АСТАНА, 18 мамыр — Sputnik. Шымкент ауруханасында жол апатынан зардап шеккен ер адам жатыр. Ол өз тегін нақты айта алмай отыр, деп жазады өңірлік Otyrar басылымы.
Зардап шеккен адам 19 сәуір күні жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Екі апта бойы ер адам комада жатқан. Есін жиған соң ол өз есімін де, тұрғылықты мекен жайын да атай алмады.
Емделуші ең алдымен Қазыбеков деген текті атады, алайда кейіннен басқасын айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, ол 39 жаста, Шымкентке әкесімен келген.
Алайда науқастың тұрақты жағдайына қарамастан, дәрігерлер оның сөзіне күмән келтіріп отыр. Өйткені емделушіде жарақаттан кейін дамыған амнезия және психикалық ауытқу байқалған. Дәрігерлер ер адамдарды таныған қала тұрғындарынан хабарласуларын сұрап отыр. Ол "Рощадағы" жедел медициналық ауруханасында жатыр.