23:26 19 Қараша 2019
Тікелей эфир
  • USD387.14
  • EUR428.18
  • RUB6.06
Пышақ ұстап тұрған ер адам

"Тірідей көміп тастады": Алматыда екі таксисті не үшін қинап өлтірді?

© Sputnik / Табылды Кадырбеков
Өңірлер
Қысқа сілтеме алу
12953 0 0

Оқиға 2014 жылы 22 мамырда болған. Қаскөйдің біреуі 19, екіншісі 18 жылға бас бостандығынан айырылды

НҰР-СҰЛТАН, 29 тамыз – Sputnik. Алматының Медеу аудандық ішкі істер басқармасының қызметкерлері кезекшілікті тапсыруға дайындалып жатқан. Бір кезде ғимаратқа зәре-құты қашқан жігіт кіріп келді де, кезекші полицейден тездетіп тергеушіні шақыруды өтіне бастады. Денесі қалшылдап, дауысы дірілдеп тұр. "Мен оларды қалай өлтіргенін көрдім" деген сөзін қайталай берді, қайталай берді. Sputnik Қазақстан қылмыстық материалдарға сүйеніп, Алматыдағы екі таксисті тірідей көміп тастаған әріптестерінің қылмысы туралы баяндайды.

Қылмыстың болғаны рас па?

Тергеушінің кабинетінде Ділшат Тайыпов екі жас жігіттің өліміне куә болғанын айтты. Бірақ әңгімелеп берген оқиғасы тым шытырман болып кетті. Қабыспай жатқан жерлері де көп. Бас кезінде құқық қорғаушылар оның айтқанына сенбеді. Ақылынан адасты, я болмаса, есірткінің буымен жүр деген ой да қылаң етті.

Оның айтуынша, Алматыдағы дәмханалардың бірінде екі жігітті соққыға жыққан. Одан кейін бәрінің көзінше оның көлігіне салып, қаланың сыртына алып шыққан. Сол жерде алдымен пышақпен тілгілеген. Сосын тірідей көміп тастады.

Полицейлер алдымен "102"-ге түскен шұғыл ақпаратты тексеріп шықты. Алайда біреуді ұрлап кеткені туралы мәлімет болмады. Бірақ Ділшат айтқанынан қайтпады. Оқиға орнына бірге барайықшы деп жалынды.

Тағы оқыңыз: Бүтін бір отбасын атып, өртеп жіберді: Алматы облысында болған қылмыс

Ділшат тергеушіні және кезекші полицейлерді Алматыдан 15 шақырым шалғай жердегі Тұздыбастау ауылына алып барды. Сол жерде мұсылмандар зираты бар. Сәл жүргеннен кейін оқиға орнын көрсетті. Құқық қорғаушылар айналаның бәрін қарап шықты. Бірақ қылмыс ізін таппады. Соған қарамастан, Тайыпов қылмысты өз көзімен көргенін айтумен болды.

Екі жігіттің жатқан жерін қалай табылды

Ділшаттың қайтпайтын мінезі өз пайдасын тигізді. Ол қылмыскерлердің өлімші болып жараланған екі жігітті жыраға тастап, көміп тастауға дайындалып жатқанда көлігімен қашып кеткенін қайта-қайта айтты. Осы кезде полицейлердің жүйкесі тоза бастады. Дегенмен, олар зиратты толығымен қарап кетуді шешті. 

Құқық қорғаушылардың біреуі қопарылып жатқан жерді байқап қалады. Қабір де емес, бірақ жердің енді ғана қазылғаны бірден көзге түсті. Үстіңгі бетін сәл алғаннан кейін Ділшаттың айтқаны расталды.

Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы келіп, екі ер адамның мәйтін алып шықты. Сот-медициналық сараптама мен криминалист тексерісі басталмаса да, бәрі екі адамның өлім алдында қатты қиналғанын түсінді. Біреуі мойнындағы бірнеше пышақ жарақатынан қайтыс болса, екіншісі тыныс алу жолдарына кірген топырақтан тұншығып өлді. Себебі оны тірідей көміп тастады.

Тағы оқыңыз: Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді

Куәгер Ділшат Тайыпов екеуін де таныды. Дәл осы жігіттер оның жүксалғышында жатқан. Ал тергеушілер мерт болғандардың кім екенін анықтады. Олар - ағалы-інілі Медет Шопатов пен Мақсат Мүкеев. Екеуі де 30 жаста болған.

Таксистер олай төбелеспейтін...

Оқиға орнын тексеру шаралары бітпей жатып, ағалы-інілі екі жігітті өлтіргендер де анықталды. Бірнеше сағаттан кейін екеуі де полиция бөліміне жеткізілді. Біреуі 50 жастағы Жомарт Мұхамадиев болса, екіншісі оның жиені – 29 жастағы Алмас Ахметов. Сөйтсе, қайтыс болған жігіттер де, оларды тірідей көміп тастағандар да бір салада жұмыс істеген. Барлығы – такси жүргізушісі.

Тергеушілер таксист жігіттердің Алматыдағы халықаралық әуежайдан жолаушыларды тасымалдағанын білгеннен кейін клиент үшін қырылысып қалды деп ойлады. Себебі ондай оқиғалар талай рет болған. Бірақ бұған дейін "точка" үшін қырылысқан таксистер бір-бірінің дөңгелегін тесіп кететін, ары кетсе, төбелесіп тарайтын. Ал осы жолы екі таксист өз әріптестерін аса қатыгездікпен өлтірген. Неге?

