Денсаулық

Ботокс: бұл не, не үшін қолданады және қауіпті ме

CC0 / pixabay.com / Уколы красоты
Уколы красоты - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.09.2023
Жазылу
Ботокс – адамзатқа белгілі органикалық түрге жататын ең күшті у – ботулотоксин негізіндегі препарат
"Ботокс" сөзі қазір қоғамда жасанды сұлулықтың синонимі секілді қабылданатыны жасырын емес. Әрі бұл терминге көптің құлағы да үйренді. Дегенмен Sputnik Қазақстан жас көрінудің таптырмас құралы саналатын бұл препарат қайдан шыққаны, қалай әсер ететіні және оның зияны мен пайдасы туралы толығырақ баяндайды.

Ботокс деген не

Ботокс – адамзатқа белгілі органикалық түрге жататын ең күшті у – ботулотоксин негізіндегі препарат. Ботулин уы нейротоксинді, яғни ол жүйке жасушаларын салдандырады және сол арқылы олардан бұлшықетке ақпарат беруді тоқтатады. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, ағза жай ғана жұмысын тоқтатады. Ботулотоксиннің бұлшықеттерді салдандыру қасиеті оны косметологияда әжімдерді тегістеу үшін қолдануға әкелді.
Ботулотоксин "шұжық уы" деп те аталады. Бұл оның латын тіліндегі атауының сөзбе-сөз аудармасы: Botulinum toxin (Botulus - шұжық). Осы уды ХІХ ғасырдың аяғында бельгиялық бактериолог Э. ван Эрменген ашқан. Ол үдемелі сал ауруынан қайтыс болған науқастар жеген бұзылған шұжық қалдықтарынан өлімге әкелетін тамақ уның қоздырғышын анықтап, оны Botulinum toxin деп атады.
Головные боли, мигрень - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.08.2023
Денсаулық
Инсульт: белгілері, емі және профилактикасы
Бұл препараттың әскери мақсатта қолданылғаны да тарихтан белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұл уды АҚШ кеңінен зерттеп, нәтижесінде жоғары деңгейде тазартылған және адам үшін ең қауіпті саналатын А типті ботулин токсині (БТА) алынды. Дегенмен оның медицинаға қалай келгеніне тоқталайық.
Бірінші болып америкалық офтальмолог Алан Скотт болды, ол 1960 жылдары айқас көзді маймылдарға БТА қолданумен сәтті тәжірибелер жасады. Осыдан кейін ол еріксіз түйілу түріндегі бұлшықет жиырылуының бұзылуынан болатын қылилық және көз патологияларын ботулин токсинінің шағын дозаларымен емдеуді бастады. Ол үшін Алан Скотт өзінің Oculinum компаниясын құрып, онымен аттас препаратты тіркеді. Офтальмолог өз мамандығының аясынан шығып, ботулин токсинінің бет бұлшықеттерінің еріксіз қозғалысына, мойын қисаюына, бұлшықет тонусының жоғарылауына байланысты аяқ қозғалысының бұзылуына әсерін зерттеді.
Кейіннен Allergan америкалық-ирландиялық фармацевтикалық компаниясы ботулотоксинге құқықты сатып алды да, оның атауын "ботокс" деп өзгертті. БТА негізіндегі алғашқы коммерциялық препарат осылай пайда болды. Ол жүйке-бұлшықет бұзылыстарымен байланысты әртүрлі ауруды емдеу кезінде қолданылды және әлі де қолданылып келеді.
Девушка в маске - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2023
Денсаулық
Күзгі аллергия: қалай күресу керек
Ботокстың косметология саласына келуі сөзсіз еді. Америкалық дәрігерлер, ерлі-зайыпты Каррутерстер көз бұлшықеттерінің қандай да бір бұзылуын емдеу кезінде ботоксты қолдану маңдай аймағындағы теріні тегістейтінін байқады. Осылайша косметология әлемінде революция жасалып, әжім кетіретін инъекция тарала бастады.

Ботокс теріге қалай әсер етеді

Инъекция кезінде ботулотоксин таңдалған бұлшықетке тікелей еніп, оның жүйке жасушаларына әсер етеді. Ол импульстардың мидан бұлшықет тініне өтуін бұғаттайды да, бұл уақытша салға әкеледі.
Мидан импульс жүйке жүйесі арқылы өтіп, бұлшықеттің жүйке ұштарына енеді. Оның жиырылуы жүйке ұшының бұлшықетпен түйіскен жерінде бөлінетін ацетилхолин нейромедиаторының әрекеті нәтижесінде болады. Ол орындалуы үшін құрамында ацетилхолин бар көпіршіктер жүйке ұшының мембранасымен қосылуы керек. Бұл арнайы ағуыздар кешенін қажет етеді. Ботокс молекулалары бұлшықет тініне енген кезде жүйке ұштарына қарай жылжиды, оның ішіндегі мембранаға еніп, ағуыздардың бірінің әрекетін бұғаттайды. Нәтижесінде ацетилхолин бар көпіршіктер енді мембранамен қосыла алмайды да, бұлшықет жиырылуы болмайды.
Сердце - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.08.2023
Денсаулық
Миокард инфаркті: белгілері мен алдын алу шаралары
Шамамен 6-9 айдан кейін ботулинотоксиннің бұлшықеттерге әсері төмендейді, олардың қозғалу қабілеті қайта оралады. Сәйкесінше теріде қайтадан әжімдер пайда болады. Сондықтан косметикалық әсерді сақтау үшін инъекцияны тұрақты қайталау керек.

