Әлем

Ресей мен Грузия арасында тікелей әуе қатынасы тоқтатылды

© Sputnik / Александр Кряжев / Медиабанкке өтуҚонғалы жатқан ұшақ, архивтегі сурет
Қонғалы жатқан ұшақ, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазір төрт жарым мыңға жуық ресейлік турист Грузияда жүр

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығымен дүйсенбіден бастап ресейлік және грузиялық әуе компанияларына екі ел арасында тікелей рейс орындауға тыйым салынды. Тыйымның күші қашан жойылатыны әзірге белгісіз.

Бұған дейін қос ел арасында тікелей рейсті ресейлік "Аэрофлот", "Победа", S7, "Уральские авиалинии", Red Wings, "Нордавиа" және екі грузиялық – Georgian Airways және MyWay Airlines әуе компаниялары орындаған еді.

Жексенбі, 7 шілдеде ресейлік "Уральские авиалинии" және S7  ұшақтары Тбилиси әуежайынан Ресей бағытына қарай соңғы рет ұшты.

Ресейдің көлік министрі Евгений Дитрих қазір Грузияда 4,5 мыңға жуық ресейлік турист қалғанын мәлімдеді. Олар әуе қатынасына тыйым салынғанға дейін билетін тапсырмаған немесе басқа күнге ауыстырмаған.

Тағы оқыңыз: Нұр-Сұлтан мен Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Десе де бұған дейін ресейлік жолаушыларға 8 шілдеге немесе одан кейінгі датаға алынған билетті ешқандай айыппұлсыз қайтарып, ақшаны кері алуға болатыны, немесе басқа бағытқа рәсімдеуге болатыны жайлы айтылған еді.

Ресей мен Грузия арасында әуе қатынасы неге тоқтады?

20 маусым күні Тбилисиде наразылық акциясы басталды. Шеруге шыққандар ресейлік делегаттардың Парламентаралық православие ассамблеясының сессиясына қатысуына қарсы болған. Оған Мемлекеттік дума депутаты Сергей Гавриловтың Грузия парламентінде спикердің мінберіне шығып, орыс тілінде сөйлеуі түрткі болыпты.

Митингке шыққандар үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ресейлік өкілдер отырған парламенттің ғимаратына баса-көктеп кірмек болды.

Алайда арнайы жасақ су атқыш, резеңке оқтар мен көзді жасаурататын газды қолданып, митингке шыққандарды таратты. Алайда 21 маусымда наразылық тағы жалғасты. 240 адам зардап шегіп, 300-ден астамы ұсталды.

Дәл сол күні Грузия парламентінің басшысы Ираклий Кобахидзенің отставкаға кеткені мәлім болды.

Тағы оқыңыз: "Жағамызды ұстадық" Қазақстандық стюардессаның ашық әңгімесі

Грузия президенті Саломе Зурабишвили Тбилиси орталығындағы тәртіпсіздікті трагедия деп атап, барлық саяси күшті алмағайып кезеңде бірігуге шақырды. Ол Беларуське ресми сапарын тоқтатып, Грузияға оралды. Сонымен қатар, ел президенті Ресей Грузияны тұрақсыздандыруға мүдделі екенін мәлімдеді.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі қауіпсіздік мақсатында өз азаматтарына әзірге Грузияға бармауға кеңес берді.

РФ президенті Владимир Путин 22 маусымда ресейлік және грузиялық әуе компанияларына екі ел арасындда жолаушы тасымалын жүзеге асыруға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. 8 шілдеден бастап туристік операторлар мен агенттерге жолдама сатпауға кеңес берілді. Ел үкіметіне ресейліктерді отанына қайтаруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Қазақстан Грузиямен тікелей әуе қатынасын жалғастыра ма?

Қазақстаннан Грузияға тікелей рейсті Air Astana (Тбилисиге) және SCAT (Батуми және Тбилисиге) әуе компаниялары орындайды.

Екі ел арасында әуе қатынасына ешқандай шектеу қойылған жоқ.

Қазақстанның азаматтық авиация комитеті отандық әуе компаниялар сұраныс пен қажеттілік туындаған жағдайда, ресейліктерді Грузияға жеткізе алатынын атап өтті.

"Грузияға қатысты айтар болсам, сұраныс артқан жағдайда әуе компаниялары қосымша рейс орындай алады. Бұл үшін рұқсат етілген сыйымдылық пен жиілік жеткілікті", - деді ААК басшысы Талғат Ластаев.

Жаңалықтар
0