04:14 24 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD375.87
  • EUR406.24
  • RUB5.84
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (104)
1574 0 0

Францияны ерекше даусымен мойындатқан, күміс көмей, жез таңдай әнші Әміре Қашаубаев туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Балалық шағы

Әміре Қашаубаев 1888 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абыралы ауданындағы Бегелен тауының етегінде кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Орта жүздің тарақты руынан шыққан. Әкесі Қашаубай қарапайым шаруа болған. Анасы Тоғжан бар өмірін бала тәрбиесі мен үй шаруашысына арнады. Алайда Әміренің әкесі аяқ астынан сырқаттанып, дүние салады. Ол отбасының жалғыз тірегі болып қалады. Ерте есейіп, ауыр жұмысқа араласып, жоқшылықты бала кезінен көріп өседі.

12 жасында жергілікті байға жалданып, ат айдаушы болады. Әміренің әнге әуестігі бала кезінен байқалады. Ол ән салғанда айналасындағыны ұмытып, жан-тәнімен тебіреніп тұрып шырқаған. Халық оны жастайынан "әнші бала" деп атап кетеді. Ел аузына таралып, аты шыға бастаған баланы бай-бағландар той-томалаққа шақырып, ән айтқыза бастайды.

"Әміренің даусы 2,5 октава..."

Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек Әміре Қашаубаевтың даусы зор болғанын атап өтті.

"Диапазоны өте мықты, даусы зор әнші еді. Оның даусы 2,5 октава. Бұл екі адамның даусы бар деген сөз. Яғни бір жағынан жоғары лирикалық тенор болса, ал төменгі жағынан драматикалық баритон сияқты", - дейді ол "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Ал тарихшы, зерттеуші Жарқын Шәкәрім Әміре Қашаубаев "бір әнді бір ғана деммен айтатын" деген деректі мысалға келтіреді.

"Әміре бір әнді бастаса, аяғына дейін бір ғана деммен айтып шығатын деген деректер бар. Себебі, оның оң жақ алқымында өкпенің тұсында дауыс сақтайтын қалтасы бар екен. Ол соған ауаны толтырып, бір деммен ән айтқан көрінеді", - дейді ол.

Әміре өнерге қалай келді?

Кейбір деректерге сәйкес, Қоянды жәрмеңкесіне алғаш келген Әміре Қашаубаев кәсіби әншілерді көріп, байдың қарамағындағы жұмысын тастап, бар өмірін өнерге арнауға шешім қабылдайды.

1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымына мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті.

"1920 жылдары Семейде "Ес-аймақ" деген қоғам ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – көзі ашық жастарды мәдениетке баулу, білімге құштарлығын ояту. Мұнда пъеса да қойылды. Сонда Жұмат Шанин Әміре Қашаубайұлын "Ес-аймаққа" алып келді. Ал 1924 жылы Семей қаласында әншілердің байқауы өтеді. Оған біраз әншілер қатысты. Нақты қандай әншілер қатысқаны туралы дерек жоқ. Бірақ бұл байқауда Әміре мен Қали Байжанов екеуі бір-біріне беріспей, ақыр аяғында екеуіне бірінші орынды бөліп береді", - дейді тарихшы Жарқын Шәкәрім "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Сондай-ақ 1926 жылы әнші Қызылордада ашылған қазақ драма театрының (қазіргі қазақ мемлекеттік академиялық драма театры) алғашқы актерлерінің бірі болды. 1934 жылы қазақ музыкалық театрына (қазіргі қазақ опера және балет театры) ауысты.

Құрамында Әміре Қашаубаев болған алғашқы қазақ драма театрының труппасы
Құрамында Әміре Қашаубаев болған алғашқы қазақ драма театрының труппасы

Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек Әміре Қашаубаев 1920 жылы театрда әртіс ретінде сахнаға шыққанын айтады.

