкінішке орай, ол бұл туындысын толық аяқтай алмады.

1940 жылдардың аяғына дейін суретшінің отбасында жеке пәтер болмайды. Кейін ол Мұхтар Әуезов тұрған кішкене пәтерге көшіп келеді. Орынның аз болғаны соншалық өзіне шеберханаға айналдыратын бөлме болмай қиналады. 1950 жылдары Қазақстанға шетелден документалистер тобы келіп, суретшінің үйін түсіреді. Осы кезде оның үйіне уақытша жиһаз бен өзге де әдемі заттар әкелінеді. Кейін араға бірнеше жыл салып сол кездегі ҚазССР министрлер одағының төрағасы Қонаевтың арнайы өкімі бойынша суретшіге үй салынады. Өкінішке орай, үйді салып жатқан кезде кірпіштер ұрланып, үйдің қабырғасы қарапайым қамыстан жасалады. Жақындарының айтуынша, суретшіге берілген кірпішті прораб ұрлаған. Есесіне жаңа үйде Әбілхан Қастеевтің жеке шеберханасы болды. 

Тағы оқыңыз:

Қастеев Әубәкір Исмаилов, Жаңатай Шәрденов, Молдахмет Кәденов, Хәкімжан Наурызбаев, Сахи Романов сынды өнер қайраткерлерімен жиі дастархандас болған. Сондай-ақ, етене жақын араласатын достар табиғат аясына жиі шығатын еді.

"Үнемі мұздап жүретін"

Суретшіге негізінен зауыт, фабрика, совхоз және колхоздардың мәдениет үйлері тапсырыс беретін. Кей деректер бойынша, Қастеев акварельмен салған суреті үшін 200-300 рубльге дейін алатын болған. Ал майлы бояумен салынғандарының бағасы екі-үш мыңға дейін жеткен. Мұнымен қатар, Қазақстан аумағынан бөлек, Мәскеуде жеке көрмесі өтті.

1955 және 1959 жылдары Қазақ ССР жоғары кеңес депутаты болып сайланды. Сурет пен саясаттан бөлек, оқытушылық, қоғамдық жұмыстарға атсалысты. Жақындарының айтуынша, ол алдына өтініш айтып келген адамнан көмегін аямаған.

"Үйге жылуды 1973 жылы 15 қарашада берді. Ол, тіпті, үйдің жылы болуы не екенін сезініп те үлгермеді. Үнемі мұздап жүретін. Әрдайым бірнәрсе сұрайтын және оған сұрағанын ешкім бермейтін. Әйтеуір, бәрі жалтаратын еді. Бәлкім өзі де талапшыл болмаған шығар. Тиісті жерге барып "Мен лауреатпын" деп айта алмайтын еді. Осы нәрсе оған кедергі келтіріп, іштей қынжылса керек. Қайтыс болған күні ол терезенің алдында отырды. Біз жүгіріп жанына жеткенше жерге құлап түсті", — деп қайғылы күнді еске алды қызы Гүлнәзия Қастеева.

Талантымен жұртты тамсандырған суретші қартайған шағында бірнеше рет жүрек талмасына ұшырайды. Осылайша жүрегі ұзақ уақыт ауырып 1973 жылдың 2 қазанында дүниеден озды.

Тақырып:
Өмірбаяндар (79)

Тақырып бойынша

Иманғали Тасмағамбетов туралы не білеміз?
Әсет Исекешев туралы не білеміз?
Жарқ етіп сөнген бір ғұмыр: Денис Тен туралы не білеміз?
Мейрамбек Беспаев туралы не білеміз?
Сәкен Майғазиев туралы не білеміз?
Тұрсынбек Қабатов туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
музей, өмірбаян, суретші, өнер, сурет, Әбілхан Қастеев
Загрузка...

Басты тақырып