12:28 11 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD386.19
  • EUR427.71
  • RUB6.07
Үйлену тойы, иллюстративті сурет

Тойға арналған тілектер

CC0
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
213 0 0

Жүрек түкпірінен шыққан әр жылы сөз, ізгі тілек кез келген тойдың сәнін кіргізеді. Жақыныңыздың қуанышын бөлісуге жиналсаңыз, Sputnik Қазақстан дерекқорындағы тілектерге бір көз жүгіртіп шығыңыз

Шілдехана

Әрбір әкенің арманы – артынан ұрпақ қалдыру, ал ана арманы – сәби сүю. Міне, бүгін Алладан тілеген тілектеріңіз қабыл болып, дүниеге іңгәлап сәби келді. Шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген балапанның бауы берік болсын! Тезірек ер жетіп, ата-анасының қолғанаты, бауырларының арқасүйер қамқоршысы болсын. "Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар" деген дана қазақ. Сәбидің күлкісі – біздің бақытымыз, шаңырақтың берекесі. Ендеше, Жаратқан иеміз отбасыларыңызды осы бақ-берекеден айырмасын! Бөпенің артынан іні-қарындастары ере берсін! Ең бастысы, атаның емес, адамның баласы болсын дегім келеді. Барша тойдың басы шілдехана құтты болсын! Мына жиналған баршамызға жұғысты болсын!

Бесік той

Адам баласының ғұмыры тал бесіктен басталады. Ежелден-ақ қазақ баласы бесікте өскен. Бабаларымыз "Бесіксіз үйде береке жоқ" деп текке айтпаған.  Бесікте жатқан сәбидің бойына сіңген, жүрегіне құйылған ананың үні жаныңды өмір бойы әлдилеп өтеді. Бүгін, міне, кішкентайымызды бесікке салу дәстүрін орындауға жиналып қалдық. Баланы бесікке бөлеу әрдайым үлкен той, қуаныш. Бесік той құтты болсын! Балапанымыздың дені сау, ұйқысы тыныш болсын! Келешекте елін, жерін шын сүйетін, салт-дәстүрін ұлықтайтын азамат боп ер жетсін!

Тағы оқыңыз: Мұсылманша есімдер немесе ат қою кезінде нені ескеру керек?

Тұсаукесер

Бүгін балақайымыз тәй-тәй басып, үлкен өмірге қадам жасап жатыр екен. Кішкентайымыздың өмір жолы ақ, түзу болсын. Арайлап атқан әр таңы қуаныш-шаттыққа толсын. Дені сау, ғұмыры ұзақ болып, ата-анасының мақтанышы болсын! Көзінен жас ақпасын, жамандықтың дәмін татпасын! Досына адал, жауына қатал, ағайын-жұртқа пейілді болсын! Қыран құстай қос қанаты талмай, биіктерге самғасын! Өмірі нұрға, көңілі жырға бөленіп жүрсін!

Сүндет той

Пайғамбарымыздың хадисінде мұсылман үшін ең ұлы той – сүндет тойы деген екен. Мұның мәнісі, сірә, балғын жас бала ата-баба жолына түсті, мұсылмандық рухын сақтайды, дәстүрге адал болады деген ниетте жатса керек. Сондықтан бүгінгі ұлы тойларыңыз құтты болсын. Баламыз білімді, жеті жұрттың қамын ойлаған азамат болып өссін! Атаның ұлы емес, адамның ұлы болсын!

Тағы оқыңыз: Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

Қыз ұзату

Қадірменді қонақтар! Ағайын-туыс, дос-бауыр! Ақ дастарқан басына адал ниетпен жиналған құда-жекжаттар! Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру – әрбір ата-ананың тілегі, әрі парызы. Бүгін, міне, отбасымыздың көз қуанышы өмірлік серігімен қол ұстасып, ата-анасының аялы алақанынан ұшып барады.  Сен біздің қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген шырағымызсың. Үлкен өмірге басқан қадамың құтты болсын! Әлпештеп өсірген перзентіңнің бақытын тапқаны біз үшін қуаныш қой, әрине. Барған жеріңе тастай батып, судай сің. Әке-шешеңді қалай құрметтесең, ата-енеңе де сондай сый-құрмет көрсет! Жұптарың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, үбірлі-шүбірлі болыңдар!

Үйлену тойы

Қымбатты қуаныш иелері! Бүгін жаңа отаудың қабырғасы қаланып, қатарға жас жанұя қосылды. Төрде отырған қос ғашықтың шаңырағы биік, босағасы берік, керегесі кең болсын! Үйлеріңнің іші жанға, сырты малға толсын! "Үйлену оңай, үй болу қиын" деген дана халқымыз. Өмір атты теңізде ащысы мен тұщысы қатар жүреді. Басқа түскен қиындыққа мойымай, Алланың жіберген сынағынан сүрінбей өтіңдер. Айдын көлде жүзген қос аққудай қол ұстасып, жаңа өмірге басқан қадамдарыңа гүл бітсін. Еліміздің үлгілі де өнегелі, сыйлы да құрметті отбасыларының бірі болыңдар. Бүгінгі той шілдехана-бесік тойға жалғассын!

Тағы оқыңыз: Туған күнге тілектер мен құттықтаулар

Қоныс тойы

Аяулы досым! Қоныс тойы құтты болсын! Енді сенің өз шаңырағың бар. Бүгін жаққан ошағыңның оты ешқашан сөнбесін! Үйіңнің есігі әлемдегі бар жақсылыққа айқара ашық, ал жаманшылыққа тастай жабық болсын. Жаңа қоныстың іші мейірім мен махаббатқа, жылылық пен шаттыққа толсын. Бақ-береке, құт-ырыс салтанат құрсын! Ақ дастарқан әрдайым тек қызық-қуанышқа жайылсын!

Кілт сөздер:
тілек, бесікке бөлеу, үйлену тойы, сүндет той, тұсаукесер
Загрузка...

Басты тақырып