05:54 02 Маусым 2020
Тікелей эфир
  • USD408.61
  • EUR454.09
  • RUB5.86
© Sputnik . Абзал Қалиев, Арман Асқар

Бірінші мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында әуе рейстері ашылды. Алайда ұшақтардың саны шектеулі және барлық санитарлық-эпидемиологиялық ереже қатаң сақталады

Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтанға Алматыдан ұшып келген бірінші карантиндік рейсті қарсы алып, жолаушылармен сөйлесіп қайтты.

Тәртіп қатаң сақталады

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жолаушыдан гөрі полицейлер мен күзетшілер көп. Барлығы санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті қадағалап жүр. Әуежайдың ішіне тек жолаушыларды ғана кіргізеді. Залда кіретін және шығатын аймақты арнайы лентаман қоршап қойған. Ол шекарадан шығуға болмайды. Санитар дәрігерлер әрбір жолаушыны жіті тексеріп отырады.

"Біз ең алдымен жолаушының дене қызуын өлшейміз. Одан кейін COVID-ке тапсырған тест анықтамасы мен жеке құжаттарын тексереміз. Барлығы дұрыс болса ғана өткіземіз. Тесттің анықтамасы жолаушының өзінде қалады", - дейді санитар Маржан Төлтаева.

Ал жолаушыларды күтіп алатын және шығарып салатын адамдарға ішке кіруге рұқсат жоқ. Тіркеуге дейін шығарып саламын десең, анықтама болу керек. Сонда ғана әуежайға кіргізеді. Бірақ алдымен санитар дәрігерлердің тексерісінен өту қажет.

Жол ақысы қымбатқа түсті 

Алматыдан шыққан алғашқы карантиндік рейс астанаға таңғы сағат 8:40-та ұшып келді. Жолаушылардың көбісі сұхбат беруден бас тартты. Ал пікір білдірген адамдар жол ақысының қымбатқа түскенін айтып отыр. Себебі билеттен бөлек тестке де біраз ақша шығару қажет. 

"Мысалы, мен билетті 55 мың теңгеге алдым. Оған тестке кеткен 20 мыңды қосыңыз. Әрине, қымбат. Енді, маған астанадан ары қарай Қарағандыға жету керек. Мысалы, қазір блок-бекетке дейін таксиге тапсырыс беріп жатырмын. 3-5 мыңдай шығып отыр. Ал блок-бекеттен Қарағандыға дейін бұрын бір салонға 12 мың алатын. Қазір 25-30 мың дейді. Сонда Алматыдан Қарағандыға жету үшін 100 мыңдай кетеді", - дейді жолаушылардың бірі.

Ал жас бір келіншек кішкентай сәбиге де тест тапсырғанын жеткізді.

"Тестпен бірге қымбат, кішкентай сәбиге де тест тапсырдық. 97 мыңдай билет және 37 мың тестке кетті. Қымбат, қарапайым халыққа қымбат", - дейді ол.

Тағы рейстер ашылады

Ұшаққа бетпердесіз кіргізбейді. Ішінде санитарлық ереже қатаң сақталады. Үш орындықтан тұратын қатарда бір ғана жолаушы отырады. Сөйтіп, барлығын шахмат тәртібімен отырғызады. Жолаушыларды ұшақтан шығармай жатып,  дене қызуын тексереді.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан мен Алматы арасында ұшатын жолаушылардың мәліметі базаға енгізіледі

Айта кетейік, мемлекеттік комиссия 1 мамырдан бастап  Нұр-Сұлтан мен Алматының арасында әуе рейстерін ашуға шешім шығарған болатын. Мәселен, бүгін Алматыға төрт рейс жоспарланған. Ал 4 мамырдан бастап осы екі қаладан тағы төрт қалаға ұшақтар қатынайды бастайды, олар - Семей, Өскемен, Қызылорда және Петропавл.

Кілт сөздер:
видео, карантин
Загрузка...

Басты тақырып