18:36 19 Қыркүйек 2019
Тікелей эфир
  • USD386.77
  • EUR427.26
  • RUB6.00
Жас режиссер Диас Азимжан

"Кімді кінәлайтыныңды да білмейсің" Голливудта танылған қазақ жігітінің ашық әңгімесі

© Photo : Диас Азимжанның архивінен
Мәдениет
Қысқа сілтеме алу
299820

Нью-Йорк киноакадемиясында оқып жүрген жылдары қазақстандық режиссер қысқаметражды фильмдер, музыкалық клиптер түсіріп, Лос-Анджелесте жоғары бағаға ие болды

АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik, Нұргүл Абай. Диас Азимжан – отандық киноиндустрияда өзіндік орнын қалыптастырып, қазақ кинематографиясын сапалы туындылармен толықтырып жүрген жас режиссер, актер әрі сценарист. Соңғы екі жарым жыл ішінде "Моменты просветления" (Moments of Enlightenment), "Ультио" (ULTIO), "Interius" атты қысқаметражды фильмдері үшін халықаралық және отандық кинофестивальдердің жүлдесін алған еді. Одан кейін, елге оралып "Жаңа ұрпақ" ("Поколение Z") атты жасөспірімдер мен олардың қоғаммен байланысы туралы түсірген деректі фильмі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында Диас балалық шағы, бүгінгі қазақ киносының жай-күйі мен режиссерлік жұмыстары туралы кеңінен әңгімеледі.

"Ерте есеюге тура келді"

Америкада танылған қазақ жігіті 1987 жылы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында өмірге келген. Ұлы Абайдың туған жерінде туып-өскен Диас бала кезінен қазақ әдебиетіне жақын болыпты.

"Руым – Тобықты, Абайдың ұрпағымын. Кішкентайымыздан Мұхтар Әуезовтің, Абай атамыздың шығармаларын оқуға тырысатынбыз. Әйгілі Құнанбай ата тұлға ретінде өз басыма қатты тартымды болатын. Сондықтан болар, қазақ әдебиетінен алыс емеспін. Оның үстіне, әкем Украинада білім алған, орыс және әлем әдебиетін жақсы меңгерген. Қазірге дейін, өзім де әлем әдебиетін қызыға оқимын. Былайша айтқанда, біздің отбасымызда интеллектуалды атмосфера орнаған", - деп әңгімесін бастады жас режиссер.

Диас – үйінің жалғызы, бірақ еркесі емес. 6-7 сыныптарда оқып жүрген кезінде, әкесі жұмысынан айырылып, отбасында қиын кезең басталған. Мұны көрген бала Диас еңбекке ерте араласады.

Диас Азимжан
© Photo : Диас Азимжанның архивінен
Диас Азимжан

"Сол кезде мен ерте есейдім десе де болады. Себебі, "екі қолға бір күрек" тауып, ата-анама көмектесу қажет болды. Кішкентай кезімнен, қолымыз күс-күс болып түсті металл жинап, оны сатып, ақша қылатынбыз. Тоқсаныншы жылдары өскен балалар мұны жақсы біледі, негізі. Кейбіреулері, тіпті, сымды кесеміз деп өліп те кетті. Есіңізде болса, бұрын Sega, Dendy ойнайтын едік қой. Бір күні үйде тамақ болмай, мен әлгілерді сатып, дүкеннен тамақ алып келген кездерім болған. Сондай ауыр кезең болғаны рас, жасыратын ештеңе жоқ", - деп еске алды ол балалық шағын.

Тағы оқыңыз: "Төреғали ағамен кездескім келеді" Алты бірдей аспапта ойнайтын зағип жігіттің әңгімесі

Мектепті тәмамдаған соң, арман қуып, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түскен. Содан бері ата-анасынан бөлек тұрады екен.

