13:02 23 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.70
  • EUR427.15
  • RUB6.06
Абайдың ескерткіші

Абайдың қара сөздері (31-45)

© Sputnik / Анатолий Устиненко
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
57 0 0

Абай Құнанбайұлының қара сөздерін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Абайдың 31 (отызыншы бірінші) қара сөзі

Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші — сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші — сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

Абайдың 32 (отызыншы екінші) қара сөзі

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен  табылмас.

Тағы оқыңыз: Тоқаев: Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өтеміз

Әуелі – білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.

Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі.  Шала мейір шала байқайды.

Тағы оқыңыз: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер

Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хусідшілікті зорайтады, адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық, мақтаншақтық, хусідшілік бойын жеңсе, ондай адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден  де  қашық болмайды.

Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?

Төртінші – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі - мұлахаза қылу, екіншісі - берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген   төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар, жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі, құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың – бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде  бұлар болмайды.

Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!

Абайдың 33 (отызыншы үшінші) қара сөзі

Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады.

Әуелі — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.

Екінші – ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, "маған мал жоқ па?" дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады.

Үшінші – "дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым", немесе "ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!" дегенде "маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін" деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.

Тағы оқыңыз: Назарбаев: жаңа әліпбимен Абайдың қара сөздерін күнде жазамын

Төртінші – тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз болып, тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, және жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айрылып, "жоғары шыққа" қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен. Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатұғыны қалай?

Абайдың 34 (отызыншы төртінші) қара сөзі

Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады, жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп, бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді. Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?

Тағы оқыңыз: Қазақтың танымал тұлғаларының есімі қандай мағынаны білдіреді?

Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес. Енді ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен! Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса, кең құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді-дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп, нануға бола ма?

Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің – бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың – бәрі бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың – бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек, ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр "ой, тәңір-ай!" деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?

Абайдың 35 (отызыншы бесінші) қара сөзі

Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.

Дүние үшін болғандарға айтар дейді: "Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?" деп.

Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: "Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!" - деп айтар дейді.

Абайдың 36 (отызыншы алтыншы) қара сөзі

Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: "мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу" деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: "ұят кімде болса, иман сонда" деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық.

Тағы оқыңыз: Халықаралық валюта қорының басшысы Абайдың сөзіне құлақ асуға үндеді

Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. "Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады" дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді.

Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.

Тағы оқыңыз: "Қазақтанып барасыңдар деп күлді": Абай тілін меңгерген мәскеулік арулардың әңгімесі

Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. "Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?" дейді. Я болмаса "Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?" дейді. Немесе "пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?" деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!

Абайдың 37 (отызыншы жетінші) қара сөзі

Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.

Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.

Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.

Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.

Әкесінің баласы – адамның дұшпаны.

Адамның баласы – бауырың.

Ер артық сұраса да, азға разы болады.

Ез аз сұрар, артылтып берсең де, разы болмас.

Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.

Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.

Адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.

Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім.

Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды?

Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?

Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны.

Қуанбақтық пен бақ – мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ к...н ашпайтұғын ақылы бойында қалады.

Егер ісім өнсін десең, ретін тап

Биік мансап – биік жартас

 

Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,

Екпіндеп ұшып қыран да шығады;

Жікшіл ел жетпей мақтайды,

Желөкпелер шын деп ойлайды.

 

Дүние – үлкен көл,

Заман – соққан жел,

 

Алдыңғы толқын – ағалар,

Артқы толқын – інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер.

 

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық;

Сақалын сатқан кәріден

Еңбегін сатқан бала артық.

 

Тоқ тіленші – адам сайтаны,

Харекетсіз – сопы монтаны.

 

Жаман дос – көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың.

 

Досы жоқпен сырлас,

Досы көппен сыйлас;

Қайғысыздан сақ бол,

Қайғылыға жақ бол.

 

Қайратсыз ашу – тұл,

Тұрлаусыз ғашық – тұл,

Шәкіртсіз ғалым – тұл.

