03:34 26 Мамыр 2020
Тікелей эфир
  • USD414.13
  • EUR451.40
  • RUB5.80
Дерекқор
Қысқа сілтеме алу
Өмірбаяндар (109)
1548 0 0

Қазақстанның халық жазушысы, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Бір жасында әкесі атылды

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Омархан Сүлейменұлы мен Фатима Бәделбаеваның отбасында дүниеге келді. Орта жүздің Арғын тайпасы Сүйіндік руының Айдабол тармағынан шыққан. Әкесі Бірінші қазақ кавалериялық полкінің офицері болған, ол Олжас бір жасқа толғанда атылды. Олжастың атын Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы Олжабай батырдың құрметіне қойған.

"Велосипедтен құлағаным есімде. Өмірінде бірінші рет бұл балаға біреу велосипед тебуге берген, содан мен құладым. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын естелік. Себебі мен өзімнің алты жасымнан бастап не істегенімді білемін. Мені қызылша тиелген жүк көлігіне лақтыратын. Алты жастағы бала жолға қызылша түсіретін. Біраз уақыт өткен соң көлік жылдамдықты азайтқан кезде, қызылша да таусылған уақытта мен де соңғы қызылшамен бірге жолға түсетінмін", – деп еске алды Сүлейменов балалық шағын.

Олжас 1954 жылы Мәншүк Мәметова атындағы № 28 орта мектепті аяқтаған соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Әдебиетке 1955 жылы араласа бастайды, 1959 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түседі.

Олжас Сүлейменовтің еңбек жолы

Оқуды аяқтаған соң "Простор" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Қазақфильм" киностудиясының редакция алқасының бас редакторы, 1971-81 жылдары Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарды.

1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі қазақстандық комитеттің төрағасы болды. Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметін атқарды.

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жырды" зерттей келе, өзіндік ғылыми тұжырым жасады. Бұл еңбек Мәскеуде резонанс тудырып, кітапқа тыйым салынды. Кейінгі жылдары ақын саясатқа бет бұрды.

1990 жылы ядролық апатқа қарсы "Невада-Семей" қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына зор үлес қосты. 1991 жылы Қазақстан халық конгресі партиясының төрағасы болды.

1995 жылдың тамызынан бастап Қазақстанның Италиядағы, 1996 жылы сәуірінен Грекиядағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндетін атқарды. 2001 жылы Қазақстан республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болды.

2018 жылы Олжас Сүлейменов Алматыдағы мәдениеттерді жақындастыру орталығын басқарды.

Шығармашылығы

Олжас Сүлейменов туындыларын орыс тілінде жазады. "Арғымақтар" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көреді. Осы жылы шыққан "Адамға табын, жер, енді" поэмасы Сүлейменов есімін әлемге танытты.

"Адамға табын, жер, енді" поэмасының қалай жазылғаны жайлы ақын бір сұхбатында баяндады. Айтуынша, "Казахстанская правда" газетінің редакторына Кеңес адамының алғаш рет ғарышқа ұшатыны бір күн бұрын белгілі болған. Ол жас ақынға келіп өлең жазуын сұрайды.

"Ол менің өлең жазатынымды білетін. Не дегенмен сен инженерсің ғой және адамның ғарышқа ұшуы не екенін елестете аласың деді. Мен 1961 жылдың 11 сәуірінде кешке оның үстелінде өлең жазылған парақты қалдырдым. Ертесі таңертең мені әпкелерім оятты, қолдарында түрлі-түсті парақ бар. Ал көшеде көпшілік серуендеп, Алматыда шу болып жатты. Параққа қарасам, мен кеше редакторға қалдырып кеткен өлең. Осылай мен бірінші ғарышкер жайлы білдім. Таңертең Алма-Ата үстінен ұшақ ұшып, осы парақтарды шашқан екен", –  деп еске алады Сүлейменов.

Ал поэманың өзі бір аптадан кейін дүниеге келді. Газет редакторы Олжасты басқа барлық тапсырмадан босатып, ақын поэманы жазуға кіріскен.

Сондай-ақ, 1962 жылы "Нұрлы түндер", 1964 жылы "Шапағатты шақ", 1967 жылы "Мешін жылы", 1969 жылы "Қыш кітап" өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бөлек "Түн – Париждің қызындай", "Доброе время восхода", "Таңдамалы лирика", "Повторяя в полдень", "Әр күнің сенің – таң", "Жұмыр жұлдыз", "От өрімдер", "Айқын жағалау", "Аз и Я", "Жазу тілі" кітаптары басылып шықты.

Таңдамалы шығармалары қазақ тіліне аударылып, 1986 жылы "Атамекен" деген атпен басылып шықты.

Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі жылдары жазылған "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігінде мың жыл бұрын пайда болған сөздердің пайда болу сызбалары зерттеледі және ол кітап көпшілікке қолжетімді болады.

"1001 сөзде" homo sapiens түрі экваторлық Африкада пайда болған кезде ондаған мың жыл бұрын жасалған сөздердің пайда болу сызбалары зерттелуі тиіс. Менің жарты ғасыр бойы сөздердің шығу құпиялары жайлы ойларым бірқатар жинақтауды талап етеді. Олар жайлы сөздікке кіріспе ретінде "Сөз коды" ("Код слова") еңбегімде айтылды, ол жерде сөз бен тіл пайда болған бірнеше сөз ережесін тұжырымдауға тырысамын, – дейді Сүлейменов.