Туризмнен режиссерліккке дейінгі жол

Қазақ ұлттық университетін туризм мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, осы салада біраз еңбек етеді. Алайда жүрек қалауына құлақ асатын шығармашыл жан көп ұзамай журналистикаға бет бұрады. Университет қабырғасында жас журналистерге сабақ та береді.

"Осыдан кейін менің әлемді шарласам деген арманым болды. Журналистика саласында қызмет атқарып жүргенімде, халықаралық әуе компаниясы жариялаған байқауға қатыстым. Сөйтіп, 150 адамның ішінен іріктеліп, бортсерік болып жұмысқа орналастым. Үш жарым жыл Катарда тұрдым, ел көрдім, жер көрдім. Жүрек түкпірінде жатқан арманымды орындадым десе де болады. Авиацияда істеген жылдар маған қатты ұнады, себебі мен дисциплина мен жауапкершілікті дамыттым. Менің ойымша, Қазақстанда көптеген адамға дәл осы жауапкершілік жетіспейді. Кез келген салада жауапкершілік мәселесі кемшін түсіп жатыр. Мынадай күні мына жұмыс орындалуы керек дейміз, бірақ ол жасалмай қалады. Ал авиацияда бейқамдыққа, салғырттыққа жол жоқ. Тәртіп пен жауапкершілік – бірінші орында", - дейді 31 жастағы режиссер.

Жер-көкті шарласам деген арманы орындалғаннан кейін, журналистика саласында қызмет етіп жүрген Диасқа фильмге сценарий жазу туралы ой келеді.

"Пластмассалық өмір" деген түсінік бар. Жұмысың, тұрақты жалақың бар, әр демалыста достарыңмен кездесіп тұрасың, бір қарағанда бәрі ойдағыдай сияқты, бірақ жан-дүниеңе бір нәрсе жетіспей тұрғандай күй кешесің. Өз ісіңе көңілің толмайды, қанағаттанбайсың. Сөйтіп, іздене бастадым, бірде фильмге сценарий жазайын деген ой келді. Бірінші сөйлемін жазып едім, әрі қарай қолым жүрмеді. Содан кейін бұл салада білімім таяз екенін ұқтым. Мықты білім беретін киноакадемияларды іздедім. Интернеттен Нью-Йорк академиясы жарқ етіп шыға қалды", - дейді режиссерлікке қалай келгенін әңгімелеген Диас.

Нью-Йорк киноакадемиясында қазақстандық режиссер екі жыл білім алады. Дәл сол жылдары қысқаметражды фильмдер, музыкалық клиптер түсіріп, Лос-Анджелесте жоғары бағаға ие болып, Қазақ елінің атын шығарды.

"Кино саласы әлі де алаңдатады"

Жуырда елімізде "Кинематография туралы" заң қабылданғаны белгілі. Жас режиссер жаңа заңнан аса үлкен өзгерістер күтпейтінін жасырмады. Отандық киноиндустрияда оң өзгерістер болу үшін, тек заң ғана емес, менталитет өзгеруі керек деген пікірде.

"Ал менталитет бір жылдың ішінде өзгере салмайды. Кей кезде ол тұтас ұрпақтың ауысуын талап етеді, яғни кемінде 10-15 жыл алуы мүмкін. Неге мені кино саласы әлі алаңдатады? Мәселен, жуырда Фархат Шәріповтің "Тұлғалық өсу тренингі" атты тамаша киносы шықты. Кейіпкерлері дұрыс таңдалған, диалогтары жақсы, сапалы отандық туындылардың бірі деп айтуға болады. Фильмнің премьералық көрсетіліміне бардым, ұнады, өмір көрсетілген. Екінші күні кинотеатрға дәл сол киноға тағы барсам, залда екі-ақ адам отыр. Одан кейін, келесі күні отандық комедиялардың біріне бардым. Сапасы нашар, мағынасы таяз фильмдердің бірі. Сенесіз бе, зал адамға толып отыр. Осыдан кейін қандай тұжырымға келеміз? Біз сапасыз, арзан, жеңіл комедиялармен көрерменнің талғамын түсіріп алдық", -деп ашынды жас режиссер.

