19:51 20 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD387.16
  • EUR428.47
  • RUB6.08
Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры

Қазақ "қырғыз" емес: Тұңғыш премьер Сәкен Сейфуллин жайлы қызықты деректер   

© Photo : Карагандинский областной казахский драматический театр имени Сакена Сейфуллина
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (88)
272330

Биыл мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын-жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125  жыл толады

Қазақтан шыққан тұңғыш премьер-министр аз ғана уақыттың ішінде біраз шаруаны тындырып кетті. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен қызметіне қатысты қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Бала Сәкеннен әкесі үлкен үміт күтті

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы 15 қазанда бүгінгі Қарағанды облысының Ортау мекенінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Сәдуақас. Бірақ әке-шешесі еркелетіп, "Сәкен" деп атап кеткен. Руы – Арғын, Қуандықтан тарайды.

Сәкеннің әкесі Сейфолла сөзге шешен, домбырашы, саятшы болған. Ол тұңғышынан үлкен үміт күтті. Ал анасы Жамал баласына ертегі айтып беруден  жалықпайтын. Сәкеннен кейін екі ұл – Мәлік пен Әбен, одан кейін үш қыз – Рахима, Сәлима мен Қалима дүниеге келген. Бірақ қыздың үшеуі де 11-13 жасында көз жұмды. Әбен де жас кетті.  

Сәкен ауыл молдасынан тіл сындырып, арабша хат танығаннан кейін орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ал оқуды үздік бітіріп, Ақмолада приходская мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, ары қарай Омбы педагогикалық семинариясына аттанады.

Елдің жұмысына араласу

Омбыда оқып жүргенде "Айқап" журналына алғашқы мақаласы жарияланды. Содан бастап жас Сәкен патшалық "охранканың" назарына ілігеді. Дегенмен, өзінің белсенді жұмысын жалғастыра берді. 1914 жылы қазақ жастарының "Бірлік" атты мәдени және білім беру қоғамын құруға атсалысты. Тура сол уақытта  "Өткен күндер" атты өлеңдер жинағын жариялады.

Оқуды бітіргеннен кейін Сәкен Сейфуллин елге келіп, шамалы уақыт мұғалім болып істеді. Ал 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түседі. Ақын халық жағына шығып, патшаны тақтан тайдыратын ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Сөйтіп, дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шеше кіріседі. Сол кезде ақын Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арнап "Толқулар" атты өлеңің жазды.

Екі оттың ортасында қалды

Сәкен ұлт-азаттық көтеріліске дейін қаладағы ірі байдың қызы – Рахимаға үйленген еді. Сонда оның жары жаңа заманның тәртібін әкеме қолданба деп шарт қояды. Сол кезде кедей өкіметінің жаршысы болып жүрген ақын екі оттың ортасында қалады. Отбасының берекесі қаша бастайды.

Дегенмен Сейфуллин өз бағытынан тайған жоқ. Шығармашылығын да жалғастырды. Ақмолада жүргенде "Біз асығыс жиналдық" деген өлеңін жазды. Ал 1917 жылдың сәуір айында "Жас қазақ" ұйымын құрды.

Бір жылдан соң Ақмолаға ақтар келіп, сол жердегі кеңес үкіметін құлатады. Сейфуллин тұтқындалып, түрмеге қамалады. Одан кейін атаман Анненковтың "өлім пойызымен" Колчак түрмесіне жеткізіледі. Осының бәрін "Тар жол, тайғақ кешу" романында жазған.

Сәкен түрмеден қалай қашты?

Колчак түрмесінде отырғанда Сәкен екі жолдасымен бірге қашуды жоспарлайды. Бірақ екі досы сүзекпен ауырып қалады. Содан амалсыз жалғыз өзіне қашуға тура келеді. Ол кезде Колчак түрмесінен қашып шығу қиын болатын. Ондай әрекеттер өте сирек кездесті. 

