13:45 26 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD376.72
  • EUR408.67
  • RUB5.76
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
398 0 0

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы құрметіне Семей қаласы ерекше мәртебеге ие болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеуді тапсырды

Абайдың отаны Семей қаласының тарихын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Семей – Шығыс Қазақстандағы үлкендігі жағынан екінші қала. Ертіс өзенінің бойында орналасқан. Аумағы, ауылдық округтерді қоса алғанда, 27,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Қала халқының саны 300 мыңнан асады.

Семей тарихы

Семей қаласының негізі (бұрынғы атауы – Семипалатинск) 1718 жылы қаланды. Петр I шығыс жеріне және Ертіс өңіріндегі бекіністеріне қорған салу туралы жарлық шығарды. Құрылыс 1714 жылдан 1720 жылға дейін созылды. Солардың бірі Семипалат бекінісі болды.

"Семей" сөзі көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тайпасының тілінде "киелі мекен" деген мағынаны білдірсе, "Алаш сөзі түркі тілінде бауырлас, қандас, туыс деген мағына береді. Яғни, Семей, Алаш атауы – тұтас түркі дәуірінде қалыптасқан ең ежелгі атаулардың бірі. Семипалат бекінісі Ресей мен Қазақстан арасындағы негізгі сауда орталықтарының дамуында ерекше рөл атқарды. Он жылдан кейін 1728 жылы азиялық көпестермен сауда операцияларын бақылау үшін кеден мекемесі құрылды. Алғашқы жылдары Семей кедені Сібір жарлығына бағынды.

Тағы оқыңыз: Құнанбай қажылыққа аттанған: Қазақстандағы ежелгі мешіт туралы не білеміз?

1776 жылы капитан Андреев Семей бекінісінің жаңа жобасын жасады. Жол, көпір салып, жолдар мен қоршаулардың, бекіністердің жоспары мен картасын түсірді. Жаңа бекініске ескі бекініс тұрғындары, казактар, әскери қызметкерлер, саудагерлердің дені көшіп келе бастады.

1854 жылдың 1 қазанында Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Семей қаласы облыс орталығына айналды. Қайта құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең көлемдісі болды. 1873 жылы Семейде телеграф, ал 1910 жылы телефон және Қазақстандағы тұңғыш су құбыры пайда болды.

1928 жылға дейін Семей губерниялық қала, одан кейін округтік болды; 1932 жылы республика облыстарға бөлінді, алғашқыда Семей Шығыс Қазақстан облысының орталығы болып, 1939 жылдан Семей облысының орталығы болды. Соғысқа дейінгі жылдары қалада ірі өндіріс орындары салынды.

Семей тек Шығыс Қазақстан облысының емес, республикадағы мәдени, тарихи орталық болып саналады.

2007 жылдың 21 маусымында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып аталды.

Семей ядролық полигоны

Семей ядролық полигоны қаладан солтүстік-батысқа қарай 130 шақырымда, Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан. Бұл ауданда елді мекендер болмағандықтан, полигонның орны дәл осы жерден белгіленген еді.

Алғашқы сынақ 1949 жылдың 29 тамызында жүргізілді. 1949-1989 жылдар аралығында полигонда барлығы 456 ядролық сынақ жүргізілді. Барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болды. Түрлі есептеулерге сүйенсек, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен.

Тағы оқыңыз: Тоқаев облыс әкіміне ақшаны оңды-солды шашпауға кеңес берді

Семей полигонын 15 мың құрылысшы небәрі екі жыл ішінде салып бітірді.

1989 жылдың 26 ақпанында қазақ ақыны әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған халықаралық ядролық қаруға қарсы "Невада-Семей" қозғалысы құрылды. Белсенділердің мақсаты дүниежүзі бойынша полигондарда сынақ өткізуді тоқтатып, планетаны ядролық қарудан тазарту болды.

1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны жабылды.

Семейдегі Абай музейі

Абайдың ең алғашқы және ірі әдеби-мемориалды музейі Семейдің орталығында орналасқан.

Музей алғаш рет жазушы Мұхтар Әуезовтің ұсынысымен 1940 жылы 16 қазанда адвокат Әнияр Молдабаевтың үйінде ашылды. Абай Ахмет Риза медресесінде оқығанда, бес жыл бойы осы үйде тұрды. Екіқабатты коттедж кейін алаштықтардың бас қосатын ордасына айналды.

1967 жылы Абай Құнанбайұлы атындағы музей көпес Ершовтың бұрынғы үйіне көшірілді. Ал ұлы ойшылдың 150 жылдығына қарай музей ғимараты Абай 11 жастан бастап оқыған Ахмет Риза медресесімен қосылды.

Тағы оқыңыз: Абайдың мерейтойына қанша ақша жұмсалатыны жарияланды

Семейдегі Абай атындағы ең ірі музейде ақынға арналып ашылған 20 зал бар. Экспонаттар арасында – Құнанбайұлының алғашқы қолжазбалары мен кітаптары, ұлы ойшылдың жазған хаттары. Дәл сол жерде құнды фотосуреттер, Абайдың отбасы қолданған жеке заттар, сондай-ақ, ақын көзі тірісінде жер аударылған достары арқылы өлкетану мұражайына өткізіп кеткен 19 ғасырдың тұрмыстық дүниелері сақталған.

Тақырып бойынша

Абай мінәжат еткен: Семей халқы көне мешітті қалай сақтап қалды - видео
Семей полигонында 65 жыл бұрын алғашқы сутек бомбасының сынағы өтті - видео
Қазақстанда қанша Абай Құнанбайұлы бар – статистика белгілі болды
Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланды
Невада-Семей антиядролық қозғалысына - 30 жыл
Семей республикалық маңызы бар қалаға айналуы тиіс – Перуашев ұсыныс жасады
Тоқаев үкіметке Семей қаласына қатысты тапсырма берді
Кілт сөздер:
тарих, Абайдың 175 жылдығы, Семей
Загрузка...

Басты тақырып