Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 22 наурыз

© Sputnik / Владислав Воднев22 наурыз - күнтізбе
22 наурыз - күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесіндегі 81-ші күн. Жыл соңына дейін 284 күн қалды

22 наурызда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің қалай есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

            22 наурызда қандай қызықты оқиға болды

22 наурызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы тойланады. Ол көктемде күн мен түннің теңелген шағына сәйкес келеді, Орта Азияны мекендейтін халықтардың Жаңа жылы. Мыңдаған жылдан бері тойланып келе жатқан Наурыз парсы тілінен аударғанда "жаңа күн" дегенді білдіреді. 2010 жылдың 10 мамырында БҰҰ Бас ассамблеясы 21 наурызды "Халықаралық Наурыз күні" деп атап өту туралы шешім қабылдады. 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн тойланады: 21-23 наурыз аралығы. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын тойлауды бүкіл ел болып, әсіресе жастар жағы түгел жиналып таңды қарсы алудан бастайтын. Бұл мерекеде тазаланған арықтарға су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізген. Ұлыстың ұлы күнінде қазақ халқы түрлі ұлттық ойындар ойнап, ән салып, би билеп қана қоймай, ақындар айтысы, "Қызғалдақ" мерекесі, қазақша күрес, бәйге ұйымдастыратын. Ал кешке қарай "Алтыбақан" маңына жиналып, сауық құрған екен.

Сонымен қатар, бүгін әлемдегі бүкіл такси шопыры кәсіби мерекесі – Халықаралық таксист күнін тойлап жатыр. 1907 жылы дәл осы күні Лондон көшелерінде арнайы есептеуіш орнатылған алғашқы көліктер пайда болды. Лондондық шопырлар есептеуішке "таксиметр" деп ат қойса керек, француз тілінде "такс" сөзі ақы дегенді білдіреді, ал "метрон" грек тілінен аударғанда өлшеу деген сөз. Содан бері жеке қалалық көлікті такси деп атап кетіпті, ал шопырлар – таксистер. Лондондағы алғашқы такси көліктері жасыл және қызыл түсті болатын. Ал осы көлікке сары түстің меншіктеліп кеткеніне Hertz Corporation компаниясының негізін қалаушы Джон Хертц (John Hertz) себепші болған көрінеді.

Сондай-ақ, бүгін – Дүниежүзілік су ресурсы күні. 1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында қоршаған ортаны қорғау бойынша өткен БҰҰ конференцисында бүкіл әлемде Су ресурсы күнін атап өту идеясы алғаш ұсынылды. БҰҰ Бас Ассамблеясы 1993 жылы 22 ақпанда қабылдаған шешім бойынша Дүниежүзілік су ресурсы күні 22 наурыз болып жарияланған. Сол сәттен бері бұл мереке әлем бойынша тойланып жүр.

Оған қоса, бүгін – Дүниежүзілік "түк бітірмеу" күні. Мерекені жұмыссыздық бойынша ұйым 2010 жылы қабылдапты. Бұл мейрамды қолы бос, ерігіп жүргендердің бәрі өз ниетіне байланысты тойлайды екен. Ара-тұра жалқаулығыңыз ұстап кететін әдетіңіз болса, бүгін дәл соның орайы келіп тұрған сияқты.

Бұдан бөлек, бүгін тағы бір оғаш мереке аталып өтеді – Маскүнем күні. Бұл мерекені ішімдікке құмар жандар тойлайды. Назар аударыңыз, маскүнемдік – өте жаман ауру, сондықтан мейрамды арақ-шараппен атап өтуге болмайды.  Зерттеушілер анықтағандай, алкоголь ішкеннен кейін адам миының қауіп-қатерді сезуге және белсенділікке жауап беретін бөлігінің қызметі төмендеп қалады екен.

            22 наурызда әлемде болған тарихи оқиғалар

1882 жылы АҚШ Конгресі көп әйел алуға тыйым салды;

1902 жылы Британия мен Персия Еуропа мен Үндістанды телеграф желісі арқылы байланыстыру туралы шартқа қол қойды;

1904 жылы Лондонның "London Daily Illustrated Mirror" газетінде әлемдегі алғашқы түрлі түсті фотография жарық көрді;

1995 жылы ғарышкер Валерий Поляков ғарышта өмір сүру бойынша әлемдік рекорд орнатып, Жерге оралды (437 күн 18 сағат).

            22 наурызда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1993 жылы Павлодар қаласында "Ватан" әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы пайда болды;

1995 жылы "Азық-түлік корпорациясы" мемлекеттік компаниясының негізі қаланды;

2005 жылы Астанада президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ислам мәдени орталығының ашылу салтанаты өтті.

            22 наурызда әлемде дүниеге келген тұлғалар

1958 жылы ресейлік музыкант, "Браво" тобының бұрынғы әншісі Валерий Сюткин дүниеге келді;

1961 жылы кеңестік және ресейлік музыкант, актер, радио және тележүргізуші, продюсер Александр Цекало дүниеге келді;

1976 жылы америкалық актриса, "Оскар", "Алтын глобус" және BAFTA жүлделерінің иегері Риз Уизерспун дүниеге келді ("Жестокие игры", "Выскочка", "Блондинка в законе", "Переступить черту" фильмдері);

1990 жылы ресейлік театр және кино актері Виктор Хориняк дүниеге келді. "Кухня" телехикаясындағы бармен Костяның рөлін сомдап, кең танымалдыққа ие болған.

            22 наурызда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1902 жылы әйгілі жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, әдеби сыншы, аудармашы Ғабит Мүсірепов дүниеге келді. Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, социалистік еңбек ері, ҚР халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының Абай және Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтарының иегері;

1926 жылы актер Мәкілқожа Құланбаев дүниеге келді. Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері;

1949 жылы әнші әрі жазушы Жәнібек Кәрменов дүниеге келді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері;

            Ай күнтізбесі

Ай Таразы белгісінде орналасады. Бұл күтпеген кездесулер мен кездейсоқ таныстықтар күні, ақкөңіл болсаңыз, сізге жақсылық қана тілейтін адал достар жаныңыздан табылады. Бұрынғы ғашыңызбен кездесіп, қайталанбас сезімге толы сәттерді еске түсіруіңіз ғажап емес.

Жаңалықтар
0