Видео

Сексеннің сеңгіріне шыққан әжейдің биі тәнті етпей қоймайды

Жазылу
Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде қазақ тойында «Ата толғау" күйінің ырғағымен мың бұралған әжейдің биі тараған болатын. Sputnik Қазақстан редакциясы биші әжейді тауып алып, әңгімелесті.

Үстіне өрнектелген ақ қамзол мен кимешек киген әжей ортаға шығып, Нұрғиса Тілендиевтің "Ата толғауының" ырғағымен қазақша әдемі билей жөнеледі. Жиналған жұртшылық биші әжейдің өнеріне тәнті болып, қошемет көрсетеді. 

Әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл видеоның кейіпкері Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғыны 83 жастағы Үмітжан Ботбаева болып шықты. Жуырда қария ардагерлер арасында өткен "Қарттардың да өнерге бар таласы" атты байқауға қатысқан. Қатысушылардың ішіндегі жасы ең үлкен әжей осы жолы да көрермендердің ықыласына бөленеді. 

Үмітжан апа кішкентай кезінен биге жақын екен. Әке-шешеcімен бірге тойларға барып, ортаға шығып билегенге жаны құштар болған. Мектепте оқып жүрген кезінде де биді тастамайды. Тіпті бірде белгілі биші Шара Жиенқұлова оның биге қабілетін байқап, балеттен сабақ алуға көмектеседі.

"Бір күні белгілі биші Шара Жиенқұлова мектепке келді. Содан менің биімді көріп, мені балетмейстрге тапсырады. Балетке барып жүргенде қыз тәрбиесіне үлкен мән беретін шешем "балетті қайтесің, ертең бұзылып кетесің" деп мені жиырма жасымда күйеуге беріп жіберді де, балетті тастадым", — деп әңгімеледі қария. 

Бірақ Үмітжан апа сүйікті ісін мүлдем тастап кетпей, елу жастан асқанда қайта оралады. Сөйтіп, отыз жылдан бері әжелер ансамблінің құрамында билеп жүр.  

"Музыка естісем, әуеннің ырғағымен қозғалып кетемін. Бөтен жер болса, билей бермеймін. Ал туған-туыстың тойында, туған күнде билеймін. Егер билемей үйге келсем, ертеңгі күні ауырып қаламын. Билеп, терлеп, денедегі ащы тердің бәрі шыққанда, өзімді өте жеңіл сезініп, өте жақсы болып қаламын. Денемдегі ауыр дүниенің бәрі кетіп, марқайып қаламын", — дейді биші әжей. 

Алты немере мен екі шөбере тәрбиелеп отырған Үмітжан апа сөз соңында жастарға игі тілегін жеткізді. 

"Жастарға айтарым, аянбай еңбек етіп, елге, жұртқа қызмет етіңдер. Белсенді өмір сүріңдер. Мен секілді  билеп жүрсеңдер, жүзге жетесіңдер", — деп күлді қария. 

Жаңалықтар
0