22:26 14 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.52
  • EUR429.21
  • RUB6.07
Ринат Зайытов, айтыскер ақын

Ринат Зайытов туралы не білеміз?

© Altaynews-kz
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (80)
333 0 0

2019 жылы 10 маусымда Алматыда өткен заңсыз митингке қатысқан танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Ринат Зайытовтың өмірбаяны

Ринат Зайытов 1983 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. 13 жасында әке-шешесі ажырасып, бала Ринат анасымен қалады. Әкесі Рифхат Зайытұлының қазір басқа отбасы бар, Аягөзде жергілікті мектепте мұғалім болып істеген, кейін директор болды.

Отбасында төрт ағайынды.

"Егер ата-анам ажыраспағанда, мүмкін, мен Семейге келіп, айтысқа араласпас па едім?! Бүгінгідей Ринат болмас па едім?! Барлық нәрсенің бір себебі болады. Жас күнімде балалығымнан қалған ашынудың әсері ме, бұзық болып өстім. Тағы бір мінезім – қанша қиналып тұрсам да, білдірмеймін. Адам баласына зарымды айтып, мұң шағып көрмеппін", -деген еді 2016 жылы берген сұқбаттарының бірінде.

Ринаттың өнерге деген құштарлығы бала кезде оянды. Сондықтан ба, мектептен кейін актер болуға бел буып, М.Төлебаев атындағы музыка колледжін "Драмалық театр актері" мамандығы бойынша тәмамдады. Диплом алғаннан кейін Семейдегі мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Осылайша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болады.

Айтысқа 17 жасынан бастап араласа бастаған. Семейдегі жастар театрында қызмет етті. Аймақтық, республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпазы.

"Аягөз ауданының құрметті азаматы, "Астананың дамуына қосқан үлесі үшін" медалінің иегері.

Өткір тілді Ринат 

От ауызды, орақ тілді ақын қай айтыста болмасын, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, билікке жиі сын айтады. Халыққа да суырыпсалмалығынан бұрын, ащы шындықты жырлаудан танбайтын қайсар, бірбеткей мінезімен ұнайды. Осы мінезі үшін талай айтыстан шеттетілген кездері де болды.

"Мен айтысқа кеше шыға салып, бүгін "жалмауыз" боп кеткен жоқпын. Жемістің өзі көгеретін уақыты болады, пісетін уақыты болады, сосын шіритін уақыты болады. Ақынның ойы да солай. Бір айтқанда жетпесе, екі айтқанда жетпесе, іште қалай болғанда да жеткізем деген ой пайда болады. Келе-келе менде бір ғана мақсат пайда болды.  Ол – менің ешкімге жау емес, дұшпан емес екенімді дәлелдеу. Сол жолда айтқан нәрсені бір естімегесін, қатты айтқың келеді, екі естімегесін, одан да қатты айтқың келеді", - деген еді Зайытов сұқбаттарының бірінде.

Билікке жақпайтын "атышулы" өлең шумақтарынан кейін ақын бес-алты жылдай айтыстан қол үзді.

"91" тобына айтылған сын

Қазірет Бердіханмен айтыста Ринат Зайытов атышулы "Ninety One" тобын жерден алып, жерге салғаны көптің есінде. Айтыскер "Қазаққа кәрісқұмар құлдар емес, бойында намысы бар ұлдар керек" деп төкпелеген еді.

Әнші жігіттердің киім-киісі мен жүріс-тұрысына қатысты айтылған сыннан кейін күллі халық "91" тобының жауына айналып шыға келгендей болды.

Кейбір өңірлерде тұрғындар "91 тобы қаламызға келсе, көресіні көрсетеміз" десіп шулады. Топтың негізін қалаған Ерболат Беделхан да талай сөзге қалған еді.

