13:36 18 Тамыз 2019
Тікелей эфир
  • USD386.82
  • EUR428.67
  • RUB5.86
Куляш Байсеитова

Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз

© Photo : Центральный государственный архив звукозаписи РК
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (79)
1901 0 0

Қазақтың бұлбұлы Күләш Байсейітованың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақ операсының негізін қалаған Күләш Байсейітованың туғанына биыл 107 жыл толып отыр

Өмірбаяны

Күләш Жасынқызы Байсейітова 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлбаһрам, қыз кезінде тегі Бейісова болыпты. Бала кезде анасы Зибажан оны еркелетіп "Куля" дейді екен, осылайша ол Күләш атанып кеткен.

"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото

Әкесі Жасын етікші болған кісі, жиын-тойларда қолына домбыра алып, ән салып, серілік құрған. Әкесінен естіген ән-жырларды жаттап алып, алдына жан салмай айтып жүрген Күләштің музыкалық дарыны жастайынан танылған.

Анасы Зибажан Айдарханқызы ажарлы, әнші, ұлттық қолөнер шебері болған кісі. Әлдебір себептермен анасы Зибажан Алматыда қыздарымен бөлек тұрған. Тұрмыс тауқыметін тартып, әбден тарыққан ана Күләшті интернатта оқытқан.

1925-1928 жылдары Алматы педагогикалық техникумында білім алады. Оқу орнының қабырғасында жүріп-ақ түрлі байқаулар мен концерттерге қатысып, әншілік өнерді тастамайды. 1929 жылы дарынды бойжеткен Қызылордадан Алматыға көшіп келген қазақтың тұңғыш драма театрына қабылданады. Музыкалық білімі болмаса да, Құдай берген талантымен тез мойындалады.

Күләш сахна өнерінің қыр-сырына қызыға ден қойып, көп кешікпей театрдың белді әртістерінің қатарынан көрінеді, Аз уақыт ішінде Майлиннің "Майдан" пьесасында Пүліштің, Гогольдің "Үйлену тойындағы" Агафия Тихонованың, Тригердің "Сүңгуір қайығындағы" Клавдияның, Әуезовтің "Еңлік-Кебегіндегі" Еңліктің рөлдерін сомдап, сахналық тамаша қабілетімен көптің қошеметіне бөленеді.

Образдардың табиғатын тап басып танып, оны шынайы шеберлікпен жеткізе білуі, кейіпкер болмысын аша түсуі Күләштің сахна өнері үшін жаралған жан екенін әйгілей түсетін.

17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер

1934 жылы Қазақ музыка театрының шымылдығы "Айман-Шолпан" музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рөлді асқан шеберлікпен сомдап, Айман бейнесін асқақтап жіберді.

Өнерсүйер қауым "Қазақтың бұлбұлы" деп өз атағын берді. Ал 1934 жылы ресми түрде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі деген бірінші құрметті атағын алды.

24 жасында КСРО Халық әртісі атанған Күләш

1936 жылы бір топ өнер қайраткері қазақ мәдениетінің онкүндігін өткізу үшін Мәскеуге аттанады. Олардың арасында күміс көмей, бұлбұл үнді әнші Күләш Байсейітова да бар еді. Қазақтың бұлбұлының өнерін Үлкен театрда Сталиннің өзі тамашалайды. Сталин "операны грузиндерден де жақсы айта алатын қазақтың қызы бар екен-ау" деп, оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалапты. Сөйтіп Байсейітоваға Палиашвилидің "Даиси" операсындағы Мароның рөлін ұсынған. Саханаға шығудан еш қорықпаған Күләш осы партияны орындаған кезде біраз әбіржіген екен.

Дәл сол уақытта Күләштің абыройы әлемге асқақтап, 24 жастағы әнші КСРО Халық әртісі атағына ұсынылады. "Халық әртісі" атағы берілген жылдар ішінде оны иеленген ең жас әртіс осы Күләш болған.

Бұған қоса, 1947 жылы концерттік-орындаушылық қызметі үшін екінші дәрежелі Сталин жүлдесімен марапатталған. Ал араға бір жыл салып "Біржан-Сара" операсында басты партияны орындағаны үшін тағы да дәл осы марапатты иеленеді.

Қазақтың бұлбұлы қандай жан еді?

Менмендік, тәкаппарлық Күләштің табиғатына жат еді. Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев Күләш жайлы былай деген еді: "Өмірге ғашық адам  еді Күләш. Сондай дарынды, анасының ішінде жатқанда қонған, дарыған ғой бұл дейтінбіз...".

Ашық, ақжарқын, адал жан болатын. Үнемі көңілді жүретін, кек сақтамайтын, өкпе-реніші де ұзаққа созылмайтын.