 

Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң – өзің ғана тілейсің.

Абайдың 38 (отызыншы сегізінші) қара сөзі

Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады - ешбір бәһра болмайды.

Тағы оқыңыз: Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы туралы не білеміз?

Ол қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа да қиянатпенен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамдығының кәмәләт таппағы – қиынның қиыны. Себебі алла тағала езі – хақиқат, растықтың жолы. Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол - алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол алланың өзіне ғашықтық. Ғылым - алланың бір сипаты, ол - хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен  ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.

Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Енді хақиқат сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты ықыласты құлағыңды қой. Әуелі дін исламның жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін. Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уә құранның оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм оның тарапынан елші екендігіне инандың.

Тағы оқыңыз: "Ол мені қорғап қалды" Дінмұхамед Қонаев туралы не білеміз?

Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек. Сіз "Әмәнту биллаһи кәмаһуә би әсмайһи уасифатиһи" дедіңіз. Ол есім аллалар һәмма ол алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары не деген сөз, кәміл үйрен. Өзіңді оның құлы біліп, өзіңе муслим ат қойып, тәслим болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ - дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін алла тағаланың сипаттары: Хаят, Ғылым, Құдірет, Басар, Сәмиғ, Ирада, Кәлам, Тәкин. Бұл сегізінен алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты. Жә, біз өзіміздің бойымыздағы сегіз зәррә аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма? Болмаса керек. Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғлымызды ертпек неменен табылады, қалайша табылады, оны білмек керек. Ол - алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла қиын болады. Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім ақыл ерістіре алмады. Алла тағала - өлшеусіз, біздің ақылымыз - өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз алла тағала "бір" дейміз, "бар" дейміз, ол "бір" демеклік те - ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол "бір" демеклік те алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың ішінде не нәрсенің ужуді бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске айтылатұғын бір қадимге тағриф   болмайды.   Ол   "бір"  деген   сөз   ғаламның   ішінде,   ғалам   алла тағаланың ішінде, құдай табарака уатағала кітаптарда сегіз субутия сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз Әсмаи хұсналар бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы алла тағаланың затия субутия уә фиғлия сипаттары дүр. Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі - ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы - бұларға шарх. Ол алтауының бірі - хаят, яғни  тірлік.

Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты - мағлұм, бірі - ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымының бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді? Алланың сөзі - қаріпсіз, дауыссыз. Енді олай болса, айтқандай қылып білдіретұғын құдіреті және басар, сәмиғ, яғни көруші, есітуші деген. Алла тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпенен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты. Бірі - тәкуин, яғни барлыққа келтіруші деген сөз. Егер барлыққа келтірмегі бір өз алдына сипат болса, алла тағаланың сипаты өзіндей қадім, һәм әзали һәм әдәби болады да, һәмишә барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші болуға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ол ықтиярсыздық алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі - құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдіретте ешбір ниһоятсіз, ғылымында ғафләт, құдіретінде епсіздік және нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына қарап білесіз. Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді. Бірақ пендесінде ақыл - хүкімші, қайрат, қуат - қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: алла тағаланың сипатында солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет - біздің ұғуымызға ғана екі хисап болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса сипаттар өз орталарында бірі тәбиғ, бірі матбуғ болады ғой. Бұл болса, тариф раббыға жараспайды. Сегіз сипат қылып және ол сипаттар "Лағаиру уәлә һуә" болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттарды әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифақпенен құдай болған болады. Бұлай деу батыл, бір ғана құдірет пендеде болған қуат; құдірет ғылым ақылдан басқа болатұғын, алла тағалада болған құдірет - ғылым һәм рахмет. Ол – рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, алла тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур, Уадуд, Хафиз, Сәттар, Раззақ, Нафиғ, Уәкил, Латиф деген есімдеріне бинаһи бір ұлығ сипатынан хиссаптауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия дәлелім - жоғарыдағы жазылған алла тағаланың есімдері. Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайдаланатұғын ақылды инсанды  жаратыпты.

