Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

Мұхтар Шаханов бүгін 78 жасқа толды: жазушы туралы қызықты деректер

© Sputnik / Абзал КалиевПисатель Мухтар Шаханов
Писатель Мухтар Шаханов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанның халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

"Бүкіл Қазақстан шулады"

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар, бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған. Ақынның әкесі Қасқасу елді мекенінде қари молда болған, ол Мұхтар 9 жаста болған кезде дүниеден өтті. Анасы 13 құрсақ көтерген.

"Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым, кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде "16 жасар ақын шықты" деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов", - дейді Мұхтар Шаханов.

Мұхтар Шахановтың анасы Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовты өз ұлындай көрген, екеуі де Шахановтың анасын өз анасындай құрметтеп өткен.

Шахановтың айтуынша, ол нағашы ағасы Ысқақтың қолында тәрбиеленген. Ол кісінің күніне бір адамға жақсылық жаса деген қағидасын өміріне азық етіп алып қалған. Сол кісінің өмірден өтерде араққа әуес болма деген бір ауыз сөзін де жерге тастаған емеспін, дейді ол.

"Анамыз көңілі дархан кісі болатын. Ол кісінің қолына ақша түссе, дүкеннен өзіне қажетін алып келіп, бөлмесіне қойып қоятын. Үйге келген кісілерге соны таратып, содан қуанышқа бөленетін. Атамызды көрген жоқпын. Мұқаңның түр сипаты сол кісіге ұқсаған деп ойлаймын. Енем үнемі тақымын қысып, іштей тілеуін тілеп отырушы еді", - дейді ақынның жары Ханшайым Шаханова.

© Photo : azh.kz / Айнур СапароваҚазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов
Мұхтар Шаханов бүгін 78 жасқа толды: жазушы туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан
Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов

Қызмет жолы

"Мектепте бұзық балалардың бірі болдым. Өзен жағалап келе жаттым, Қасқасу тасып жатқан кез еді. Бір балықты толқын шетке лақтырып жібергені сол еді, ұстап алдым. Жанымдағы балалар қуырып жейтін болдық деп қуанып кетті. Білектей балық еді. Мен оған қарадым да, жаным ашып, өзенге қоя бердім. Содан біраз жерге барды да, балық бұрылып қарап тұрды. Сол оқиғаны әлі ұмытқан жоқпын", - дейді ақын бозбала шағы жайлы.

Мұхтар Шаханов 1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алған. Оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан" газетінде корректор (1960-65 жж.), "Лениншіл жас" газетінде (1965-70 жж.) оңтүстік өңірдегі меншікті тілші, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істеді. 1976 жылдан Қазақ КСР министрлер кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы қызметін атқарды.

"Менің негізгі мамандығым – тракторшы. Мамандығымның төңірегінде елдік ұлттық мүддеге жақын жүретін адаммын. Қазіргі кезеңде материалдық байлықтың, спорттың, жеңіл әндердің бірінші қатарға шығуына байланысты шындық керек болмай қалды. Көп жағдайда ақты ақ, қараны қара деп айта алмаймыз. Осыған байланысты кім шындығын жоғалтып алса, сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, үлкен ақын, ғалым, саясаткер, жазушы болсын – оның құны көк тиын", - дейді Шаханов бір сұхбатында.

1984 жылы "Жалын" альманағының бас редакторы болды. 1986 жылы "Жалын" журналының бас редакторы қызметіне кірісті.

1988 жылы республикада тұңғыш құрылған экологиялық қозғалыс – Арал мен Балқаш мәселесі жөніндегі қоғамдық комитеттің төрағасы болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде қазаққа "ұлтшыл" деп айып таққан КОКП орталық комитеті саяси бюросының қаулысына қарсы бас көтерді.

1988 жылы ислам дінінің қалдығы деген желеумен тыйым салынған "Наурыз" мерекесінің 62 жылдан кейін қайта салтанат құруына мұрындық болды.

"1988 жылы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге "Наурыз" мерекесіне қатысты хат жаздым. Бюродан мені екі-ақ адам қолдапты, оның бірі – сол кезде министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков", - дейді ақын.

1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ал 1991 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1992 жылы Олжас Сүлейменовпен бірлесіп, "Халық конгресі" партиясын құрды.

1993-2003 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.

"Қырғыз еліндегі бірден бір досым, аға досым, сана биігінде жолыққан досым – Шыңғыс Айтматов. Екеуміз көп мәселенің басында бірге жүрдік, ақылдастық, сырластық. Достықты да жай мәселе деп есептемеймін. Бұл да екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы", - дейді ақын досы Айтматов жайлы.

