15:05 14 Қазан 2019
Тікелей эфир
  • USD389.52
  • EUR429.21
  • RUB6.07
Ақша, архивтегі сурет

Табыс салығынан кімдер босатылуы мүмкін?

© Sputnik / Абзал Калиев.
Экономика
Қысқа сілтеме алу
Президент жолдауы - 2019 (26)
116510

Нақты кімдердің салықтан босатылатыны ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі және бизнеспен бірге талқыланатын болады

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тоқаевтың тапсырмасына қатысты түсініктеме берді. Кешегі жолдауда мемлекет басшысы микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босатуды тапсырған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Палатаның салық салу департаментінің директоры Жеңіс Жанболатованың айтуынша, бүгінгі заңнамада микро және шағын бизнестің нақты түсініктемесі бар. Алайда Кәсіпкерлік кодексінде бір анықтама берілсе, Салық кодексінде ол анықтама сәл басқаша жазылған. Енді табыс салығынан босатқан кезде қай анықтаманы негізге алу керек екенін анықтап алған жөн.

"Мәселен, Кәсіпкерлік кодексінде микро және шағын бизнестің нақты санаттары көрсетілген. Жұмысшылардың саны - 15 адам, ал орташа жылдық табысы шамамен 75 миллион теңге болатын бизнесмендер микро кәсіпкерлікке жатады. Ал шағын кәсіпкердің жұмысшылары 100 адамнан аспайды. Орташа жылдық табысы 757 миллион теңгенің шамасында", - деді Жанболатова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Дегенмен, Салық кодексінде де шағын кәсіпкерліктің анықтамасы бар. Осы құжатта салық режиміне қарай шағын бизнестің нақты санаттары көрсетілген. Мысалы, белгіленген сомадан ұстап қалуға негізделген арнайы салық режимі бойынша шағын кәсіпкердің жұмысшылар саны – 50 адам, ал шекті табысы - 364 миллион теңге. Бұдан бөлек, оңайлатылған декларация негізінде бизнес ашқандар бар. Олардың жұмысшылары 30 адамнан аспауы шарт. Осы санаттағы кәсіпкерлердің орташа жылдық табысы 121 миллион теңге болуы қажет. Сосын патентпен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер туралы жазылған. Олардың жылдық табысы шамамен 9 миллионнан аспауы тиіс.

Тағы оқыңыз: Шағын бизнес салықтан қашан босатылатыны белгілі болды

"Иә, жұмысшыларды мүлдем ұстамайтын шағын бизнес өкілдері де бар. Мысалы, жалғыз кәсіпкер аяқ киім жөндеумен айналысады. Ондай адамдар, көбінесе, патентпен жұмыс істейді. Бәлкім, осы жеке кәсіпкерлерді табыс салығынан босатады. Дегенмен, дәл қазір кімді босататынын айту қиын. Біз оны әлі мемлекеттік органдар – ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі және бизнеспен бірге талқылаймыз. Президент микро мен шағын бизнесті босатсын деді. Енді осы тапсырманы орындаған кезде қай анықтаманы қолданатынымызды шешуіміз керек", - деп атап өтті Жанболатова.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы жолдауында микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босатуды тапсырды. Соған қатысты заң жобасы осы жылдың аяғына дейін әзірленеді. Ал жеңілдік келесі жылдан бастап енгізілмекші. Бұдан бөлек, микро және шағын бизнесті үш жыл бойы тексеруге тыйым салынады.

Тақырып:
Президент жолдауы - 2019 (26)

Тақырып бойынша

Қазақстанда жаңа салық енгізілді: оны қанша адам төледі
Жалпыға бірдей декларация: қазақстандықтар тойдан түскен ақшаның да есебін тапсырады
Қазақстанда шағын бизнес салықтан босатылады – президент жолдауы
Кілт сөздер:
"Атамекен" ҰКП, бизнесмендер
Загрузка...

Басты тақырып