Тағы оқыңыз: Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

Хайуандарды асырайтұғын жансыздарды еті ауырмайтын қылып, жан иесі хайуандарды ақыл иесі адам баласы асырайтын қылып, һәм олардан махшарда сұрау бермейтұғын қылып, бұлардың һәммасынан пайда аларлық ақыл иесі қылып жаратқан. Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар. Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар секілді тамақты өз басымен алғызбай, ыңғайлы екі қолды басқа қызмет еттіріп, аузына қолы ас бергенде, не ішіп, не жегенін білмей қалмасын деп, иісін алып ләззаттанғандай қылып, ауыз үстіне мұрынды қойып, оның үстінен тазалығын байқарлық екі көз беріп, ол көздерге нәзіктен, зарардан қорғап тұрарлық қабақ беріп, ол қабақтарды ашып-жауып тұрғанда қажалмасын деп кірпік жасап, маңдай тері тура көзге ақпасын деп, қаға беруге қас беріп, оның жүзіне көрік қылып, бірінің қолынан келместей істі көптесіп бітірмекке, біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе? Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін - һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе жоқ, бәрі - адам баласына таусылмас азық.

Каир қаласында Абай ескерткіші ашылды
© Photo : Министерство иностранных дел Республики Казахстан
Миллион хикмет бірлән жасалған машина, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббат бірлән адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе? Адам баласы қанағатсыздықпенен бұл хайуандардың тұқымын құртып, алдыңғылар артқыларға жәбір қылмасын деп, малды адам баласының өзінің қызғанышына қорғалатып, өзге хайуандарды бірін ұшқыр қанатына, бірін күшті қуатына, бірін жүйрік аяғына сүйентіп, бірін биік жартасқа, бірін терең тұңғиыққа, қалың орманға қорғалатып, һәм әрбірін өсіп-өнбекке құмар қылып, жас күнінде, кішкене уақытында шафғат, сәхәріменен бастарын байлап, қамқор қылып қоймақтығы – адам баласына өсіп-өніп, теңдік алсын емес, бәлки, адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік. Жә, бұл хикметтерінің һәммасын һәм мархамат, һәм ғадаләт заһир тұр екен. Біз ортамызда бұл мархамат, ғадаләтті иманның шартынан хисап қылмаймыз, оның үшін муслим болғанда, алла тағалаға тәслим болып, оның жолында болмақ едік, болғанымыз қайсы? Бұл екі ай мен күннен артық мағұлым тұрған жоқ па? Фиғылы құданың ешбірін де қарар қылмаймыз, өзгелерде болғанын жек көрмейміз, өзіміз тұтпаймыз, бұл қиянатшылық емес пе? Қиянатшылыққа бір қарар тұрған адам - я мұсылман емес, ең болмаса шала мұсылман. Алла табарака уатағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді. "Тәфаккару фиғла иллаһи"деген хадис шарифтің "инналаһу йухиббул муқситин" деген аяттарға ешкімнің ықыласы, көңілі менен ғылымы жетіп құптағанын көргенім жоқ. "Әтәмурун әннәсә билбирри уәәхсәну инналаһу йухиббул мұхсин", "уәлләзинә әмәну уәғәмилу салихати улайна асхабул жәннәти һәм фиһа халидун" деген аяттар құранның іші толған ғамалус-салих не екенін білмейміз. "Уа әммәлзина амәну уәғамилус саликати фәйуәффиһим ужурәһум уаллаһу лә йүхиб-буз-залимин" аятына қарасаң, ғамалус-салих залықтықтың зидды болар. Олай болғанда ғадаләт рафғат болуға кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның хаясы жоқ, кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ деген, пайғамбарымыздың салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифі "мән-лә хаяун лаһу" деген дәлел дүр. Енді белгілі, иман құр инанышпенен болмайды, ғадаләт уа рафғат бірлән болады. Ғамалус-салих ғадаләтті уә мархамәтті болмақ күллі тән бірлән қылған құлшылдықтардың ешбірі ғадаләтті, мархаматты бермейді. Көзің күнде көреді намаз оқушы, ораза тұтушылардың не халәттә екендіктерін, оған дәлел керек емес. Бәлки ғадаләт барша ізгіліктің анасы дүр. Ынсап, ұят - бұл ғадаләттен шығады. Оның үшін ғадаләті адамның көңіліне келеді: мен өз көңілімде халық менімен, сондай-мұндай қылықтарымен мұғамәла қылса екен деп ойлап тұрып, өзім сол халықтармен мұғамәла қылмағандығым жарамайды ғой деп, сол езі әділет те және нысап та емес пе? Ол һәмма жақсылықтың басы емес пе? Жә, олай хұлық пенен сол ойды ойлаған  кісі халлақыны шүкірді неге ойламасын?