"Өнерге 1920 жылдардың басында драма актері ретінде келді. Бірақ әншілігі басым болса керек. Сондықтан спектакльдерде оған ән салатын рөлдерді ғана берген. Ал басты кейіпкерлерді сахнада басқа әртістер сомдаған. Мәселен, "Қаракөз" спектаклінде оған Сырымның рөлін бермей, Дулатты берген", - дейді ол.

Мәскеуден келген хат

1917 жылы Қазан төңкерісі дүниенің астан-кестеңін шығарды. Қалың ұйқыда жатқан халық дүр сілкінді. Жұрт жаңа өзгерістер болады деген үміт жетегінде жүреді. Бұл уақыт Әміренің шығармашылық шыңын бағындыруға септігін тигізеді. Оның әнді әуелетіп, нақышына келтіріп айтатыны туралы әңгімелер Кремльге дейін жетеді.

РКФСР ағарту комиссары Луначарскийдің Семей халық ағарту бөліміне жіберген жеделхатының көшірмесі
РКФСР ағарту комиссары Луначарскийдің Семей халық ағарту бөліміне жіберген жеделхатының көшірмесі

Осылайша, Мәскеуден сол кездегі халық ағарту комиссары Анатолий Луначарскийден хат келеді.

"Қырғыз әншісі Әміре Қашаубаев Парижде өтетін бүкіләлемдік көрме аясындағы этнографиялық концерттерге қатысуға келісімін бере ме, жоқ па? Шұғыл анықтап, хабар беріңіздер", - делінген хатта.

Бұл жеделхат Семей губерниясында үлкен дау туғызады. Ағарту бөліміндегі қызметкерлер мұны ағаттық деп жеделхатқа жауап бермейді. Кейін Анатолий Луначарский өзі қол қойып, екінші жеделхатты жібереді.

"Менің қырғыз әншісі Әміре Қашаубаевқа қатысты жіберген жеделхатыма жауап беріңіздер. Оның Парижде өтетін концерттерге қатысуы мемлекет үшін маңызды", - делінген хатта.

Осылайша, Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесі аясында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.

1925 жылы Франция астанасында өткен дүниежүзі көрмесінде Әміре Қашаубаев "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Үш дос", "Жалғыз арша", "Қосбалапан", "Балқадиша" және тағы басқа әндерді орындап, күміс медальге ие болады.

"Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикаль" журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазды. Ал Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауындағы бірнеше әнді жазып алады.

Сыншылар оны италиялық опера әншісі Энрике Карузо мен америкалық әнші Марио Ланцаға теңейді.

Әміре Қашаубаев Францияда этнографиялық ансамбльмен бірге 11 концертке қатысып, "Ағаш аяқ", "Үш дос", "Екі жирен", сүйікті әні "Балқадиша" секілді әндерді нақышына келтіре орындайды.

Париж халқы қазақ фольклорының қуатына қайран қалып, домбыраның құдыреті мен әуелеген Әміренің дауысына тамсанып, таңдай қағады.

"Ағаш аяқ" әнін орындау өте қиын

Жазушы, сыншы Сұлтан Оразалин қазақ әншісінің әндерін орындау оңай емес екенін айтады.

"Басында қайғы-мұңға толы ән келе-келе ренішке, одан қуанышқа, әзіл-қалжыңға айналып кететін "Ағаш аяқ" әні бірнеше адамның мінез-құлқын көрсетеді. Бұл өте сирек кездесетін ән. Оны орындау да өте қиын. Міне, осы әнді Әміре Париж сахнасында орындаған кезде әзіл-қазылар мүшесі таңғалған", - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері.

Осылайша, Әміре Қашаубаев туған жеріне зор құрметпен оралады. Бұл сапар Әміренің жұлдызын жағып, талантын танытқан сапар болса, кейін тағдыр тауқыметіне айналды.

1927 жылдың сәуір айында ол арнайы шақыртумен Мәскеу консерваториясының залында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Осы жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық көрмедегі концертке қатысып, қазақтың халық әндерін әлемге паш етті.