Айтуынша, қазір кинотеатрларда комедиядан басқа таңдау жоқ. Ал "Қазақфильмнің" бірнеше жылда бір түсірген жақсы әрі сапалы туындысына маркетинг жетіспейді.

Тағы оқыңыз: "Ұстаздың өзі білімді болуы керек" Толқын Забирова Димаш туралы ойын айтты

"Авторлық киноларға тоқтала кетсек. Мысалы, Каннды дүбірлетіп, елді әлемге танытқан "Айканы" алайық. Өткен күзде премьерасында болдым. Одан кейін кинотеатрға барсам, залда төрт-бес адам ғана отыр. Режиссер Әділхан Ержановтың "Ласковое безразличие мира" деген кинокартинасы тек шектелген прокатқа шықты. Осындай кезде кімді кінәлайтыныңды да білмейсің. Коммерциялық комедия түсіріп жүргендерге кінә арта алмайсың. Өйткені олар өз тауарын сатуды, маркетингті жақсы меңгерген. Ал "Қазақфильмнің" бұл жағы ақсаңқырап тұр. Сапалы кино түсіреді кейде, бірақ халыққа оны дұрыс жеткізе алмайды, жарнамалау жағы кемшін", - деп санайды ол.

Жас режиссер Диас Азимжан
© Photo : Диас Азимжанның архивінен
Диас Азимжан

Осы орайда Диас бүгінгі көрерменнің де киноға қатысты бұрыс түсінігін өзгерту қажет деген ойын жеткізді.

"Өкінішке қарай, қазіргі көрерменнің басым бөлігінің түсінігінше, кино деген тек күліп, демалып кету сияқты. Бұл түсінікке мағынасы таяз комедиялар жақсы келеді. Бірақ, кино – күрделі де терең құбылыс, кей кезде бір адамның тағдыры көрініс табады. Кино тек күлу үшін жасалмайды, ой салу үшін, білім беру үшін де жасалады. Сондықтан, меніңше, біз қазіргі қалыптасқан түсінікті басқа арнаға бұруымыз қажет немесе халыққа жанрлық таңдау беруіміз керек", - дейді Диас.

"Ұнайтын бір-екі актер бар, қалғандарына әлі тер төгу керек"

Киноиндустрия әлеміне аяқ басқанына көп бола қоймаса да, әлемдегі үздік киноакадемиялардың бірінен тәлім алған жас режиссердің әртістерге қояр талабы жоғары.

"Маған ұнайтын бір-екі актер бар, олар Еркебұлан Дайыров пен Дулыға Ақмолда. Ал қыздар арасынан Самал Еслямованы ғана атай аламын. Қалғандары ұнамайды, оларға әлі талпыну керек, оқу керек, тер төгу керек. Егер мен кино түсіретін болсам, әртістерге өте қатал қараймын. Олардың рейтингі, инстаграмдағы "подписчиктерінің" саны, мемлекеттік сыйлықтары маған бес тиын. Маған олардың образға жүз пайыз еніп, өз кейіпкерін толыққанды аша білгені ғана керек ", - дейді режиссер.

Оның айтуынша, біздегі әртістердің арасында бәсекелестік төмен.

"Шетелдік актерлер бәсекелестік дегенді жақсы біледі. Мәселен, Лос-Анджелесте әрбір төртінші адам актер немесе кино саласына қатысы бар. Ол жақтағы бәсекелестік бізге қарағанда жүз есе жоғары. Бәсеке бар жерде сапа да болатыны сөзсіз. Екінші айырмашылық – ол жүйе, дисциплина. Біздің актерлердің көпшілігіне жауапкершілік, дисциплина жетіспейді, байқауым бойынша", - деп санайды өнер адамы.

"Айка" туралы бірер сөз

Кино әлеміне тікелей қатысы бар жан ретінде Диас Азимжан "Айка" фильмі мен Канн фестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова туралы бір ауыз пікірін білдірді.

