11:43 21 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD376.16
  • EUR406.18
  • RUB5.90
Тақырып бойынша жаңалықтар Жұбан Молдағалиев

Жұбан Молдағалиев 1920 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады. Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы "Комсомол ұрпағы" атты облыстық жастар газетінде оның "Ленин тірі" деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.

1940 жылы Жұбан Молдағалиев міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді. Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, "Отан үшін", "Майдан ақиқаты", "Жеңіс туы" атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.

Кеңес армиясы қатарынан кейін Жұбан Молдағалиев "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды. 1949 жылы оның "Жеңіс жырлары" атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады. Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған "Отан", "Бір бассаң да алға бас", "Туған елге", "Қазақ", "Шығыста туған елім бар", "Жеңімпаздар сәлемі" атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.

Кейін Жұбан Молдағалиев "Қызыл галстук" (1949), "Нұрлы жол" (1951), "Бастаушымыз партия" (1954), "Жыр туралы жыр" (1957), "Заман тынысы" (1960), "Жесір тағдыры" (1962), "Ғашық көзбен" (1964), "Мен қазақпын" (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.

Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды. Ол екі рет "Еңбек Қызыл ту" және 2-дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Жұбан Молдағалиев 1988 жылдың 6 қазанында 68 жасында қайтыс болды.

1 Нәтижелер
  • Жаңа
  • Таңдаулы