Мұстафа Шоқаймен кездесті

Қашаубаев шетелге шыққан кезде Алаш қозғалысының қайраткері, көрнекті ғалым, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқаймен бірнеше рет кездеседі. Ал кеңес үкіметі Шоқай қашқын, сатқын деген пікірде еді. Кейін НКВД қызметкерлері Әмірені тергеуге шақырып, қырағы бақылауға алады.

Әміре Қашаубаевтың тергеу протоколынан біраз мәлімет алуға болады.

"Біз 1925 жылы маусым айының ортасында Парижге келдік. Делегация құрамында 14 адам болды. Қонақ үйге орналастық. Екінші күні бөлмеме Мұстафа Шоқай келді, таныстық. Ол Қазақстан туралы сұрай бастады. Менің оқыған, оқымағанымды сұрады. Мен "кәсіби білімім жоқ" деп айттым. Байтұрсынов пен Дулатов жайлы және олардың немен айналысып жүргенін сұрады. Мен Байтұрсынов Қызылордада оқытушы, ал Дулатов жазушы, кітаптар жазып жүр дедім. Мұстафа Шоқай маған өзінің Сұлу-Төбеде туғанын, туыстарының әлі күнге дейін сол жақта тұрып жатқанын жеткізді. Олармен хат алысып, хабарласып тұратынын айтты. Совет елшісі Красин оған елге қайтуға ұсыныс жасағанын, бірақ Отанына оралса, қуғын көретінінен қауіптенетінін жеткізді", - делінген протоколда.

Ал Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек әншінің Парижде Мұстафа Шоқаймен кездесуін былайша сипаттайды.

"Мұстафа Әміренің концертінде болады. Кейін әншіні Париждің орталығындағы қымбат мейрамханаға қонаққа шақырады. Мұстафа Шоқайдың жанында Ромен Роллан, Анри Барбюс сынды француз жазушылары болады. Екеуі мейрамханада құшақтасып амандасады. Онда отырған француз жазушысы Ромен Роллан көптен бері көрмей жүрген бауырын кездестіріпті ғой деп ойлап қалады. Кейін ол екеуі бірін-бірі алғаш рет көріп тұрғанын білген кезде қатты таңғалады", - дейді ол "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Қашаубаев тергеу протоколында Мұстафа Шоқай өзіне хат бергенін айтады.

"Кетер кезде ол маған Байтұрсынов пен Дулатовқа сәлем жолдап, блокноттың тілдей парағына өз қолымен олардың аты-жөндерін жазып, хат жолдады. Париж сапарынан кейін мен Қызылорадада болып, Байтұрсынов және Дулатовпен бірнеше рет кездестім. Олар шетте жүрген Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы қызықтап көп сұрады. Мен Мұстафа шетелде шығатын түрлі баспалар мен газеттерде қызмет істеп жүргені туралы айтып бердім. Мұстафа Шоқайдың Байтұрсынов және Дулатовқа жолдаған хаттарын жоғалтып алдым. Мен оны көп іздедім. Бірақ таба алмадым", - дейді ол тергеу протоколында.

1925 жылы Әміре Қашаубаев Францияға сапарынан соң, НКВД-ның назарына түседі. Ал 1927 жылы Қашаубаев тағы да шетелге сапар шегеді. Бұл жолы ол көп ұлтты кеңес одағы делегациясы құрамында Майндағы Франкфуртте өткен көрмеге қатысып, ән айтады. Онда ол тағы Мұстафа Шоқаймен кездеседі. Оның бұл әрекеті коммунистік партияға ұнамайды. Әнші елге оралған соң, оған қатысты ашық және аяусыз қудалау басталады.

Тар жол, тайғақ кешу

Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек Анатолий Луначарский Әміренің талантын мойындағанын, бірақ оның өлімінен соң, қудалау басталғанын атап өтті.