Тағы оқыңыз: Назарбаев: Домбыра – қазақтың бренді мен паспорты

Шәкірліктен ғибадаттың бәрі туады. Енді зинһар ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һаммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдән жүз фәрдә бижай дегені басыңа келеді. Енді біздің бастағы тағриф бойынша құдай тағала ғылымды, рахымды, ғадаләтті, құдіретті еді. Сен де бұл ғылым, рахым, ғадаләт үш сипатпенен сипаттанбақ: ижтиһатің шарт еттің, мұсылман болдың һәм толық инсаниятың бар болады. Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат бірлән болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл - бұл үшеуінен сиддиқ ғадаләт болар, кәрәм шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойында алла табарака уатағала тәхмин бар қылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек жәһәтінде болмақ. Бұлар - ез иждиһадің бірлән ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ. Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды - пайғамбарлар, онан соң - әулиелер, онан соң - хакімдер, ең ақыры - кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ, өзін құл біліп, бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті әулиелерге, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи пайдасын ғана күзетті. Ғашықтары сол халге жетті, дүниені, дүниедегі тиерлік пайдасын ұмытты. Бәлки, хисапқа алмады. Хакімдер дүниеде тиетін пайдасын сөйледі, ғибрәт көзімен қарағанда, екеуі де бірінен-бірі көп жырақ кетпейді. Оның үшін әрбірінің сөйлеуі, айтуы басқаша болса да, алла тағаланың сұңғатына қарап пікірлемектікті екеуі де айтты. Пікірленбек соңы ғибраттанбақ болса керек. Бұл ғақыл, ғылым - екеуі де өзін зорға есептемекті, залымдықты, адам өзіндей адамды алдамақты жек көреді. Бұл ғадаләт һәр екеуі де мархаматты, шапағатты болмақтықты айтып бұйырды, бұл рақым болса керек. Бірақ менің ойыма келеді, бұл екі таһифа әр кісі өздеріне бір түрлі нәпсісін фида қылушылар деп. Яғни, пенделіктің кәмәлаты әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып һу деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Хәрами, макруһи былай тұрсын, құдай тағаланың қуатыменен, ижтиһад ақылыңменен тауып, рахатын көрмегіне бола жаратқан, берген ниғметтеріне, онан көрмек хұзурға суық көзбен қарап, ескерусіз тастап  кетпек ақылға, әдепке,  ынсапқа дұрыс  па?

Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаевтың өмірбаяны

Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың  ба?  Екінші - бұл  жолдағылар  қор  болып,  дүниеде  жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі - хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән - мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол - бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир, бұған ғылымның да зоры, сиддиқ, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы - қиынның қиыны, бәлки, фитнә болар.

Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек - адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады. Құдай тәбәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық-мағшұғлыққа халик бірлән махлұқ ортасы мунәсибәтсіз, алла тағаланың пендесін махаббат уа мархамат бірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарыменен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін  таппақпенен  ләззаттанады.

Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы - осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі - дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. Әддүния мәзрәгәтул-ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады. Бұл хакімдерден мұрат - мұсылман хакімдері, болмаса ғайри діннің хакімдері - әгәрше фатлубни тәжиду-ни делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына жете алмағандар. Бұлардың көбі - иманның жеті шартынан, бір алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүнкір болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфагу н-нас деген. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уахсусан адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі - баршасы нафиғлық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ.

Тағы оқыңыз: "Бас жарып, көз шығару емес". Жүрсін Ерман айтыстың негізгі мақсатын түсіндірді

Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады "һай-һой!" менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік - адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты - хақ, хақтың бір аты - алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек. Мұндай фиғылдардан күпір қаупі де бар. Және пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар "бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар" деп сұрағанда: оның патуасын сол заманның  ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тәхсилғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда мектеп харбия, мектеп рушдиялар салынып, жаңа низамға айналған. Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады.  Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады.

Дүниенің мәғмурлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық — бір үлкен зарарлы надандық, ол құранда сөгілген; дүниеде кімде-кім өзіне өзгешелік бермек қасады бірлән малға махаббатын аударған дүние болмаса, ихсанда қолым қысқа болмасын деп һәм өзім біреуге тамғылы болмайын деп, малға махаббатын аудармай, ізгілікке бола халал кәсіп бірлән тапқан  дүние  емес.

Тағы оқыңыз: Қазақ киносының саңлағы Шәкен Айманов туралы не білеміз?

Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ - қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Моллалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар - фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені - надандар, сөйлегені - жалған, дәлелдері - тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе  жоқ.

Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса - өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол - құданың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ  үміт   бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға "бәрекелді" дегізбек. "Осындай болар ма едік" деп біреулер талаптанар, біреулер "осындай бола алмадық" деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен  өсер.

Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды - әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ.

Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі! Әуелгісі - әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

Екіншісі - өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Үшіншісі - қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.

Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі - мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы  көңілге талап  салады.

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшінші - залымдық деп  білесің.

Надандық - білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз  біліп  болмайды.

Білімсіздік хайуандық  болады.

Еріншектік - күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық,  кедейлік - бәрі осыдан  шығады.

Залымдық - адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан  бөлінеді, бір жыртқыш хайуан  қисабына қосылады.

Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын  байқарлық білімі, ғылымы  болсын... Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес.  Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес.

Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат -батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.

Тағы оқыңыз: Иманғали Тасмағамбетов туралы не білеміз?

Менің хаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, ишараттан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені - намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шұруғ қылмақ, ол таһараттың алды истинжа еді. Мұны бір берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіхпенен бітуші еді, бұлар һәммасы болмаса көбі ишарат еді. Истинжада к...іңізді жуа-сыз, сіздің к...іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа иіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде аллаға дұға айтамын  деп  әзірленесіз.

Енді намаздың аты - салауат, дұға мағынасында деген:

Аяқта, мойында болған мәсхлар - ол жумақ емес, өздері де жуулы  деп  көрсеткен  ишараты.

Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз - егер алла тағаланы жоғарыда деп, мәкән исфат етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни  құтыларлық жәрдемдерінің ишараты*.

Онан соң қиямда тұрып қол бағламақ - құл қожа алдында тұрмақ - бұқара патша алдында тұрғаннан артық алланың қадірлігіне өзінің ғажиздығына ыкрарының беріктігін  көрсеткен  ишараты.

Қыбылаға қарамақ - әрине, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.

Онан соң қира әт, яғни сураһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.

Руқүғ бас ұрмақ - алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.

Сәжделер - әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі - және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне  ықырарының  ишараты.

Қағадат ул-ахир - дұғаның ақырында аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп  һәм рахмет тілеп  бітіресіз.

Жә, бұл сөзден  не  ғибрәтлендік?

