Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 30 қаңтар

© Sputnik30 қаңтар - күнтізбе
30 қаңтар - күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесіндегі 30-шы күн. Жыл соңына дейін 335 күн бар.

30 қаңтарда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

30 қаңтарда қандай қызықты оқиғалар болды

Бүгін Бейзорлық пен бейбітшіліктің мектеп күні (The School Day of Non-violence and Peace, DENIP) аталып өтеді. Бұл мерекені тойлауды 1964 жылы испан ақыны, ұстаз және пацифист  Лоренцо Видал ұсынған. Бұл күні бүкіл әлемдегі мектептерде Үндістанның тәуелсіздігі үшін күрескен, сатьяграха – бейзорлық философиясын уағыздаушы Махатма Гандиді еске алу шаралары өтеді. Махатма Гандиді 1948 жылы 30 қаңтарда атып өлтірген. Ол өмір бойы діни жаза мен зорлық-зомбылыққа қарсы күресіп, ақыры соңында кісі қолынан ажал құшты.

Сонымен қатар, 30 қаңтарда Аяз ата мен Қаршақыз күні тойланады. Аңызға сүйенсек, көптеген ғасыр бұрын Аяз құдайы өмір сүрген, оның әйелін Қар патшайымы деп атапты. Үріп ауызға салғандай сұлу қыздарының есімі – Қаршақыз. Халық ертегілерін еске алсақ, Қаршақыз Аяз атаның қызы емес, немересі ретінде сипатталады. Баяғы заманда дәл осы күні ақсақалдар Аяз ата мен Қаршақыз туралы ертегілер мен аңыз-әңгімелер айтатын болған. Ең көп тараған аңыздардың бірі бойынша Қаршақыз қарапайым жігітке ғашық болады, бірақ көктем келіп, Солтүстікке ұшар кезде ол сапарға шығудан бас тартқан екен. Күн көзі жылынып, жердің бетін қыздыра бастаған сәтте, бойжеткен де еріп кетеді.

Бұдан бөлек, бүгін – Дүниежүзілік Анастасия ханшайымның күні. Бұл айрықша мереке патша отбасын атып өлтіруге қатысты жұмбақ оқиғалардан туындаған. Болжамдардың біріне сүйенсек, Николай ІІ патшаның кіші қызы Анастасия аман қалып, шекара асып кеткен екен. Фильмдер, кітаптар, мюзиклдер мен Дисней мультфильмінің арқасында ХХ ғасырда ханшайымның есімі аңызға айналды. Шыны керек, бұған 60 жыл бойы ханшайыммын деп келген әйелдің "зор үлесі" тиді. Оның есімдері өте көп еді: фрейляйн Унбеканнт (Жұмбақ ару), Чайковская ханым, Анна Андерсон, Анастасия Мэнахан.

Патша отбасының кей туыстары әйелдің ханшайым екенін мойындады. Кейбіреуі қабылдаудан бас тартып, сот талқылауы ұзақ жылдарға созылған. Өмірден озғаннан кейін әйелдің шығу тегі ешқашан анықталмайтындай көрінді. Бірақ ғылыми прогрестің арқасында Анна Андерсонның орыс патшасының отбасына ешқандай туыстық қатысы жоқ екені белгілі болды. Соған қарамастан әдемі аңызды ешкім ұмытар емес. Осы мерекені арқасында жастар Қазан төңкерісі кезіндегі сұмдық оқиғаларды ешқашан жадынан шығармайды.

30 қаңтарда әлемде болған тарихи оқиғалар

1894 жылы шойбалға патенттелді;

1930 жылы КСРО-да әлемдегі алғашқы радиозонд ұшырылды;

1931 жылы Лос-Анджелесте Чарли Чаплиннің "Үлкен қаланың шамдары" (Огни большого города) үнсіз фильмінің тұсаукесері болды;

2003 жылы Бельгияда бір жынысты неке заңдастырылды.

30 қаңтарда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1934 жылы Шымкент қорғасын зауыты пайдалануға берілді;

1976 жылы Маңғыстау облысының Бозашы түбегінде Қаламқас кен орны ашылды;

1992 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрамына кірді.

2011 жылы Астанада "Қазақ елі" монументі алдында Азиада-2011 алауы жанып, эстафета басталды.

30 қаңтарда әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1882 жылы АҚШ-тың 32-ші президенті, ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әлемдік оқиғалардың негізгі тұлғаларының бірі, АҚШ-ты әлемдік экономикалық дағдарыс пен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде басқарған Франклин Рузвельт дүниеге келді. Екі мерзімнен астам уақытқа сайланған жалғыз америкалық президент;

1900 жылы кеңестік композитор және дирижер, музыкалық педагог, фильмдерге арналған музыка мен әндердің авторы Исаак Дунаевский дүниеге келді. РКФСР халық әртісі (1950). Екі рет Сталин сыйлығының лауреаты атанған;

1923 жылы кинорежиссер, сценарист, актер Леонид Гайдай дүниеге келді ("Самогонщики", "Операция "Ы" и другие приключения Шурика", "12 стульев", "Иван Васильевич меняет профессию" фильмдері);

1930 жылы америкалық актер, екі рет "Оскар" сыйлығын иеленген Джин Хэкмен дүниеге келді ("Мемлекет жауы", "Мексика азаматы", "Сұлулар" фильмдері);

1938 жылы Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті Ислам Каримов дүниеге келді.

30 қаңтарда Қазақстанда кімдер дүниеге келген

1914 жылы жазушы Саттар Ерубаев дүниеге келді;

1945 жылы ақын Жұматай Жақыпбаев дүниеге келді;

1963 жылы "Казахстанская правда" газетінің шеф-редакторы Сергей Волков дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Мерген белгісінде орналасады. Өзіңізді біртүрлі енжар сезінесіз, ренжуге де, қуануға да зауқыңыз соқпайды. Сол себепті бұл күні отбасыңызбен демалып, ыстық шоколад ішіп, жақсы бір фильм көргеніңіз жөн.

Жаңалықтар
0