11:49 28 Ақпан 2020
Тікелей эфир
  • USD379.75
  • EUR415.18
  • RUB5.78
Саясат
Қысқа сілтеме алу
256431

Қазақстан президенті төрағалық еткен үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысы екі жарым сағатқа созылды

НҰР-СҰЛТАН, 24  қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет үйінде осымен екінші рет министрлер мен әкімдердің басын қосып отыр. Үкіметтің кеңейтілген отырысы таңғы сағат 10:25-те басталып, түскі 13:07-де бір-ақ аяқталды. Екі жарым сағатқа созылған жиында президент үкіметтің жұмысын да сынады, маңызды мәлімдемелер де жасады. Солардың бірсыпырасын тағы бір мәрте еске салғанды жөн көрдік.

Уақытша тіркеу

Соңғы кездері қоғамда Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктердің проблемасы ушығып тұр. Бұл мәселе бүгін үкімет қабырғасында да көтерілді.

Атап айтсақ, президент ЕАЭО елдерінен жеткізілген көліктердің жүргізушілеріне 2021 жылдың наурызына дейін уақыт берді.

"Үкімет бір ай ішінде бір реттік тәртіппен 2020 жылдың 1 ақпанындағы  жағдай бойынша Қазақстан азаматтарының ЕАЭО елдерінен өздері міну үшін әкелген автокөліктерді уақытша тіркеуді қамтамасыз етуі тиіс. Осы көліктердің тіркеуі 2021 жылдың 1 наурызына дейін жарамды болады", - деді Тоқаев.

Ол шетелдік нөмірлі көліктер техникалық регламент талаптарына сай болуы керек екенін атап өтті.

"2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері кедендік баж бен утилизациялық алымдарын төлеп, көлігін тұрақты тіркеуге қоюы тиіс. Немесе көлікті елден шығаруы керек, не болмаса, заңмен тыйым салынбаған басқа әрекет жасауы керек", - деді мемлекет басшысы.

Осы орайда Тоқаев келешекте ЕАЭО аясында қол қойылатын барлық келісімде Қазақстанның ұлттық мүддесі ескерілуі тиіс екенін қадап айтты.

Қымбат көліктер мен форумдарға мораторий

Қазақстандық шенеуніктер енді мемлекеттің ақшасына қымбат көлік мінбейді, даңғаза шараларды азайтады. Өйткені Тоқаев мораторий жариялауды ұсынды.

Тағы оқыңыз: Тоқаев облыс әкіміне ақшаны оңды-солды шашпауға кеңес берді

"Қымбат көлік пен жиһаз сатып алу, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізу шығыстарына ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынамын. Шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Президент шығыстар орынды болуы қажет деп санайды.

"Ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі керек", - деді ол.

"Диплом сататын университеттерден біржола құтылу керек"

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент білім саласын да айналып өтпеді. Мемлекет басшысы жемқорлық жайлаған жоғары оқу орындарын біржола жабуды тапсырды.

"Диплом сатып, жоғары білімнің беделін түсіретін жекеменшік оқу орындарынан біржола құтылу керек. Бұл мәселені осы жылы шешуіміз қажет", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, ол қазір елімізде білікті ұстаздардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанын айтты.

"Мамандардың жасы ұлғайған сайын олардың орнын басатын лайықты мұғалімдер жетіспей жатыр. Мәселен, 338 мың мұғалімнің 27 проценті – зейнет жасына жақындаған және жеткен азаматтар. Мұғалімдерді даярлайтын жоғары оқу орындарына көбінесе үлгерімі нашар түлектер барады. Олардан кәсіби деңгейі төмен маман шығатыны осыдан. Мемлекет тарапынан тиісті өкілеттік берілді, қажетті ресурстар бар. Сондықтан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізге жаңа талаптарға сай   мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары қажет", -  деді президент.