"Лагерьде қазақ пен орыс тіліндегі газеттер бар. Карта ойнайды, әрі қолдан даярланған дойбының қызығына түседі. Көркем өнерпаздар да табылды. Кешке ән шырқайды. Тұтқындардың саны бір жарымдай, тұтастай интернационал – мажарлар, орыстар, қазақтар, немістер, татарлар. Лагерьді чехославактар күзетті", - деп жазды Сейфуллин.

Түрмеде дұрыс тамақ болған жоқ. Кейбір тұтқындар қаңғыбас иттерді жеді. Қамауда отырғандарды қар тазалауға шығарып тұрды. Осыны пайдаланған Сәкен күл-қоқысқа толы шанаға тығылып, қашып кетті.

"Жолдастарым мені мұз араласқан лай қармен жауып тастады. Үстінен тақтай лақтырды. Оған отырған адам кеттік деді. Шана жүре жөнелді. Менің мойнымды, иығымды, бар денемді енді тіптен ауыртпалық басты. Ол мені жаншып барады. Демалу қиындай түсті. Дегенмен, мен шыдадым. Лагерьдің алып есіктері сықырлай ашылды. Шана еркіндікке шықты", - деп еске алды Сейфуллин.

Осылайша, Сәкен Сейфуллин түрмеден қашып, алдымен Омбыда жолдастарының үйінде жасырынады. Бірақ көп ұзамай, 900-ге жуық шақырымды жаяу жүріп, еліне жетеді. Ол жерде тұрақтай алмайды. Содан Бетпақдаланы кесіп өтіп, Жетісуда кеңес органдарына көмектеседі. Тағдыр тәлкегіне түскен Сәкенді күтуге шыдамы жетпеген зайыбы Рахима басқа адамға тұрмысқа шығып кетеді.

Билік басына келуі

Сәкен Сейфуллиннің көрген қиындықтары, Колчак түрмесінде отырғаны – бәрі-бәрі оның большевиктер арасындағы беделін көтерді. Содан Ресейдің адамдары оны Қазақстанның басшылығына ұсынады. Ал 1922 жылы ол Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болып сайланады. Бұл Қазақстанның премьер-министрімен пара-пар қызмет болды. Осылайша, 28 жасында үкіметті басқарған Сәкен Сейфуллин қазақ еліне қызмет етеді. Өзіне сөгіс жарияланғанына қарамастан, бюджет қаражатының тең жартысын білім беруге салады.

"Сәкен Сейфуллин үкімет басына келісімен жаңа өндіріс орындарын ашайық, қазақ пролетариатын көбейтейік, қыз-жігіттерді оқытып, білімге баулиық, қазақты "қырғыз" емес, "қазақ" деп атап, тарихи қателікті түзейік, мәдениет ошақтарын ашайық, емхана, мектеп сияқты өмірге қажетті нысандарды салайық, сондай-ақ, басқа да ұлттық мәселелерді күн тәртібіне қойып, шеше бастады. Соның нәтижесінде қазақ тілі тұңғыш рет мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілді", - дейді сәкентанушы Амантай Кәкен.

Өнертанушы Серік Оспановтың айтуынша, Сәкен Сейфуллин қазақтың әндері мен күйлерін сақтап қалуға күш салды. Александр Затаевичке тапсырыс та берген екен.

"Ол Затаевичке нотаға түсір, мен саған сол үшін ақша төлеймін деп тапсырыс берген. Соның бәрін шығарғанына 284 рубль алтындай ақша бөледі. Сосын Затаевичке айтады, бұл ақшаның аз екенін білемін, бірақ мен сізге мемлекетіміздің үлкен сыйлығын алып беремін дейді. Содан Қазақстанның бірінші халық әртісі атағын Александр Затаевич алған", - дейді Оспанов.

Сәкен Сейфуллин Түркістан қазақтың рухани ордасы екенін біліп, соның дамуына да көп ақша бөлген. Бір күні Мәскеуден ескі мұрағаттар мен қолжазбаларды жою туралы нұсқау келеді. Сәкен Сейфуллин алдымен жауап хат жазып, қазақтың тарихын сақтау қажеттігін жеткізеді. Одан кейін барлық мұрағатты сақтау мен архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы бұйрық шығарады.  