"Әміренің талантына, дарынына сүйсінген Анатолий Луначарский оны тікелей қолдаған еді. Ол кезде Луначарский ағарту наркомы қызметінде. Сондықтан Әміреге ашық тиісуге ешкім бата алмайды. Бірақ Луначарский қатты ауырып, 1930 жылы қайтыс болады. Ол өмірден өткен соң, Әмірені қудалау басталады", - дейді ол.

Тағы оқыңыз: Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?

НКВД жендеттері оның үйін еш рұқсатсыз тінтіп, еш нәрсе таба алмайды. Алайда олар түнде әншіні үйінен алып кетіп, жиі тергейтін болады. Қазақ актері Серке Қожамқұлов Әміренің бірде жұмысқа қан-жоса болып келгенін жазады.

"Әміре бірде жұмысқа қан-жоса болып келді. Біз не болды десек: "Ештеңе сұрамаңдар! Бәрібір айтпаймын" деп жауап берді. Алайда кейін ол түн мезетінде мемлекеттік саяси бірлестік басқармасына апарып, тергейтінін айтты. Бірі тергеп, екіншілері ұрып-соққан. Сондай-ақ осы қылықтарын біреулерге айтса, онда отбасың да оңбайды деп қорқытқан", - делінген Әміренің досы қазақ драма театрының режиссері Серке Қожамқұловтың естелігінде.

Серке Қожамқұловтың тағы бір естелігінен:

"Оның Парижден келген жылы еді. Әміре жұмысқа жылап келді. Мен оған "Ойбай, не болды?" дедім. "Сендер менен сұрамаңдар, мен айтпаймын. Айтсам, бәле болады. Олар менің отбасымды оңдырмайды" деп жауап берді. Күш бермей, соңында айтқыздық. Сөйтсек, тыңшылар келіп, оны түнде үйден алып кетіп, жердің астындағы қараңғы бөлмеге апарған. Онда "Мұстафа не деді? Не берді?" деген сұрақтарды қойып, тергепті. Кейін көк ала қойдай ғып сабаған. Бұл жағдайды маған Әміре жылап тұрып айтты".

Ал кеңес композиторы Евгений Брусиловский Әміре Қашаубаевтың қатты күйзеліске түскенін айтады.

"Операға дайындық жүріп жатқанда Әміре Брусиловскийге барған. "Жасыратын түгі де жоқ. Арақтың иісі шығып тұрды. Жағдайы мәз емес еді. "Кешегі Францияда ән айтқан Әміре мен жанымдағы тұрған Әміреге көзім сенбей тұрды". Мұны Брусиловский өз естелігінде жазып қалдырған. Тыңшылар Әмірені сондай күйге жеткізген болып тұр ғой", - дейді тарихшы Жарқын Шәкәрім.

Ақыры 1934 жылы Әміре Қашаубаев театрдағы жұмысынан босатылады. Атақты әнші сүйікті кәсібінен қол үзген соң, қатты қайғырып, күш-қуаттан айырылады.

Әміренің соңғы рет өнер көрсетуі

Композитор, дирижер Ахмет Жұбанов 1934 жылы Әміренің соңғы рет өнер көрсеткенін есіне алады.

"1934 жылдың басында Алматыда қазақ әндерін граммофон таспаларына жазатын топ келетін болды. Халық ағарту коммисариатындағы жиын қазақ ән өнерінің байқауына айналып кетті. Ең соңында Әміре шықты. Оған дейін ол бір бұрышта басы салбырап отырған. Барлығы Әмірені жиынға келмейді, келсе де, ән айтпайды деп ойлайды. Кенет ол басын жұлып алып, кеудесін тіктеп, дүр сілкінгенде, түрі жарқырап шыға келді. Әуенге елітіп, жан-тәнімен беріліп, төгілте жөнелді. Жеті ме, сегіз бе ән орындап, қара терге малшынды", - дейді ол өз естелігінде.

Жұбановтың айтуынша, халық ағарту коммисариатының кабинетінде құлаққа ұрған танадай тыныштық тұнады.