2004-2007 жылдары ҚР парламенті мәжілісінің депутаты болды.

2010 жылдан "Тәуелсіздікті қорғау" атты 50-ден астам қоғамдық ұйымның, партия, баспасөз орындарының басын қосатын халықтық-демократиялық қозғалыстың төрағасы және республикалық "Жалын" журналының бас редакторы болды.

Шығармашылығы мен марапаттары

Ақынның алғашқы өлеңі 1959 жылы жарияланды, ал "Бақыт" аталатын тұңғыш жыр жинағы 1966 жылы басылып шықты. Одан кейін 1968 жылы "Балладалар", 1970 жылы "Ай туып келеді", 1974 жылы "Қырандар төбеге қонбайды", 1976 жылы "Сенім патшалығы" кітаптары шықты.

"Мұхтар Шахановтың түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас, шыншыл түйсік", - деп жазды халық қаһарманы Қасым Қайсенов.

"Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілге аударылды.

"Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.

Шахановтың "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" ("Шыңғыс ханның пенделік құпиясы") атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемдік деңгейде қызу пікірталас тудырды. 

"Өлең деген – ешкім айтпаған ойларды айту. ЮНЕСКО менің жырларымды әлемдік поэзияның осы замандық биігі деп таниды. "Өркениеттің адасуы", "Жазагер жады космоформуласы" деген романымның әрқайсының өзінде 20-30 романның оқиғасы берілген. Солардың ішінде ешкім айтпаған ойлар бар. Сондықтан өлең жазу басқа, ұйқастыру басқа, нағыз ақын болу басқа. Соңымыздан келе жатқан жастардан осындай биікке көтерілуін талап етемін", - дейді Шаханов.

Мұхтар Шаханов 60-тан аса елден 120-ға тарта сыйлық алған. 2002 жылы Эйнштейн атындағы алтын медаль берілді.

"Эйнштейн атындағы сыйлықты дүние жүзінде менен бұрын 18 адам алған екен. Менің есімім БҰҰ алтын кітабына жазылған. АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония секілді жиырмаға тарта елдің құрметті азаматымын. Бірақ атақ пен даңққа қызыққан адам емеспін. Кезінде маған "Халық қаһарманы" атағын берді, қол қойып қойған кезінде мен алмай қойдым", - дейді ол.

Мұхтар Шахановқа 1994 жылы Қырғыз Республикасының халық ақыны атағы берілді. 1996 жылы Қазақстан Республикасының халық жазушысы атанды.

Одан бөлек Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған орта бағдарламасы сыйлығының лауреаты, Түркияның "Түрік дүниесіне қызметі үшін" халықаралық сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының халықаралық "Руханият" сыйлығының лауреаты атанды.

2006 жылы Түркия, Әзербайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған "Түркі әлеміне ерен еңбегі үшін" атағы берілді.

Махаббат жайлы үзік сыр

"Үш рет үйлендім. Маған сана биігінде бір болатын әйел жолыққан жоқ. Ол ілуде бір болады. Маған жолыққан жоқ. Оған мен кінәлі емеспін", - дейді Шаханов.

Махаббат деген мүлде басқа дүние. Жер шарында жеті жарым миллион адам бар. Көп бөлігі әйел, соның барлығы бір-бірімен татуласады. Кез келген жәндік те баласын тудырып жатады. Махаббат деген – екі пайымды, парасатты адамның сана биігінде жолығуы, деді ақын сұхбаттарының бірінде.

"Дінмұхамед Қонаевпен жақын дос болдым, бірі-бірімізге деген көңіліміз мүлде бөлек еді. Димекеңнің Зухра деген әйелі болды, бірақ балалары болмады. Туыстары сізден ұрпақ алып қалуымыз керек деп келген екен. Зухра сонда Димекеңнің өзі шешеді, мүмкін кінә менен болар деп ештеңе айтпапты. Сомен оған 20 жастағы қызды дайындап қойыпты, ол қыз да ұрпақ алып қалуға құлшынып тұр екен. Қонаев көнбей қойыпты. Мен қай қалаға барсам да, барған жерімнен бір кітап алып келемін. Оны Зухраға беремін. Зухра соны оқып шығады, екеуміз соны талқылаймыз. Қанша әйелді білемін, маған Зухрадай сана биігінде жолыққан адам жоқ дейтіні бар", - дейді Мұхтар Шаханов Қонаевтың махаббаты жайлы.

Жаңалықтар
0