Сәкен мен Гүлбаһрамның кездесуі

1926 жылы Сәкен Сейфуллин жол жүріп келе жатып, Нілді болыстық комитетінің төрағасы, ақын Қайып Айнабековтың үйіне түсіп, біраз уақыт қонақ болады. Ал жолға шыққанда Қайып оған Қызылжарда оқып жатқан немере қарындасы Гүлбаһрамға сәлемдеме беріп жібереді. Сәкен Гүлбаһрамды тауып алып, сәлемдемені тапсырады. Осы жүздесуде ол қара көз, бұраң бел бойжеткенге ғашық болып қалады. Содан көп ұзамай, екеуі қосылады. Оны Гүлбаһрам да өзінің естелігінде жазды.

"Сөйтіп, 1926 жылғы желтоқсанда келіп, сол үйдің ошағына пұт болдым. Өзім жаңа тұрмыстың жөн-жобасын үйреніп, жан жарымның ойынан шығу қамымен жүрген соң, солай ойладым ба, әлде, көп жылдан бергі сүрбойдақтықтан ба, әйтеуір, Сәкен басқа уақыттың бәрін үйде, жазу үстелінің басында өткізді. Ол "истпарт" деген мекемеден Қызылорданың халық ағарту институтының директоры болып ауысқанда пәтерімізге көп папканы құшақтап келгені есімде. Сәкен Ташкентегі қазақ педагогика институтының директорлығына ауысты. Өзі лекция оқып жүрді", - дейді Гүлбаһрам.

Тұңғышынан айырылғанда қатты қайғырды

1930 жылы Сәкен мен Гүлбаһрамның тұңғышы – Лаура дүниеге келеді. Сол кезде көрші тұрған татардың қызы Сәкенге ғашық болып, қыр соңынан қалмай жүрді. Гүлбаһрам соған ыза болып, бір күні баласын орап алады да, оқуға кеттім деп, Мәскеуге тартып тұрады. Сөйтіп жүргенде баланың өкпесіне суық тиіп қалады. Ал денсаулығы әбден нашарлап кеткенде анасы баласын жөргекке орап, Қызылордаға келеді. Бірақ Лаура сол жерде шетінеп кетеді. Гүлбаһрам қызын жерлеп, қайтадан Мәскеуге кетеді.

Ал жазда Алматыға келгенде Абдолла Асылбековтың үйіне түседі. Таңертең оның жұбайы Бану екеуі шәй ішіп отырғанда Сәкен кіріп келеді. "Гүлбаһрам, кешіре алсаң, кешір. Мен қателік жасадым. Кешірім сұрауға келіп отырмын", - деп айтады. Сол кезде Гүлбаһрам Сәкеннің мойнына асылып жылайды.

"Сәкеннің жан жолдасы – Абдолла Асылбековтың үйінде екеуіміз мәңгілікке табысып, 1937 жылғы 24 қыркүйекке дейін қабақ шытпай, өмір сүрдік. Қанша қиындық көрсем де, мына шаңырақты шайқалтпай, түтінін түтетіп жүрмін. Сол күні екінші тойымыз болды. Сәкен үйге ең жақын достарын шақырды. Міне, біздің бұл табысуымыз осындай тойға ұласып еді", - деп жазды Гүлбаһрам.

Сәкен бір жарым жасқа толмай, шетінеп кеткен Лаураны ойлап, қатты қайғырды. Ал ұлы дүниеге келгенде қатты қуанды. Оның есімін Аян деп қойды.

Жайылмаған ақ дастарқан

Сәкен мен Гүлбаһрам ұлы Аянның бір жас тойын жасауға ұзақ әзірленді. Тойға Қазақстан басшыларын да шақыруды жоспарлайды. Гүлбаһрам ұлының тойына бірсыпыра жаңа заттарды да сатып алды. Солардың бірі – төрдегі үстелге жаюға арналған ақ дастарқан. Бірақ ол дастарқан жайылмай қалады.