"Бәрі бастарын шұлғып, бір-бірімен сыбырласады. Тіпті, Әміре енді ән айтпайды деп, сырттай көре алмай жүргендердің өзі еріксіз езулеріне күлкі үйіріп, оған тәнті болғандай кейіп танытты. Әміре болса, маңдайынан жауған терді, көзінен үзілген жасты ешкімге білдіртпей сүртті де, кабинеттен тез басып шығып кетті. Бұл оның соңғы рет ән салып, талантының соңғы тиегін ағытқан сәті еді", - деп жазды Ахмет Жұбанов.

Әншінің жұмбақ өлімі

1934 жылдың 7 қарашасында әнші Қазан революциясына орай Алматыда "Қыз-Жібек" операсын қою үшін үлкен премьераға дайындалады. Күләш Байсейітовамен бірге сахнаға шығып,Төлегеннің партиясын орындау Әміренің арманы болады. Алайда сол жылдың 6 қарашасына қараған түні 46 жасында қақаған қара суықта Алматы көшелерінің бірінен Әміре Қашаубаевтың өлі денесі табылады. Ол Алматыда жерленеді.

Қашаубаевтың жұмбақ өліміне қатысты сан түрлі болжам бар. Оның бірі – әншіге удың берілуі. Бірақ бұл болжамды нақтылайтын бірде-бір құжат жоқ. Тек бір анығы Әміре Қашаубаевтың қазасы кездейсоқ болуы мүмкін емес еді. Өлерінің алдында композитор Ахмет Жұбановпен кездесіп, "егер маған бірдеңе болса, балаларыма қарайласып, қамқор болшы" деп өтінішін айтқан.

Тағы оқыңыз: "Әміре" фильмі Голливудте үздік деп танылды

"Ахмет Жұбанов Әміре маған келіп, "мен өмірден өтсем, екі қаршадай қызыма қол ұшыңды бер, көмектес" деп айтқанын естелігінде жазған", - дейді тарихшы Жарқын Шәкәрім.

Алайда кеңес билігі әнші өкпенің қабынуынан қаза тапты деген қорытынды шығарып, осы болжамды ресми айғақ ретінде рәсімдейді. Алайда Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек бұл ақылға қонымсыз болжам деген пікірде.

"Өкпесі ауырды деген диагноз қойылады. Бұл ақылға сыймайтын дүние. Біріншіден, әншілер өкпе ауруымен жиі ауырмайтын. Екіншіден, өкпенің қабынуы бір күнде болатын дүние емес. Әміре төртінші қараша күні репитициядан сау болып шығып, ертеңінде өліп қалмайды ғой. Ол да қисынға келмейді. Енді жүректің ауруынан ажалы жетті десе оған сенуге болады", - дейді маман "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Әншінің өліміне НКВД қызметкерлерінің тікелей қатысы бар екенін мына құжат анықтайды.

"Қазақстанның қазақ эмигранты Мұстафай Шоқаймен байланысы баяғыдан қалыптасқан. Ол сонау 1924 жылы Семей мен Ақмолада шығарылған үнпарақтардың негізінде Парижде басылатын діни газетте "Аштық" деп ат қойып, Қазақстанда 450 мың қазақтың ашаршылық азабын тартып жүргенін жазған. Сонымен қатар Шоқай Парижге барып қайтқан әнші Әміремен байланыс орнатқан. Шоқайдың бұл байланыстары елдің саяси-қоғамдық өмірінен хабардар болып отыруына мүмкіндік береді. Оған Шоқайдың партияаралық топтардың мүдделері туралы діни газетінде жариялаған "Жаңғыру" атты мақаласы дәлел", - делінген "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Ауыр қаза

Қашаубаев өмірден өткен күні "Казахстанская правда" газетінде жазушы Сәкен Сейфуллин "Мәдениеттің марғасқалары Анри Барбюс пен Роман Ролланды өзінің табиғи талантымен тәнті еткен Әміре деген әнші өмірден өтті" деп естелік жазды. Әміре Қашаубаевты соңғы сапарға бүкіл халқы арулап аттандырды.