"Айка" фильмі – авторлық кинолардың арасында ойып тұрып орын алатын туынды.  Фильм маған 80 процент ұнады. Самал Еслямованың актерлік шеберлігін, талантын мойындаймын. Өз кейіпкерін жоғары деңгейде сомдап, кейіпкерін аша білген. Бірақ бұл жерде режиссер ретінде Сергей Дворцевойдың рөлі өте зор болғанын атап өту керек. Егер ол болмаса, ешқандай "Айка" болмайтын еді, киноның аты шықпайтын еді. Оны мойындау керек. Ал бізде қалай? Орыс режиссерін ұмытып, тек қазақстандық әртісті ғана көтердік. Осындай бір жаман қасиетіміз бар. "Қара жұмыстың" бәрі Ресейде жасалды. Сондықтан, бір ғана Самалды көтеру дұрыс емес, ол жерде, мәселен, қырғыз әртістері де ойнаған. Өкінішке қарай, "қолда бар алтынның қадірін білмей", сыртқа жалтақтай береміз. Сосын шетте жүріп, аты шықса, "ол біздің қазақ қой" деп бауырымызға басамыз", - деп ағынан жарылды Диас.

"Қазақтардың өз-өзін кемсітіп тұрғанын ұнатпаймын"

Бірталай ел кезіп, әлемді шарлаған Диас та ұлы Абай атамыздай "адамзаттың бәрін бауырым деп" сүюге шақырады. Себебі, оның айтуынша, болашақта қазақ, орыс, неміс деп ұлт-ұлтқа бөліну деген болмайды.

Режиссер әрі актер Диас Азимжан
© Photo : Диас Азимжанның архивінен
Режиссер әрі актер Диас Азимжан

"Болашақта адамдар немесе Жер планетасының тұрғындары деген болады. Ұлтқа, тілге бөлінуге қарсымын деп айта алмаймын, адамзаттың даму деңгейі қазір осындай. Менің ойымша, біз әлі примитивті жануарлардың түріне жатамыз. Неге мен олай ойлаймын? Себебі, қазір XXI ғасыр, бірақ біз әлі бір-бірімізбен соғысып, өлтіріп, сатып, зұлымдық жасап жүрміз. Сана-сезіміміздің даму деңгейі тұрғысынан XV-XVI ғасырлардағы адамдардан айырмашылығымыз көп емес. Индустрия, технологиялар қарқынды дамуға бет алды, алайда, біздің базалық сана-сезіміміз примитивті түрде қалған", - дейді Диас.

Жас актер мұның бірден бір себебін жалқаулық пен критикалық ойлауды дамытпағандықтан көреді.

"Мәселеге терең үңіліп, жағдайды жан-жақты саралауға ерінеміз. Біреу не айтса, соның дегеніне көніп, артынан ере саламыз. Яғни, критикалық ойлау қабілетін дамытқымыз келмейді. Мысалы, бізде көпшіліктің ойынша, бүкіл Қытай бізге жау. Алайда мен қытайлардың бәрі жау деп айта алмаймын. Иә, арамызда шиеленіс бар, иә, ол жақтағы қандастарымыздың жағдайы мәз емес, бірақ бұл жерде Қытайдағы қарапайым халықты емес, оны билеп отырған адамдарды, биліктің жүргізіп отырған саясатына қарау керек. Бірақ, бізге қалай үйретті? Қытай бізге жау, болды, осымен мәселе жабылды. Ал халықтың өз проблемалары, өз өмірі бар. Олар да адам, олардың да бұл планетада тұру құқығы бар. Қарапайым халық ол барлық елде қарапайым халық. Айтайын дегенім, бір мағлұматты бірнеше жағынан қарастыруға тырысу керек", - деп санайды режиссер.

Қазақ жігітіне ұлтының өз-өзін кемсітіп, төмен түсіруі ұнамайды екен.