Абайдың 39 (отызыншы тоғызыншы) қара сөзі

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Тағы оқыңызДулыға Ақмолда: Актер деген мамандықты төменге түсіріп жібердік...

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. "Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой", "Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің" деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Екінші мінезі - намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. "Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады" деп, "Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер деп, "Ағайынның азары болса да, безері болмайды", "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді" десіп, "Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар" десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы - пейіл емес, алдау, дұшпандығы - кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.

Абайдың 40 (қырқыншы) қара сөзі

Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.

Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?

Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айырылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?

Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?

Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, "жарықтық" деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?

Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?

Қай қазақты көрсем де, баласы жасырақ болса, оның басынан пәрмене болып жүріп, ержеткен соң суық тартатұғыны қалай?

Біреудің ағайыны торқалы той, топырақты өлімде, адалдық берекеде алысуға табылмай, барымта алалық, ұрлалық десе, табыла қоятыны қалай?

Бәйгеге ат қоссаң, атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе, бәйгесіне өкпелейтұғыны қалай?

Баяғыда біреу біреуді пален жасымда келе жатқанда пәлен жерге жеткізіп салып еді деп, соны өлгенше айта жүруші еді. Осы күнде бұл жылғы берген ендігі жылға жарамайтұғыны қалай?

Байдың баласы кедей болса, ұрлық қылуға арланбайды, байға кірісуге арланатұғыны қалай?

Тағы оқыңыз: Смағұл Елубай: Құдайын ұмытқан қазіргі қоғамнан қорқамын...

Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алыспайды. Кейбір антұрғандардың тым-ақ тату бола қалатыны қалай?

Біреуді досым деп ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның  келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай?

Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны калай?

Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде жетілсе, бағанағы  досына бір бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай?

Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Қылығының  қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?

Біреу біреудікіне келгенде үйдегі малының бәрін де айдап келіп, өз үйіне кісі барғанда бар малын далаға айдап жіберетұғыны калай?

Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай, тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?

Елді пысық билегені несі? Пысықтың бәрі кедей келетұғыны несі?

Тоқал қатын өр келетұғыны несі? Кеселді кісі ер келетұғыны несі? Кедей кісінің кер келетұғыны несі?

Нәпсісін тыйып, бойын тоқтатқан кісінің жаман атанып, нәпсісі билеп, мақтанға еріп, пәле шығарған кісі мықты атанатұғыны несі?

Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтұғыны қалай?

Абайдың 41 (қырық бірінші) қара сөзі

Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.

Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.

Екінші - ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағлым берсе, сонда түзелер еді.

Тағы оқыңыз: Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл: Халық әртісі туралы қызықты деректер

Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулет бір кісіге бітуге мүмкін де емес.

Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін де емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма - сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық!

Абайдың 42 (қырық екінші) қара сөзі

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. Пыш-пыш кеңестен қалып, бір ауылға барып, қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет жол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін "естігенім", "білгенім" деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.

Сол үшін осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, "көре жүр, көздей жүр" деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады.

Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абұйыр да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу - мақтан. Бұл екеуі қолынан келген кісі салт атты, сабау қамшылы кедей де болса, аз да болса орны төрде, майлы атқа, майлы етке қолы жетеді. Желөкпелеу, мақтаншақ байларды: "сіз айтсаңыз, отқа түсуге бармын" деп желдендіріп алып, шаруасын қылмай-ақ, малын бақпай-ақ, содан алып киімін бүтейтіп киіп, тәуір атын мініп алып, қатарлы бір құрметке жетіп жүре береді.