Ботокс қай аумақтың терісін тегістеуге қолданылады

Ботокс мимикалық әжімдермен күресуде тиімді. Олар эмоция білдіру кезінде бет бұлшықеттерінің жиырылуына байланысты қалыптасады. Бұлшықеттер жиырылғанда қысқарып, оларды жауып тұратын тері қысылады да, оның үстінде қатпарлар пайда болады.
Жас кезде тері әлдеқайда икемді болады. Сондықтан босаңсыту кезінде ол тез қалпына келеді. Адамның жасы ұлғайған сайын бұл қасиет әлсірейді де, әжімдер тереңдей түседі.
Ботокс мына аумақтардағы теріні тегістеу үшін қолданылады:
маңдайдағы көлденең және тік әжімдер;
қастар арасындағы және кеңсіріктегі әжімдер;
көз аймағындағы шағын әжімдер;
мұрын-ерін әжімдері;
еріннің үстіндегі және иектегі әжімдер;
мойын мен декольте аймағындағы әжімдер;
төменгі немесе жоғарғы ерін көтеріліп тұратын еріндердің орналасуындағы ақаулар кезінде;
"қызыл иекті күлімсіреу", яғни адам жымиған кезде өз еркінен тыс жоғарғы қызыл иекті көрсетіп күлген жағдайда.
Ботокс инъекциялары көбінесе бір аймаққа емес, бүкіл бетке жасалады.

Процеске қалай дайындалу керек

Дайындықтың ең маңызды кезеңі – дәрігермен кеңесу. Яғни алдын ала дәрігерге жүгініп, маман терінің күйін, бұлшықет белсенділігін, бет пен дене құрылымының жеке ерекшеліктерін бағалауы керек. Содан кейін сол деректерді ескере отырып, дәрігер препаратты, дозаны және ботулинотоксинін енгізу нүктелерін таңдайды.
қайызғақ - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.05.2023
Денсаулық
Бастағы қайызғақ: қалай күресу керек
Дегенмен бір ескеретін мәселе бар. Инъекция жасалатын күні және одан кейінгі алғашқы 7-10 күнде алкогольді ішімдік ішуге болмайды.

Қандай жағдай ботоксқа тыйым салынады

Ботоксты қолдануға қатаң тыйым салынатын жағдайларға мыналар жатады:
жүктілік;
бала емізу;
препараттың компоненттеріне жеке төзбеушілік;
инъекция жасалатын аймақта қабыну немесе инфекция болуы;
онкологиялық аурулар;
қабыну, жұқпалы аурулар;
қант диабеті.
Тыйымдарды ескермеу, сапасыз препарат қолдану, ботулотоксинді көп мөлшерде қолдану, мүлде басқа бұлшықет аумағына егу, инъекциядан кейінгі сақтық шараларына немқұрайлы қарау секілді факторлар ботокс егілгеннен кейінгі түрлі асқынуларға алып келуі ықтимал. Оған мыналар жатады:
гематомалар;
инъекция орнында ауырсыну, қышу;
жалпы жайсыздық;
терідегі түйіндер, тығыз бөлшектер;
көз астындағы ісінулер;
бет асимметриясы;
жоғарғы қабақтың түсуі;
қастың түсуі;
бет птозы, яғни төмен түсуі;
ерін қозғалысының бұзылуы;
беттегі көп бөртпелер;
бинокулярлы көру бұзылыстары;
диплопия (нысандардың екеу боп көрінуі);
көз құрғақтығы, жас ағу, суретке түсудегі жайсыздық;
дисфагия (жұтынудың бұзылуы);
дикцияның бұзылуы (негізінен "o" және "y" дыбыстарын айтудағы кедергілер);
компенсаторлық әжімдер (кейбір бұлшықеттің салдануына байланысты басқа бұлшықетке жүктеме артады да, бұл жаңа әжімдердің пайда болуына әкеледі);
бас айналу, бас ауруы;
бұлшықет әлсіздігі, қозғалыстың қиын орындалуы және т.б.
Сарапшылар адам терісіндегі әжімдер кешенді проблемалардың салдары екенін айтады. Мысалы, бет пен мойындағы тырысқан бұлшықеттер, қан айналымы мен метаболизмдегі бұзылулар, бүкірлік және тағы басқа. Адам бұл мәселелерді шешпейінше, ешқандай инъекция мен әжімдерге қарсы жақпамай көмектеспейді, деп санайды сарапшылар. Сондықтан әжімдерді кетіру үшін ботокс қолдану немесе қолданбауды әр адам өз бетінше шешеді. Ең басты талап – міндетті түрде дәрігермен кеңесу қажет. Сонымен қатар сапалы және сертификатталған препаратты қолдану және білікті әрі тәжірибелі маманның қызметіне жүгіну де маңызды рөл атқарады.
Радикулит - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.05.2023
Денсаулық
Радикулит: туындау себептері және емдеу әдістері
Жаңалықтар
0