"Қазақ мынадай, қазақ сондай деп, нақты дәлелсіз жамандайтындарды түсінбеймін. Кемшілік тек қазақтардың бойында ғана емес, бүкіл әлем халқында бар. Иә, кей кезде жалқауланамыз, оны мойындаймын. Кешігіп жүретініміз де бар. Бірақ, біз ғана емес, бүкіл әлем кешігеді. Бірде Лос-Анджелесте неміс продюсерімен кездесуім керек болды. Әлгі адамды бақандай бір сағат күттім, сенесіз бе? Осыдан кейін қандай ой түйеміз – кез келген адам, мейлі ол қазақ, мейлі неміс болсын, кешігеді. Сондықтан өз басым қазақтардың басқа ұлттың алдында өз-өзін кемсітіп тұрғанын ұнатпаймын", - деді қазақстандық кинематографист.

Диас "Жаңа ұрпақтан" не үйренді?

Диас "Жаңа ұрпақ" немесе "Поколение Z" деп аталатын деректі фильмді түсіру кезінде өзінен кіші жасөспірімдерден біраз нәрсе үйренгенін айтады. "Жаңа ұрпақ" деп отырғанымыз – 2000 жылдан кейін дүниеге келген жастарымыз.

"Біз кейде жасөспірімдермен сөйлескен кезде, "мені тыңда, мен өмірді көрген адаммын" деп тәжірибемізді, жасымызды алға тартамыз. Бірақ, бұл дұрыс емес. Қазіргі жастармен өзіңді бір деңгейде ұстап, сырлас ретінде сөйлесуге тырысу керек. Яғни, кейде олармен үлкен-кіші дегенді шегеріп қойып, теңдік сақтаған жөн. Әйтпесе, олар тұйықталып, жабылып қалады. Ата-ана мен бала арасындағы проблемалардың бірі осы. Әке-шеше өмірді үйрете бастайды, әрине, мен үйретпе демеймін, бірақ оны, меніңше, басқа формада жеткізуге болады. Осы фильмді түсіру барысында мен сырлас болуды, жасөспірімдердің сөзін бөлмей, тыңдай білуді үйрендім. Себебі тереңірек үңілсең, сөздерінің жаны бар. Тағы бір үйренгенім, біз өз қателіктерімізді олардың алдында мойындай білуіміз керек. Онымен қоса, жаңа ұрпақ қазіргі цифрлық заманды бізден гөрі жақсырақ сезінеді, бұл әлемге өздерінің ерекше көзқарасы бар", - деп бөлісті пікірімен қазақстандық режиссер.

Диас өскелең ұрпақтың тағы бір проблемасын атады. Ол жан-жақтан ағылған ақпараттың тым көптігі.

"Клиптік ойлау" деген термин бар. Яғни, ақпаратты қысқа түрде қабылдау. Қазіргі жастардың екі сағаттық туындыны қарап отыруға шыдамы жетпеуі әбден мүмкін, олар қысқа да нұсқа дүниені іздейді. Әрине, барлығы емес, бірақ басым көпшілігі сондай. Міне, осы "клиптік ойлау" ақпараттың тым көптігінен туындап отыр", - деген ол жас буынға көбірек кітап оқуға кеңес берді.

"Кітап бізге екі үлкен қасиет береді: интеллект және шыдамдылық. Кітап оқу шыдамдылықты өте жақсы дамытады. Ал шыдамдылық қазіргі жасөспірімдердің көпшілігіне тән емес, өкінішке қарай", - дейді режиссер.

Әлеуметтік проблемаларды жиі қозғайтын жас режиссер болашақта көп балалы аналар, ажырасу мен елдегі білім беру мәселелері туралы да деректі фильм түсіріп қалуы мүмкін екенін айтты.

"Бірегей көзқарасты дамыту керек"

Диастың екі кумирі бар: бірі Дінмұхамед Қонаев, екіншісі Майкл Джексон. Айтуынша, осы екі адамнан шабыт алады, осы екі жанның талантын мойындайды.