"Димаш – Қытай саясатының құрбаны"

Қазақ елін әлемге әйгілеп жүрген Димаш Құдайберген "Саз әлемі" жобасында ән айтқан кезде, айтыскер Ринат Зайытов "сен сияқты әншілерден қорқамын" деген болатын. Ақын араға алты жыл салып, сол кезде неге олай айтқанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Майра Ілиясова: Ринат айтыста профессор болсын, ал Димашта жұмысы болмасын

"Ең алдымен, талант пен ұлтқа қызмет ететін адамның аражігін ажыратып алайық. Димаш ән айтқан кезде, неге мен мұндай әншілерден қорқамын дедім? Қазақтың болмысы онсыз да еуропаланып бара жатқан кезде, дәл сондай феномен шығатын болса, мен біздің жастар соның артынан еретінін білдім. Ал Димаштың сахналық образын қалыптастырған кім? Қытай қалыптастырды ма?! Олар біздің баланы бізге қарсы пайдаланып жатыр... Дәл қазіргі уақытта Димаш Құдайберген – Қытай саясатының құрбаны", - деген еді Talk Like бағдарламасына берген сұқбатында.

"Тоқал алу – ерлік"

Ринат Зайытов – еркек кіндіктілердің тоқал алуын қос қолдап қолдайтындардың қатарынан.

"Ажыраспай алсаң, ол ерлік деп ойлаймын, тоқал алғаныңды жасырмай айту – ерлік", - деген еді бір сөзінде.

"Кухняда" ғана батыр болсақ, елдің ертеңі болмайды"

"Мен қазір бала-шағамды ойлап, үйде отыра берсем, мына қазақты кім ойлайды?! Мен ұлым үшін емес, ұлтым үшін дүниеге келдім. Осы екі сөздің аражігін ажыратып алайық. Кезінде Алаш көсемдері де басын бәйгеге тікті. Егер әрқайсымыз "кухняда" ғана батыр болып, бала-шағаны ғана ойласақ, онда елдің ертеңі болмайды", - деп санайды ақын.

Зайытов билікке араласқысы келмейтінін, бірақ билікпен қарым-қатынаста болуды қалайтынын айтады.

"Кабинетте отырған, "бірдеңе өзгертемін, қырамын-жоямын" деген ағалардың талайын көрдім. Ақыры олардың өздері өзгеріп кетті", - дейді айтыскер.  

Зайытов неге ұсталды?

Кезектен тыс президент сайлауынан кейін 2019 жылдың 10 маусымында Алматыда "Алматы Арена" мұз айдыны сарайының маңында адамдар жиналып, заңсыз митинг өткізген. Олардың арасында айтыскер Ринат Зайытов та болыпты. Ақын саяси партия құратынын мәлімдеген еді. Құқық қорғау органдары оларға ескерту жасағанымен, ешкім тарқамаған соң, ішкі істер органдарына жеткізуге мәжбүр болған. Түсіндіру жұмыстарынан кейін Ринат Зайытов босатылған.

Тағы оқыңыз: "Ринатты көрсетуге тура келді": ІІМ Зайытовты не үшін ұстағанын түсіндірді

Алайда, ішкі істер министрлігінің ресми ақпаратынша, жұрт Зайытовтың босағанын өз көзімен көрмегенше, үйлеріне қайтудан бас тартыпты. Осыдан кейін құқық қорғау органдарына ақынды қайтадан сол жерге апарып, халыққа көрсетуге тура келген.

Ринат Зайытовтың отбасы

Ринат Зайытовтың жары – Зүлфия Тұрсынқызы. Екі жас 2001 жылы танысып, үш жылдан кейін отау құрған.

"Зүлфия досымның қызының (қазіргі әйелі) құрбысы-тын. Ол қызын шақырса, Зүлфия бірге шығады. Мен мына жақтан еріп барамын. Сонымен екі қыз, екі жігіт болып әңгімелесеміз. Келе-келе бойымда оған деген сенім пайда болды. Өз басым бәрінен махаббатты бірінші қоятын адам емеспін. Өйткені оның оянуы да, өшуі де – бір-ақ сәт. Біздің отбасымызда сенім мен түсіністік басым", - деген еді Зайытов.

Айтуынша, жары қарапайым отбасынан шыққан. Екі жоғары оқу орнын бітірген, экономика саласының маманы.

Бүгінде ерлі-зайыпты төрт қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр.

Тақырып:
Өмірбаяндар (80)
Кілт сөздер:
өмірбаян, айтыскер ақын, Ринат Зайытов
Загрузка...

Басты тақырып