22:18 23 Қыркүйек 2020
Тікелей эфир
  • USD423.41
  • EUR496.91
  • RUB5.57
© Sputnik . Абзал Қалиев

Коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан дәрігерлердің құрметіне арналған көрме Есіл өзеніндегі жаяу жүргіншілер көпірінде ашылды

Идея авторы – кәсіби фотограф Руслан Мазунин. Ол дәрігерлердің күлкісі қазақстандықтарға COVID-19 індетін жеңуге үміт сыйлайды деп санайды.

"Менің тарапымнан керемет ештеңе жасалған жоқ. Француз суретшісінің жұмыстарын көрдім, ол да осы көрмеге ұқсас болатын. Ол жерде арасында ақ-қара портреттер болды, яғни ішінде қайтыс болған дәрігерлердің фотосы қойылған. Ал бұл көрмеде қуанышқа орай арамызда жүрген дәрігерлердің фотосы жұрт назарына ұсынылды, соған сай фотолар да ашық түсті. Пандемия кезінде ауруханалардың салынып жатқанын және провизорлық орталықты дайындағанын, гуманитарлық көмекті қалай жібергенін түсірдім. Наурыздан бері осы саламен тығыз байланыста болдым. Сондықтан осылайша дәрігерлерге алғыс білдіргім келді", - деді Мазунин Sputnik Қазақстан тілшісіне.

"Ризамыз" фотокөрмесіне 101 портрет қойылған. Барлығы елорданың инфекциялық ауруханасының дәрігері. Бұл коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы қатарда жүрген қызметкерлердің бір бөлігі ғана.

"Күн сайын бір бөлімнің өзіне 50-60 адам түскен кездер болды. Дәрігерлерге жүктеме артты. Олар үйге қайтпай, ауруханада түнеді. Аурухана екінші үйіне айналды десе де болады. Балаларын, отбасын көрмей, түнімен сол жерде науқастарды емдеуге атсалысты. Қазір науқастардың саны азайды", - дейді инфекционист Гүлжан Сәриева.

Фотограф Руслан Мазунин медицина қызметкерлерін мүмкіндігінше табиғи көрсетуге және кадрларды қайталамауға тырысқанын айтты.

"Жарнама түсіретін фотограф болсам да, медицина қызметкерлерін жарнамадағыдай көрсеткім келмеді. Сол себепті олардың мүмкіндігінше өмірдегі кейпін көрсетуге тырыстым. Жүздерінен күлкі кетпегенін қалаймын. Жалпы алғанда, осы тақырып төңірегінде көңілсіз жайттар барлығын шаршатты. Сол себепті аз да болса мейірім сәулесін көрсеткім келді", - дейді ол.

Мазунин басқа қала мен аймақтардың фотографтары осындай көрме ұйымдастырады деп үміттеніп отыр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жобаны қандай да бір жолмен атап өткенін қалаймын. Ол тіпті Instagram желісі болуы мүмкін. Президент әлеуметтік желіде өте белсенді және көптеген мәселеге қатысты жедел түрде жауап беріп отырады. Маған жарнама қажет емес, мен халықтың нағыз батырларды көргенін қалаймын", - деп түйіндеді ол.

Фотокөрме бірнеше күнге созылады. Содан кейін Мазунин көрменің кейіпкері болған барлық адамға портреттерін табыстағысы келеді.

Кілт сөздер:
көрме, дәрігерлер, видео
Загрузка...

Басты тақырып