Тағы оқыңыз: Асанәлі Әшімовтің әйелі актердің өміріндегі ең қиын күнді еске алып жылады — видео

"Кімге ұқсаймын деп сұрасаңыз, меніңше, мен ешкімге ұқсамаймын. Әр адамның өзіне тән қасиеті, қабілет-қарымы мен көзқарасы бар. Сондықтан оны жоғалтпау керек. Өз басым, ешқашан ешкімге еліктеген емеспін, себебі ата-анам мен кішкентайымнан солай тәрбиеледі. Бірегей көзқарасымды дамытуға тырысты. Өзгелерге еліктейтін жастарға айтарым: еліктеу жаман әдеттің бір түріне айналып кетуі мүмкін. Сондықтан оған тым әуестенбеген дұрыс", - деген ол бірегей көзқарасты жоғалтып алмауға шақырды.

"Мен қазір өз еліме керекпін"

Биылғы жастар жылынан жас режиссер Диас Азимжан ештеңе күтпейді. Оның пікірінше, жастарға бір жылды ғана арнау жеткіліксіз, оларды үнемі қолдап отыру керек.

"Бір жылдың ішінде еш нәрсе шешілмейді. Көзбояушылық жасап, ұрандатып, бір-екі форум өткізеді, болды, сонымен жастар жылы аяқталады. Дүрілдетіп форум жасай бергенше, мектеп қабырғасынан бастап жастардың қабілетін, бейімділігін зерттеп, қарап (мысалы, Жапония, Финляндия елдерінің тәжірибесі бойынша), мықты жақтарын дамытуға көмектесуіміз керек. Жоғары білім алу кезінде, мектеп көрсеткіштері мен мықты жақтарына баса мән беріп, егер өзі қаласа – сол бағытта жұмыс жасалуы тиіс. Жоғары білім алу орындары компаниялармен тығыз қарым қатынаста болуы керек, сонда жастардың 4-5 алған білімі мен уақыты зая кетпейді. Ең бастысы, жастардың өзінен сұрап, оларды тыңдай білуіміз керек!", - деген ол билік жастарды қолдау бастамасын кешірек көтерді деп санайды.

"Мұны 2000 жылдардың басында бастау керек еді. Қазір жастардың бәрі батысқа еліктеп, шетелге кетіп жатыр. Өз елінде қалғысы келмейді. "Диас аға, Қазақстанға неге келдіңіз?" деп хат жазатындар қаншама! Өкінішке қарай, қазіргі жағдай осы. Мұны мойындауымыз керек. Енді осы мәселені шешу жолдарын талқылаған жөн", - дейді Диас.

Ал өзінің Қазақстанға неге қайтып оралғанын жас актер былай түсіндірді.

"Менің ойымша, мен қазір өз еліме керекпін. Қазір мен Қазақстанда кино түсіргім келеді, қазақ киносына үлес қосқым келеді. Ал оның қалай жүзеге асатыны – уақыттың еншісінде", - деп ойын түйді жас режиссер.

Тақырып бойынша

"Жексұрын болдым": Танымал әнші құмар ойынға салынып, 200 000$-дан айырылғанын мойындады
Алматыда елімізге танымал әнші 6 жылға сотталды
"Неге бермеске?" Танымал қазақстандық жас әнші атақтан дәмелі екенін жасырмады
Француз режиссер Шымкенттен шабыт алып кітап жазғанын айтты
Танымал голливудтық актриса Данэлия Төлешованың әнінен кейін көзіне жас алды - видео
Иранда қазақстандық режиссер не үшін ұсталғаны белгілі болды
"Айка" фильмі Норвегиядағы кинофестивальде жеңімпаз атанды
Қазақстандық танымал жұлдыздар ата-енесіне сәлем сала ма?
Кілт сөздер:
актер, Голливуд, қазақстандық режиссер
Загрузка...

Басты тақырып