Күләш Байсейітова – сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласын әнімен әуелетіп, сарбаздарды жігерлендірген, басын қатерге тігуге қаймықпаған қайсар да дарынды өнер иесі.

Белгілі композитор Ахмет Жұбанов Күләшті ең алғаш көргені жайлы былай дейді: "Қазақ драма театрының күндізгі репетициясынан кейін фойеде тұрған маған үстінде қара жібек көйлегі бар, бойы ортадан жоғары, шашы тілерсегінен түскен жас келіншек келіп амандасты. Жүріс-тұрысы, киім киісі, бет-пішіні адамды өзіне еріксіз қаратқандай" деп суреттейді.

Депутат Күләш

Күләш Байсейітова үйде ана, түзде саясаткер, ал сахнада әнші болған біртуар тұлға. Әншінің қайраткерлік еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді.

Бибігүл Төлегенованың өмірбаяны

1938 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Депутаттық қызметін өмірінің соңына дейін жалғастырған. Сондай-ақ, 1940 жылы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің, ал 1951 жылы Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне енді.   

"Депутат болған кезде, анама өңір-өңірден мұқтаж жандар келіп, мұңын шағатын. Бірі үй, енді бірі ақша сұрайды. Анам ешқайсының бетін қаққан емес, қолдан келген көмегін аянып қалмады",- деген еді сұқбаттарының бірінде әншінің қызы Қарлығаш Байсейітова.

Депутат болып жүрген уақытта Күләш Байсейітова қазақ мәдениетін көтеру, жаңа оқу орындарын ашу, соғыс мүгедектеріне жағдай жасау, жастарды оқыту, жас отбасыларға көмек көрсету сияқты мәселелерге ерекше назар аударған.

Күләштың жанын жаралаған домалақ арыз

Күләш Байсейітованы жат жұртқа танытқан туындының тағы бірі – Пуччинидің "Чио-Чио-сан" операсындағы Мадам Баттерфлейдің партиясы. Қытайдың сол замандағы үкімет басшысы операны орындаған қазақ қызының өнеріне тәнті болып, оны Пекинге шақырады. Алайда Күләштің сахнада бірге жүрген әріптестерінің көре алмаушылығы мен қызғанышы әншінің барлық жоспарын бұзады. Дәм-тұздас болып жүрген достары, бас-аяғы алты адам арыз жазып, "ішеді, жүрісі бар" деп нақақтан-нақақ жала жапқан. Бұл кезде әншінің концерттік киімдеріне дейін тігіліп, Пекинде афишасына дейін ілінген еді.

Осылайша тағдырдың ең ауыр соққысын достарынан көрген Күләш Қытайға гастрольдік сапармен бара алмай қалады. Десе де, Күләштің өнеріне тәнті болған Қытай халқы қазақтың бұлбұлына қыштан, фарфордан, керамикадан жасалған бес түрлі құмыра сыйлап жіберген екен.

Кезінде Күләш Байсейітованың өмірден ерте өтуіне осы домалақ арыз себеп болды деген де болжам айтылды.

Күләш Байсейітованың отбасы

Әншінің қыз кезіндегі тегі Бейісова болғанын жоғарыда айтқан едік. Күләш 1933 жылы әнші, актер Қанабек Байсейітовпен бас қосып, шаңырақ көтергеннен кейін күйеуінің тегін алған. Қанабек Байсейітов – Қазақ музыка театрының негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі.

Мақпал Жүнісова туралы не білеміз?

Күләш Байсейітова үш қызды өмірге әкелді. Үлкені Құралай 1974 жылы 38 жасында қайтыс болды. Ортаншысы – Қарлығаш (1940). Ал кіші қыздары Қаршыға бес жасында балабақшада астан уланып көз жұмған.

Кенже қызының өлімі әншіге өте ауыр тиді. Осыдан кейін денсаулығы сыр беріп, қан қысымы көтеріліп кете беретін болған. Қайғыдан қара жамылған ана сіңлісі Райханның жаңа туған қызы Раушанды бауырына басқаннан кейін барып қана есін жияды.

1947 жылы туған Раушан Байсейітова – балет әртісі, Қазақ КСР халық әртісі.

Күләш Байсейітова 1957 жылдың 6 маусымында Мәскеуге барған сапарында небары 45 жасында дүниеден өтті. 

Тақырып:
Өмірбаяндар (79)

Тақырып бойынша

Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов жайлы не білеміз?
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы не білеміз?
Шота Уәлиханов 87 жаста: Елтаңбаның авторы туралы не білеміз?
"Айыбым – тірі қалғаным" "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанова туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
депутат, КСРО халық әртісі, өмірбаян, әнші
Загрузка...

Басты тақырып