Тағы оқыңыз: Мұғалімдер шипажайда тегін емделеді – жаңа заңның нормасы

Сондай-ақ, Тоқаев әкімдерге балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін балабақшалар мен мектептерді биыл 100% бейнебақылау камераларымен жабдықтауды тапсырды.

Ұшақ апатынан зардап шеккендердің өтемақысы

Тоқаев Жаңа жыл алдында Алматы түбінде құлаған ұшақтың аман қалған жолаушылары оған хат жазып жатқанын айтты. Оған себеп – зардап шеккендерге өтемақы әлі төленбеген.

"Жақында, өкінішке қарай, трагедия болғанын білесіздер. Ұшақ құлады. Маған зардап шеккендерден хат келіп жатыр. Олар ақшалай өтемақыларын ала алмай жүр екен. Адамдар ауруханада жатыр, кейбіреулері еңбекке жарамсыз болып қалған", - деген ол үкімет пен әкімдерге өтемақыны көп созбай, жақын арада төлеуді тапсырды.

"Салық – халықтың ақшасы"

"Салық халықтың ақшасы екенін ұмытпау керек. Соның есебінен мемлекетке ортақ ұзақмерзімді міндеттер шешіледі: қорғаныс, білім беру, медицина. Бірақ, жеңілдікті экономиканың жекелеген салалары мен кәсіпорындары алып отыр. Ия, біз микро және шағын бизнесті салықтан босаттық. Өйткені олардың дамуына серпін беруіміз керек. Бұл өзін-өзі ақтаған қадам. Алайда салықтан жаппай босату өте негативті салдарларға әкеп соғуы мүмкін", - деді Тоқаев.

Үкіметтің жұмысына көңілі толмаса да, сөгіс жарияламады

Мемлекет басшысы үкіметтің жұмысын сынға алды. Айтуынша, реформаларды іске асыру қарқыны баяулап қалған. Халық тұтынатын тауарлардың бағасы да шарықтап тұр.

Тағы оқыңыз: Тоқаев Тұрсынбек Қабатовтың ұсынысына қатысты өз ойын білдірді

"Кемшіліктер жеткілікті. Мысалы, халық тұтынатын ең қажетті тауарлардың бағасын өсіріп жібергені үшін қатаң шаралар қолдануға болар еді. Жалпы алғанда, сөгіс беру жақсы нәтижеге жетудің аса тиімді жолы емес. Бұл менің нақты ұстанымым. Сондықтан үкімет мүшелері мен әкімдерге кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріп отырмын", - деді Тоқаев.

Сөгіс жарияламаса да, өздеріне жүктелген міндеттерді лайықты атқара алмағандар келесі жолы қызметінен алынатынын ескертті.

"Көктемде бұл мәселеге қайта ораламыз. Сол кезде түрлі себептерге байланысты өздеріне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағандарды қызметінен босату жөнінде нақты шешім қабылдаймыз", - деді мемлекет басшысы.

Кеңейтілген отырыстан кейін президент Ақордаға өңірлердің әкімдерін жинап, бірқатар тапсырма берді.

Тақырып бойынша

Тоқаев шетелдік нөмірмен жүрген көліктерге қатысты тапсырма берді
Тоқаев Ақордаға әкімдерді жинады - олардан не талап етті?
Тоқаев Алматыдағы ұшақ апаты жайлы: маған зардап шеккендер хат жазып жатыр
Тоқаев қымбат көліктерге мораторий жариялауды ұсынды
Тоқаев Тұрсынбек Қабатовтың ұсынысына қатысты өз ойын білдірді
"Рұқсат етілмейді": Тоқаев Назарбаев құрған Ұлттық қор туралы айтты
"Басқа жол жоқ": Тоқаев үкімет жұмысын сынға алды
Көктемде кейбір шенеуніктер қызметінен алынуы мүмкін – Тоқаев себебін түсіндірді
Кілт сөздер:
Үкімет, Қасым-Жомарт Тоқаев
Загрузка...

Басты тақырып