Видео

Жаңа оқу жылында кезекші сыныптар қалай оқиды - видео

Жазылу
Қазақстанда карантиндік шектеулерге байланысты жаңа оқу жылы қашықтан білім беру форматында басталады

Бірақ 1-4 сыныптарға дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріліп отыр. Ол үшін ата-аналар өтініш беруі керек. Балалар үшін кезекші сыныптар ашылады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 40 мыңнан астам баланың ата-анасы кезекші топтарға өтініш берген. Sputnik Қазақстан тілшісі астанадағы №76 мектеп-лицейінде кезекші сыныптарды дайындау шараларымен танысты.

Жаңа оқу жылы басталғанда мектепте ересек адамдарды барынша азайтады. Ал кезекші сыныптардың оқушылары мектепке әртүрлі уақытта кіретін болады. Әр топтың арасы - 15 минут. Сонда балалар бір жерде көп шоғырланбайды.

Мектепте арнайы дезинфекциялық құралдар орнатылған. Оқушылар тек арнайы сызықтардың бойымен ғана жүреді. Арақашықтық сандар мен әріптермен белгіленген. Психологтардың айутынша, балалар ондай белгілерді жақсы қабылдайды. Кезекші топтарда тек негізгі пәндер ғана оқытылады.

Мектеп директоры Сафура Сейдуәліқызының айтуынша, бастауыш сыныптар дүйсенбі, сәрсенбі мен жұма күндері мектепте білім алады. Ал сейсенбі мен бейсенбіде қашықтан оқиды.

"Кезекші сыныптарда барлық пән оқытылмайды. Негізгі пәндер ғана болады және мектепте төрт сабақтан артық қойылмауы керек. Математика, сауат ашу, дүниетану мен жаратылыстану пәндері кезекші топта, ал орыс тілі, ағылшын тілі, өзін-өзі тану, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылады", - дейді Сейдуәліқызы.

Мектепте оқушының дене қызуы анықталса, оны арнайы бөлмеге оқшаулайды. Сосын ата-анасы мен жедел жәрдемді шақыртады.

Бүгінде кезекші сыныптарға өтініш беріп жатқандардың басым бөлігі – 1 сыныптар. Оның да өзіндік себебі бар.

"Ата-аналардың көпшілігі "бала бірінші сыныпқа келгеннен кейін партаны көрсінші, мектепті көрсінші" дейді. Одан кейін олар жұмыстан шыға алмайды, сол себепті баланың үйде сабақ оқуын қадағалауға мүмкіндігі жоқ", - деді Сейдуәліқызы.

Мектеп мұғалімдері медициналық тексерістен өткен. Созылмалы ауруы бар және жасы үлкен ұстаздар онлайн сабақ береді. Ал кезекші топтарға жас мамандар тартылады. 

Жаңалықтар
0