03:25 18 Қаңтар 2020
Тікелей эфир
  • USD376.51
  • EUR418.91
  • RUB6.13
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (103)
3216 0 0

Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жастайынан жетім қалған

Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда әкесі Мұқан қайтыс болып, сегізге аяқ басқанда анасынан айырылады. Сөйтіп жастайынан жетім қалған бала Сәбит ағасы Мұстафаның қолында қалады.

Жетімдіктің тауқыметін тартқан Сәбит еңбекке ерте араласады. Он жасынан бастап байлардың есігінде жүріп күн кешті. Қойын бақты, отыны мен суын тасыды, жылқышы болды. Жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи да алмады. Алайда білімге деген құштарлығы бір сәт те басылған емес. Өз бетінше оқу-білімге ұмтылып, ауыл молдасынан хат таныды. 14-15 жасында ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренді. Өлең шығаруға талаптанды, ел аузына ілігіп, ауыл ішінде өлеңші бала атанды. Абай Құнанбайұлының 1909 жылы басылған өлеңдер жинағымен танысып, Абайдай ақын болуды армандады. Абайдың поэзиясы Сәбит Мұқановтың ақындық талантына зор қозғау салады.

Сәбит Мұқановтың еңбек жолы

Сәбит Мұқанов 1918 – 1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім алды. Оқып жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етті. Оның педагогика курсы тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсірді. Өзі шығарған алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады. Оқуын тәмамдағаннан кейін Сәбит Мұқанов біраз уақыт мұғалім болып қызмет етті. 1920 жылы жазда Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып‚ күзге дейін сонда оқуын жалғастырды.

Тағы оқыңыз: Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды: "Әдемі қартайып келемін"

1921 жылы Сәбит Мұқанов коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921–22 жылдары әр түрлі қызметтер атқарды. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түсіп, 1926 жылы бітіріп шықты.

Сәбит Мұқанов 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарып, республикалық "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы болды. 1928 жылы Петропавл қаласының "Кеңес ауылы" газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары негізінде "Жарыс" альманахын шығарды.

1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық "Кеңес ауылы", "Қазақ әдебиеті" газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарды.

Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов 1937-1941 жылдары Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.

Сәбит Мұқановтың шығармалары

Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің барлық жанрында өнімді еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра – көп жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары әрі құнды. Сәбит Мұқанов 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер және тағы басқа кітаптар жазып қалдырды.

Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады. 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын "Совет өкіметі һәм қазақ әйелі" атты тұңғыш кітапшасын шығарды.

Жиырма жасынан поэма жаза бастады.

1928 жылы "Сұлушаш" дастаны, 1931 жылы "Адасқандар" романы және тағы басқа туындылары жарық көрді. "Сұлушаш" дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал "Адасқандар" романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы "Мөлдір махаббат" деген атпен қайта бастырып шығарды.

"Жұмбақ жалау" (кейіннен "Ботагөз" аталған) романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болды. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры. "Ботагөз" романы – қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. "Ботагөз" романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілді.

Сәбит Мұқанов 40-шы жылдары "Менің мектептерім" романын, "Балуан Шолақ" повесін, "Сырдария" романын, "Поэзия маршалы", "Майданға хат", "Жеңімпаз Қызыл Армия", "Фашизмнің ажалы" және тағы басқа прозалық және поэзиялық шығармаларын жазды.

Прозада роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты.

Сәбит Мұқанов қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан "Шоқан Уәлиханов" пьесасы мен "Жарқын жұлдыздар" атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен "Аққан жұлдыз" романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бұл роман аяқталмай қалды.

Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді, сын, әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді.

Сәбит Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.

Алаш зиялыларына қиянат жасаған ба?

Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов туралы таласты пікірлер көп. Алаш қайраткерлерін жаппай ақтау кезінде кейбір тұлғаларға күйе жағылды. Олардың арасында Мұқанов та бар еді. Ел арасында Сәбит Мұқанов "Алаш зиялыларына қиянат жасады" деген қаңқу сөз тарады.