Композитор Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, "Балқадиша", "Бес қарагер", "Көк көбелек" тағы басқа әндерді жазып алып, "Қазақтың 500 әні мен күйі" жинағында жариялады.

Әміренің әншілік қабілетін кезінде қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Иса Байзақов, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Құрманбек Жандарбеков пен Ахмет Жұбанов әрі әлем мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс өте жоғары бағалаған.

"Әміренің халық әнін айтуда лиризмі, дауысының тембрі аса сұлу болды. Сондай-ақ оның әнді ұзақ шырқауға лайықты дауысы болған. Әміре өзінің әнімен сол кездегі ұлы адамдардың барлығын тәнті еткен", - дейді жазушы Сұлтан Оразалин.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді - Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

Ал қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы, актер Қалибек Қуанышбаев естелігінде Әміренің адал адам болғанын жазады.

"Ол – дара тұлға, ақкөңіл, шыншыл, әзілге де бар, қолы ашық жан. Бір нәрсеге ренжіген кезде бала сияқты бұртия қалады. Бірақ жанына барып, "Қашаубай қараның баласы сен бе?" деп бүйірінен түртіп қалсаң болды, өкпе-назын ұмытып, балаша күліп, жадырап шыға келеді. Ол салған әннің бәрі жаңғырып, жан бітіп, жаңарып, түрленіп, шыға келетін", - дейді әртіс.

Әміре Қашаубаевтың таспаға басылған әндері ұзақ уақыт жоғалғандардың санатына жатқызылған. Қазақстанда сақталып қалуы да екіталай еді. Алайда оның жанды дауыспен шырқаған әндерін 1974 жылы тарихшы Жарқын Шәкәрім Мәскеуден тапты.

Отбасы

Әміре Қашаубаев өмірлік жары Оразкені Семейде кездестіреді. Ол да қарапайым шаруадан шыққан тарақтының қызы еді. Ерлі-зайыптылар тағдырдың қуанышы мен жұбанышын бірге кешеді. Әміренің басына іс түскенде оның мүжіліп, жүнжіп кетпеуіне Оразкенің махаббаты септігін тигізеді.

Әміре жары Оразкемен бірге. Қызылорда, 1929 жыл
Әміре жары Оразкемен бірге. Қызылорда, 1929 жыл

1926 жылы Әміре Қашаубаевтың үлкен қызы Күлән, 1927 жылы кіші қызы Күләш дүниеге келеді.

Талантты әншінің қазасынан соң, оның ұлы дүниеге келген. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады.

"Халық соңғы сапарға Әмірені шығарып салды. Осы уақытта Оразке жүкті екен. 40 күннен кейін босанып, дүниеге ұл бала әкеліпті. Әміренің достары Иса байзақов, Елубай Өмірзақовтар қуанып, үйіне келіп, сол кішігірім қуанышқа ортақтасқан. Актер Серке Қожамқұловтың өзі ұлдың атын "Әміржан" деп қоюға ұсыныс айтады. Бірақ нәресте апақ-сапақта 40 күнге жетпей шетінеп кетеді", - дейді Жарқын Шәкәрім "Тарих. Тағдыр. Тұлға" деректі фильмінде.

Кейін Әміре Қашаубаевтың отбасы жалған жаланың азабын тартады. Сотталмайды, қуғынға ұшырамайды. Бірақ ел ішінде "халық жауы" деген қаңқу сөз тыйылмайды. Осы азапты ауыр күндерге қарамастан Оразке қыздарын өсіріп, бой жеткізеді. Ол 1950 жылы құрт ауруынан көз жұмады. Ал әншінің қызы Күләш әке жолын қуып, музыкант атанады.

Тақырып:
Өмірбаяндар (104)

Тақырып бойынша

"Бәрін Тасқынмен салыстырдым": Роза Рымбаева туралы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер
Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?
Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз
Қазақтың алғашқы дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедұлы туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Кілт сөздер:
өмірбаян, Әміре Қашаубаев
Загрузка...

Басты тақырып