Ол бай өз тыныштығын да білмейді, бос шығынданғанын да ескермейді. Бір кісімен сөйлессе, "мұны қайтеміз?" - деп бағанағы антұрғанмен ақылдасады. Ол сиырдың жорғасы секілденіп, қарайғанда жалғыз өзім болсам екен дейтұғын ниетімен және де ақылдасар досы көбейсе, қадірім кетіп қалады деп ойлап: "Ой, тәңір-ай, соны білмей тұрсыз ба? Ол ана қулық қой, бұл мына қулық қой" деп, "оған бүйдей салсаң болмай ма?" деп бар оңбаған жауапты үйретіп, амалшылықтың жолын үйретем деп, ол байдың өзін кісіге сенбейтұғын қылады. Және байдың өзіне де адам сенбейтұғын болады. Байдың өз жауабы, өз мінезі оңбай тұрған соң, бағанағы кісі бұзылса, әлгі антұрған бағанағы байға: "Мен айтпап па едім, оныкі қулық сөз деп, міне, көрдің бе?" - деп, екіншіде тырп етпейтұғын қылып алады. Ендігі жұрттың ақылы да, тілеуі де, харекеті де - осы.

Абайдың 43 (қырық үшінші) қара сөзі

Адам ұғылы екі нәрседен: бірі - тән, бірі - жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби - оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы - жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы - жибили. Ақыл, ғылым – бұлар кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол - жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.

Тағы оқыңыз: Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?

Кімде-кім сырттан естіп білу, көріп білу секілді нәрселерді көбейтіп алса, ол - көп жиғаны бар адам: сынап, орындысын, орынсызын - бәрін де бағанағы жиған нәрселерінен есеп қылып, қарап табады. Бұлай етіп бұл харекетке түсінген адамды ақылды дейміз. "Құдай тағала өзі ақыл бермеген соң қайтейік?" демек, "Құдай тағала сеніменен мені бірдей жаратып па" демек - құдай тағалаға жала жауып, өзін құтқармақ болғандығы. Бұл - ойсыз, өнерсіз надан адамның ісі. Оған құдай тағала көрме, есітпе, көрген, естіген нәрсеңді ескерме, есіңе сақтама деп пе? Ойын-күлкімен, ішпек-жемек, ұйықтамақпен, мақтанмен әуре бол да, ішіңдегі қазынаңды жоғалтып, хайуан бол деген жоқ.

Кейбіреулер айтады: "Ақыл жибили болмаса да, талап - жибили. Талап берген адам ақылды тапты, талабы жоқ кісі таба алмады", -дейді. О да бекер. Талап балада да бар, оған талас қылуға болмайды. Бағана айттық қой, қуаты басында кішкене болады, ескермесе жоғалып та кетеді, ескерсе, күтіп айналдырса, зораяды деп. Жан қуатыменен адам хасил кылған өнерлері де күнде тексерсең, күнде асады. Көп заман тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдегіден бір басқа адам болып кеткеніңді білмей қаласың. Қай жоғалған өнер: "ал, мен жоғалдым" деп, хабар беріп жоғалады. Енді қусаң, бағанағы әуелгі табуыңнан қиынырақ тиеді.

Жан қуаты дейтұғын қуат - бек көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сыйғызбайды. Бірақ әрбір өнердің тыстан тауып алып, ішке салғанын, соның тамырын берік ұстап тұруға жараушы еді. Көп заман ескермеген адамнан ол бағанағы өнердің өзінің ең қызықты, қымбатты жерлері жоғала бастайды. Онан соң көп заман өтсе, сол өнерді сақтайтұғын қуаттың өзі де жоғалады. Онан соң қайта кәсіп қылуға болмайды.

Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар, зинһар, соны жоғалтып алу жарамас, ол жоғалса, адам ұғылы хайуан болды, адамшылықтан шықты.

Біреуі орысша "подвижной элемент" деп аталады. Ол не нәрсе? Не көрдің, не есіттің, әрнешік білдің, соны тездікпенен ұғып, ұққандықпенен тұрмай, арты қайдан шығады, алды қайда барады, сол екі жағына да ақылды жіберіп қарамаққа тез қозғап жібереді. Егер бұл болмаса, көп білуге көп оқу оңды пайда да бермейді. Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дәйім уақытынан кеш қалып, «Әй, әттеген-ай. Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырғаның.