1932 жылы Сәбит Мұқановтың "20 ғасырдағы қазақ әдебиеті" атты кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың төңірегіндегі дау көпке дейін басылмады. Бірі бұл кітапты Мұқановтың ғылыми еңбегі деп тапса, екіншілері бұл кітапта Мұқанов Алаш зиялыларына қиянат жасады деп есептеді.

Тағы оқыңыз: Түрмедегі соңғы күн: Қайрат Рысқұлбековтің өліміне кім кінәлі?

Еңбекте Ахмет Байтұрсынов‚ Міржақып Дулатов‚ Жүсіпбек Аймауытов, Ғұмар Қараш‚ Сұлтанмахмұт Торайғыров‚ Мағжан Жұмабаев‚ Мұхтар Әуезов және тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларына сол кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен‚ көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Жұмабаев туралы "Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ" деп пікірін ашық жазды.

Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияға шын жүрегімен сенген, Алашорданы қабылдамаған. Сол себепті де Алаш зиялыларын таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Олардың бағытының дұрыс еместігіне сеніп, жаны ашып, тура жолға салғысы келген. Алайда ешкімге қастық ойламаған, сатқындық жасамаған.

"Мұқановты ақтайтын да, қаралайтын да еңбегі 1923 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған –  "Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер" мақаласы. Бұл мақаласында жазушы Абайдан бастап, Шоқан, Ыбырай, Кенесары, Ахмет Байтұрсыновтың шыққан ортасын, тегін, бай орта екенін айтып сынайды, ал шығармашылығына тиісе қоймайды. Бірақ осы мақаласы Сәбит Мұқановты күні бүгінге дейін сөзге қалдырып келе жатыр. Шын мәнісінде Мұқанов сол мақаласына қайтып оралды. Соның ішінде өзі сынаған Ахмет Байтұрсыновқа ғана орала алмады. Ал қалғанына оралды.  Шоқан туралы, Абай жайлы зерттеу еңбегін жазды, Ыбырай, Кенесары туралы да айтты. Сол мақаланы қайта қарап, мен сол кезде саяси сауатсыз едім, әдеби білімім кемшін еді, сондықтан сауатсыздығымды мойындай отырып, саяси сауатын жетілдіріп, өзінің қатесін мойындады", - деген еді филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметова.

Мұқанов пен Мүсірепов құда болған

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина Сәбит Мұқановтың Арыстан есімді ұлына күйеуге шыққан. Екеуі де бір жерден, бір рудан.

Тағы оқыңыз: КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректер

Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина Оңғарбайқызы Сәбит Мұқановтың кіндік шешесі болған. Ғабит Мүсіреповті алғаш оқуға алып келген де Сәбит Мұқанов екен. Мүсіреповтің туған ағасы Хамит Махмұтов Сәбит Мұқановтың алғашқы ұстазы болған.

"Шашыңнан айналайын, Мәриям"

Сәбит Мұқанов екі рет үйленген. Бірінші жары көп тұрмай қайтыс болған соң, екінші рет шаңырақ көтереді. Жұбайы – Мәриям Қожахметқызы Мұқанова. Мәриям апаймен жазушы 47 жыл отасқан.

Мәриям Мұқанова "Менің Сәбитім", "Сағынышым Сәбитім" естеліктерінде былай дейді:

"Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік... Сәбиттің жиі айтар сөзі "шашыңнан айналайын Мәриям" болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: "Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды" - дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. ...Содан бір күні Мәриям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқаттырды. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін".

Сол кезде Мәриям апайдың шашына қарап отырып, жазушы Сұлушаш бейнесін суреттеген екен.

Сәбит Мұқанов 1973 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды.

Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.

Тақырып:
Өмірбаяндар (103)

Тақырып бойынша

Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?
Асқар Бейсенбаев туралы не білеміз?
Құнанбай қажылыққа аттанған: Қазақстандағы ежелгі мешіт туралы не білеміз?
Ринат Зайытов туралы не білеміз?
Ат тергеу дәстүрі туралы не білеміз?
Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?
Адамды есінен айыруы мүмкін: Адыраспан туралы не білеміз?
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Батыр болуға тиісті азамат еді": Жұбан Молдағалиев туралы не білеміз?
Кілт сөздер:
жазушы, өмірбаян
Загрузка...

Басты тақырып