1937 жылы 24 қыркүйекте Сәкен Сейфуллин тұтқындалады. Ал екі жылдан кейін оны НКВД-ның қабырғасы алдында атып тастайды. Әкесі Сейфолланы да алып кетеді. Інісі Мәлік те бір күннің ішінде жоғалып кетті.

Жаппай ату жазалары бәсеңдегенде "халық жауларының әйелдерін лагерьлерге жібереді" деген әңгіме тарады. Ол қауесет рас болып шығады. Гүлбаһрамды Ақмола лагеріне жібереді. Ол Аянды бірге алып барады. Поезда Аян қатты ауырып қалады. Вагонда дәрі-дәрмек те болған жоқ. Қанша арпалысқанымен еш дәрмен болмай, сәби үзіліп кетеді. Гүлбаһрам Көкшетаудан түсіп, баласын жер қойнына тапсырады. Қуғында жүрсе де, Сәкеннің жеке заттарын ақ дастарқанның ішіне салып, беліне байлап жүреді. 

1957 жылы Сәкен Сейфуллин ақталды. Сол кезде ақ дастарқан қонақтарға алғаш рет жайылды.

Сәкеннің шығармашылығы

Гүлбаһрамның айтуына қарағанда, Сәкен Қызылордада, Ташкентте түрғанда және Алматыға келгесін де ақындардың, сөз білетін адамдардың жатқа айтатын өлеңдерін, қызықты әңгімелерін жалықпай тыңдап, ерінбей жазып алып отырған. Фольклор, әдебиет нұсқаларын өзі оқытқан студенттер арқылы да жинатады. Ташкентте Әбубәкір Диваевпен әлденеше рет кездесіп, одан да көптеген материал алған көрінеді. 1930 жылы Қоянды жәрмеңкесінде бір айдай жатып, сол жерге жиналған ақын, әншілерден көптеген өлең-жыр жазып алған.

Осындай ұқыпты зерттеу жұмысының нәтижесінде 1931 жылы "Қазақ әдебиетінің нұсқалары" атты бір том жинақты, 1933 жылы бір том "Батырлар жырының" жинағын, 1934 жылы Алтынсариннің өлеңдер жинағын, 1935 жылы Ақан сері, Ақмола ақындардың өлеңдерін, "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасын бастырпды. Ал негізгі зерттеу еңбегі 1932 жылы "Қазақ әдебиеті" деген атпен қалың бір том кітап болып басылады.

1933 жылы "Альбатрос", "Қызыл ат" поэмаларын, жылы "Социалистан" атты өлеңдер жинағын шығарды. Ол өзі көрген, өзі араласқан өмірден елес беретін "Біздің тұрмыс", "Сол жылдарда", "Дауыл алдында", "Жемістер" атты роман, повестерін жазуға кіріседі, олардың бірқатар тарауы газет, журналдарда, түрлі жинақтарда жарияланды.

"Айша" атты повесі 1935 жылы жеке кітап болып шығады. "Қызыл сұңқарлар" пьесасын бүтіндей жөндеп, қайта жазып, ол Қазақтың мемлекеттік драма театрында қойылады. "Тар жол, тайғақ кешу" толықтырылып, 1936 жылы қайта басылды. Ал Сәкеннің бірқатар шығармасы (1927-1937 жылдар арасында) "Атаман Анненковтың азап вагонында", "Тар жолдан" (үзінді), "Советстан", "Көкшетау", "Айша", "Қызыл ат", "Жемістер" және тағы басқасы орыс тілінде басылып шықты.

1936 жылы партия мен үкімет Сәкеннің зор еңбегін айрықша бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады. Ақынның әдебиеттегі еңбегінің жиырма жылдығын бүкіл Қазақстан жұртшылығы болып тойлады. Алайда бір жылдан кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді...

Тақырып:
Өмірбаяндар (88)

Тақырып бойынша

Кенжебай: Кеңес заманында да қазақ тілі дәл бүгінгідей сорлаған жоқ
Кілт сөздер:
қырғыздар, қызықты деректер, премьер-министр, Сәкен Сейфуллин
Загрузка...

Басты тақырып