Біреуін орысша "сила притягательная однородного" дейді. Ол - бір нәрсені естіп, көріп білдің, хош келді, қазір соған ұқсағандарды тексересің. Түгел ұқсаған ба? Яки бір ғана жерден ұқсағандығы бар ма? Әрнешік сол іске бір келіскен жері бар нәрселердің бәрін ойлап, білгенін тексеріп, білмегенін сұрап, оқып, бөтеннен хабарланып білмей, тыншытпайды.

Үшіншісі, орысша "впечатлительность сердца" дейді, яғни жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық - бұл төрт нәрсебірлән кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Ондай нәрсе тұла бойыңа жайылады, тез ұмыттырмайды. Егерде бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады, я қисық, я күңгірт көрсетеді. Енді ондай нәрседен оңды ұғым болмайды.

Тағы оқыңыз: 33 жылын соғысқа арнап, 77 рет жарақаттанған Райымбек батыр туралы не білеміз?

Әрнешік тән қуатыменен сырттан тауып, сырттан сақтайсыз, оның аты дәулет еді. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты бар нәрселерін білмесең, сақтай алмаушы едің ғой. Соған ұқсаған іштегі жан қуатыменен жиған нәрсенің аты ақыл, ғылым еді ғой. Оның да неше түрлі кеселі, кесепаты тиер нәрселері бар. Оны білмесең, бақпасаң - айрыласың. Және әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс. Ойланбақ жақсы, іске тіпті салынып кеткен кісі ойын байлай алмай, қияли болып та кеткені болады. Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады.

"Ненің қызығын көп іздесең, соның күйігін бір тартасың" деген. Баз махфи олмая ол, мен айтқан үш қуаттың ішінде екеуі, яғни "сила притягательная однородного" бірлән "подвижной элемент" - бұл екеуі қосылып тұра тұрған нәрсе, күллі пайда да бұлардан шығады, уа күллі зарар да бұлардан шығады. Мансап сүйгіштік, мақтаншақтық, ашуланшақтық, өтірікшілік, осыған ұқсаған әрбір маскүнемдікке тартып, құмар қылып, ақылдан шығарып жіберетұғын нәрселер осы екеуінен болады. Бұларды түбегейлеткенде жақсы нәрселерді түбегейлетіп, жаман нәрселерден, яғни жоғарғы айтылмыш секілді адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетұғын нәрседен бойды ерте тыйып алуға керек. Пайда, залалды айыратұғын қуаттың аты ақыл еді ғой. Бір ақыл қуатыбірлән мұны тоқтатып болмайды. Һәм ақыл, һәм қайрат - екі мықты қуат қосылып тоқтатады. Ол екеуі кімде бар болса, бағанағы екі қуаттың екеуі де аз болса, яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі қуаттар - бір басы қатты асау ат, жүгенсіз тауға ұра ма, тасқа ұра ма, суға ұра ма, жарға ұра ма - құдай білсін, әйтеуір жолда көрген есті, ақылы дұрыс адамдар әлі де сұрамай да қалады. Сенде ерік жоқ. Екі етек жайылып, екі көзің аспанда, масқара болып кеткенің өлгеніңше.

Абайдың 44 (қырық төртінші) қара сөзі

Адам баласының ең жаманы – талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір "бәрекелдіні" керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, "бәрекелді" деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан "бәрекелдіні" оңды күтпейді. Маған "бәрекелді" десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар "бәрекелді" дер дейді.

Тағы оқыңыз: Шота Уәлиханов 87 жаста: Елтаңбаның авторы туралы не білеміз?

Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, "Мал тапқан ердің жазығы жоқ" дейтұғын, "Малдының беті жарық" дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына "осыным бірсыпыра елеу азық болар" деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, "мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен" деп, қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.

Абайдың 45 (қырық бесінші) қара сөзі

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды – махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

Кілт сөздер:
Абай
Загрузка...

Басты тақырып