Ал 2018 жылы берген сұхбатында поэма, роман жазбайтынын, сөз бен тарихты зерттеп жүргенін айтқан.

"Мен поэма жазбаймын, роман жазбаймын. Сөз бен тарих тақырыбына тереңдеп кеттім. Жақын арада "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігімнің бірінші тарауымен таныстырғым келеді. Ол біздің кім екенімізді, қайдан екенімізді көрсетіп, көзімізді ашады", – деді ол.

"Аз и Я" кітабы

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жыр" жайлы ғылыми тұжырым жасады. Бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді.

Кеңес идеологтары Олжас Сүлейменовтің тұжырымдарын орыс мәдениетіне қарсы жазылған ұлтшылдықтың көрінісі деп айыптады.

"Кітап 1975 жылы шілдеде шықты. Содан кейін Константин Симоновтан пікір алдым, Литва ақыны Эдуард Межелайтистен де хат келді. Брежнев те кітап туралы айтты, кейінірек Димаш Ахметұлы Қонаев та кітапта ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін жазған. Бұл менің кітабыма айтылған ең жақсы пікір болды.

1976 жылдың қаңтарында съезге дайындық жүріп жатты. Қонаев қоңырау шалып, Суслов кітапқа шүйлігіп, ұлтшыл, антисовет деп айтқанын хабарлады. Алайда маған Суслов кітапты сызып тұрып екі рет оқығанын, алайда ештеңе түсінбегенін айтқан болатын", – деді Сүлейменов.

Ал 2006 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде Нұрсұлтан Назарбаев "Слово о моем друге Олжасе" деген мақаласында "Аз и Я" кітабының сатылымнан алынып тасталғаны туралы жазды.

"1976 жылдың маусымында өзінің қырық жылдығынан кейін ақын Қазақстан компартиясының орталық комитетінен қорлайтын хат алды. Ал кітап цензуралық ведомствоның нұсқауы бойынша кітапханалардан алынып, оны тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта сатуға тыйым салынды. Қазіргі заман терминологиясын қолдансақ, бұл ең күшті PR-акция болды, кітап бестселлер болып, Мәскеудің өзінде қымбат бағаға сатылды", – деп жазды Назарбаев.

"Невада-Семей" қозғалысы

Ядролық сынаққа қарсы "Невада-Семей" қозғалысы құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған Олжас Сүлейменов тастады. Осыдан кейін Семейде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесі құрылып, Марат Оразалин төрағасы болып сайланды. Ол қозғалысты құруда үш мақсат болғанын айтады. Біріншісі — халықты бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақыру, екіншісі — полигонды жабу үшін күрес жүргізу және зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қабылдау. 

1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ, 29 тамыз халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты.

Марапаттары

Саяси қайраткер ретінде Олжас Сүлейменов бірқатар қызмет атқарды. Соған сәйкес, қазақстандық және шетелдік марапаттар алды.

1964 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы; 1967 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы; 1972 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді.

1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағын алды, 2000 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығымен марапатталды.

Олжас Сүлейменов 2001 жылы І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, одан бөлек Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, "Даңқ белгісі", "Отан" медальдарымен марапатталған.

Әзірбайжан республикасының "Шухрат" орденімен, Украинаның "Ярослав Мудрый", Шешен республикасының, Франция және Ресейдің "Достық" орденімен марапатталған.

2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын иеленді.

2018 жылы Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты болды.

Олжас Сүлейменовтің отбасы

Олжас Сүлейменовтің әйелінің аты-жөні – Маргарита Владимировна. Динара, Мәдина, Ләйлә есімді үш қызы бар.

2018 жылы 22 маусымда жалғыз жиені Ескендір Сүлейменов астанада көлік апатынан қайтыс болды.

Ескендірдің қазасынан кейін Олжас Сүлейменов ауруханаға түсіп қалды.

"Мен әлі күнге дейін әлеуметтік желілерге кірген жоқпын. Желіде таралған сұмдық кадрларды ешқашан көргім келмейді. Оның үстіне менің сотқа қатысуым істің ақиқатын анықтауға ешқандай да көмектеспейді. Адам өлімімен аяқталған жол апаты бұл әрқашан да кісі өлтіру екені практикадан белгілі. Тіпті, әдейі болмаса да, мұндай жағдайда жол ережесін бұзу қылмыс. Оқиғаның мән-жайын анықтау - тергеу мен соттың ісі. Ескендір енді қайтып келмейді, иманды болсын. Жалғыз немерем", – деп сот отырысына байланысты хат жазды Сүлейменов.

Тақырып:
Өмірбаяндар (109)

Тақырып бойынша

Олжас Сүлейменов қазақ халқының алдында тұрған басты сын-қатерді атады
"Діннен жұбаныш табады" Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Олжас Сүлейменов әліпбиді латынға көшіруде асықпаған жөн деп санайды
"Бұл менің қателігім". Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Кілт сөздер:
өмірбаян, Олжас Сүлейменов
Загрузка...

Басты тақырып