Ділшат Тайыпов төбелестің себебін білмеді. Бірақ қылмыстың қалай болғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Оның айтуынша, түнгі уақытта танысы Алмас Ахметов Тұздыбастау ауылынан хабарласып, шұғыл Алматыдағы бір дәмханаға апару керек екенін, сосын қайтадан ауылға баратынын айтты. Сол үшін жақсы ақы төлеймін дегеннен кейін Ділшат бірден келісті.

Ахметов жол бойы күйіп-пісіп, асығып отырды. Ағасын біреулер ұрып жатыр деп айтты. Ділшаттың қатты жүрсек, камераға түсіп қаламыз дегеніне қарамай, балағаттап, жекіп тастады. Ал дәмханаға келгенде Ахметов атып шықты да, төбелесіп жатқан адамдардың арасына кіріп кетті. Ағасына жабылған бір адамды қатты соққымен құлатты, екіншісін ағасымен бірге тепкілеп тастады.

Төбелес неден басталды?

Жомарт Мұхамадиев пен Алмас Ахметов екі қарсыласын құлатып, есінен тандырғаннан кейін сәл ойланып тұрды. Одан кейін екеуін көтеріп алып, Ділшаттың жүксалғышына тықты.

"Мен қарсылық білдірсем де, қараған жоқ. Мені қорқытып, рөлге отырғызды. Сосын Тұздыбастауға жүруге бұйрық берді. Жолда олар бәрін дұрыс істесең, саған тиіспейміз деп бірнеше рет айтты", - дейді Тайыпов.

Ал күдіктілерден сұрау алу барысында төбелестің себебі белгілі болды. Баяғы мәселе, ер адамдар дәмханада бірге отырған, артынан банкеттің ақшасын кім төлейтінін шеше алмады. Сол күні Мұхамадиевтің өзі таксист әріптестеріне жұмысты ертерек бітіріп, жақында танысқан қыздармен бірге дәмханаға баруға ұсыныс жасаған. Жолдастары қуана-қуана келісті.

Таксистердің отырысы кеш бітті. Даяшы шотты алып келді. Қараса, 18 мың теңгеден асып тұр. Сол кезде Мұхамадиев ақшаны бөліп төлейміз деп шықты. Алайда екі жолдасы оған келіспеді. Содан жанжал басталды. Мұхамадиев жалғыз өзі екі жас жігітке төтеп бере алмайтынын түсінді де, жиеніне хабарласып, соққыға жығылғанын айтып үлгереді.

Тергеушілердің мәліметіне сәйкес, Алмас Ахметов қызуқанды мінезімен талай рет көзге түскен. Мәселенің мәнін сұрамай, бірден төбелесіп кететін. Бір рет қарақшылық қылмысқа да барды. Сол үшін сот алдында жауап берген. Ал осы жолы ағасы шақырғаннан кейін ештеңені сұраған да жоқ. Екі қарсыласын құлатқаннан кейін ағасы екеуі оларды жақсылап тұрып қорқытамыз деп, ескі зиратқа алып баруға келіскен.

Екеуін ұзақ уақыт қинаған

Жолда жүксалғышта жатқан екі таксист есін жиып, айқайлай бастайды. Мас болғандары да әсер еткен болуы керек, екеуі қоймай, соққыға жыққандарды қорқытып, ертең-ақ жазасын беретінін айтқан. Оған Мұхамадиев одан бетер ашуланып кетті. Қызуқанды Ахметов та өзін ұстай алмады.

Куәгер Ділшат Тайыповтың айтуынша, ағасы мен жиені екі жігітті өлтірмес бұрын ұзақ уақыт қинаған. Ахметов жол-жөнекей өз үйінен күрек ала шығыпты. Дәл сол күрекпен екі адамды қатты ұрғаны сонша, сабы сынып кеткен.

"Күректің сабы сынғаннан кейін олар менің машинамда жатқан өрт сөндіргішпен ұрды. Артынан дәрі қобдишасынан шприцті алып, соған жаңбырдың суын құйған. Сосын қайтыс болған екі жігіттің қан тамырына салған. Жүксалғышта пышақ та болды. Оны да пайдаланған", - деді Тайыпов сотта.

Ділшат қандықол қылмыскерлерді тоқтатпақшы болғанда өзі де таяқ жеп қалды. "Араласпа, әйтпесе, сені де көміп тастаймыз!" деген сөзден кейін ол қашуға бел байлайды. Ал ішкі істер басқармасына жеткенше қылмыскерлер екі жігітті басқа жерге сүйреп апарады да, көміп тастайды. Тайыпов полицияны алып келсе де, ештеңе таппайды деп ойлаған. Бірақ жоспарлары іске аспады.

Сотта Жомарт Мұхамадиев барлығын өз мойнына алуға тырысты. Алайда судья оған сенген жоқ. Оны 19 жылға бас бостандығынан айырса, жиені 18 жылға түрмеге қамалды.

Тақырып бойынша

Түркістанда ата-анасының айлығын алған бойжеткенді "таксист" қинап өлтірген
Қыздың әкесі мен ағалары қос ғашықтың үстінен түсті: қайғылы оқиға болды
Қос ғашықты тірідей өртеді: әйел өлер алдында шындықты айтып кетті    
Түркістанда жас келіншекті өлтірген таксист оқиғаның қалай болғанын баяндады
Алматы облысында әйелдерге қырғидай тиетін таксист ұсталды
Кілт сөздер:
такси жүргізушісі, Алматы
Загрузка...

Басты тақырып