12:39 03 Сәуір 2020
Тікелей эфир
  • USD447.60
  • EUR489.41
  • RUB5.71
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
173030

Егер де елорда көшелерімен серуендеп жүріп, бір-біріне ұқсайтын екі қарияны кездестірсеңіз, таңғалмаңыз. Бұл жасы жетпіске тақаған егіз Балғабай мен Балтабай Ыбырайымбековтер

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik, Нұргүл Абай. Бүгінде бір кіндіктен тараған қос қария тойларда тәй-тәй басқан егіздердің тұсауын кесіп, ырымдап жас келіндердің аузына түкіреді. Sputnik Қазақстан тілшісі ұл-қыздарынан немере-жиен сүйіп, үбірлі-шүбірлі өмір сүріп жатқан егіз қарияның шаңырағында болып қайтты.

Түсінде аян берген

Балғабай мен Балтабай Ыбырайымбековтердің кіндік қаны тамған жер –  Ақмола облысының Қорғалжын ауданы. Дүние есігін бірінші болып Балғабай ашқан, араға бес минут салып Балтабай өмірге келіпті.

"Дүние жарығын алғаш көрсем де, үлкені мен емеспін. Себебі шариғат бойынша бірінші туған адам өзінен кейінгі балаға жолын береді екен. Мен де сөйттім. Балтабай өмірде де үлкен болды. Менен бұрын отау құрды, менен бұрын немере сүйді", - деді әңгімесін әріден бастаған егіздің сыңары.

Балғабай мен Балтабайды дүниеге әкелер алдында анасы түс көріпті.

Егіз аталар отбасымен бірге
© Sputnik / Абзал Калиев.
Егіз аталар отбасымен бірге

"Күліш деген әжеміз қостың алдында отырған әкемізден "Қаппас қайным, не істеп отырсың" деп сұраған. Әкей "мына балға мен балтаны қайрап жатырмын" деген. Сонда Күліш әже "ой, жақсы болды ғой, онда маған балтаңды берші" деп өтініш жасаған. Алайда әкеміз "жоқ, балтаны берсем, балға жалғыз қалады, балғаны берсем, балта жалғыз қалады" депті. Осы түстен кейін шешеміз құрсағында егіз барын сезген. Бірнеше айдан кейін дүниеге біз келіппіз", - деп еске алды Балғабай ата.

Айтуынша, ана сүті аз болғандықтан, шешесі егіз сәбиін, алдымен, қойдың, кейін ешкінің сүтімен асыраған. Жас кезінде ұқсас болғаны соншалық, тіпті анасы әрең ажырататын.

"Менің бетім әкеме тартқан, жалпақтау, ал Балтабайдікі сопақ. Шешей осыдан айырған. Ал қазір есейе келе өзгердік", - дейді Балғабай қария.

Балтабай мен Балғабай еңбекке ерте араласқан. Екеуі де 1973 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдайды. Балғабай қария 38 жыл ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаса, егіздің сыңары Балтабай ұзақ жылдар кеңшарда, ауыл әкімдігінде істеген.

Пайдасы көп пе, жоқ әлде зияны ма?

Егіз қария сыңарың болғанның пайдасы көп дейді. Әсіресе, бозбала шақта.

"Оқушы кезде, мұғалім сабақ сұрағанда, қайсымыз дайын, сол жауап беретін. Білмегеніміз үндемей отыра береміз. Ұстаздар ажырата алмайтын", - деп күлді Ыбырайымбековтер.

Бірінің орнына бірі емтихан тапсырып шыққан кездер де талай болыпты.

"Қысылғанда, Балғабай боласың, немесе ол Балтабай бола салады. Егіз сыңарың болған керемет, зиян жағын көрмедік. Бірақ, кейде бір кісілермен амандаспай өтіп кетесің. Егіз екенімізді білмей шатастырып, ренжіп жатады ", - дейді Балғабай қария.

Егіздер арасында ерекше байланыс барын бұл қариялар да мойындады. Бірінің ауырғанын бірі сезеді, үнемі іздеп тұрады.

Махаббат, қызық мол жылдар

Жас кезінде Балғабай мен Балтабайдың егіз екенін білмей, қыздар да жиі шатастыратын.

"Кейде бір қызбен кездесуге кезек-кезек баратын едік. Олар кім екенімізді білмей қалады. Кейін әзілдегенімізді айтып, кешірім сұраймыз. Ренжімейтін, керісінше қызық көретін", - дейді елордалық қариялар.

Ыбырайымбековтер де өздері сияқты егіз қыздарға үйленіп, отау құруды қалапты. Алайда, айтуынша, ол заманда егіздер сирек болғандықтан, кездестірмеген.

Егіздің сыңары Балтабай қарияның жұбайы Тілеукеш Жаубасова отағасымен қалай танысқанын әңгімелеп берді. Ерлі-зайыпты танымал мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейтойында танысқан.

Тағы оқыңыз: "Алғаш рет шын ғашық болдым": қарттар үйінде сүйіктісін кездестірген қарияның әңгімесі

"Балтабай да, Балғабай да тойда жүрді. Кезек-кезек биге шақырады. Кімнің кім екенін ажырата алмадым. Дауыстары да ұқсайды ғой. Кейінірек телефонмен хабарласқанда, атын айтпаса, шатастыра беретін едім", -деп күлді ол.

Тілеукеш Жаубасованың айтуынша, Балтабай мен Балғабайдың бойында ұқсастықтар көп. Екеуі де жылдам ашуланып, тез қайтады. Бірақ, Балтабай қария сыңарына қарағанда қалжыңбас екен.

"Бастығымыз алжиын деді ме?"

Жастық шаққа ойша саяхат жасаған Балтабай қария мына бір қызықты оқиғаны еске алды:

"Ертеректе Балғабай совхозда экономист болып істеді. Мен басқа кеңшарда едім. Бір күні оны іздеп жұмысына бардым. Оның іссапарға кеткенін білмеймін. Кабинетіне кірсем, екі жас қыз отыр. Олармен амандастым да, "Балғабай қайда?" деп сұрадым. Әлгі екеуі көздері бақырайып бетіме қарады. Үндеген жоқ. Шатастырып тұрғанын түсіндім. Мен де ештеңе деместен, шығып кеттім. Жаңағы екі қыз басқаларға "біздің бастығымыз алжиын деді ме, өз-өзін іздеп жүр" деп айтыпты".

Елорданың егіз тұрғыны өздерімен шамалас егде жастағы егіздерді кездестірмегенін айтады. Тек Нұрлан (мәжіліс төрағасы – Sputnik) мен Ерлан Нығматулиндерді ғана таниды екен.

Егіздердің тұсауын кесіп, келіндердің аузына түкіреді

Бүгінде Балтабай мен Балғабай Ыбырайымбековтер ел арасында танылып қалған. Егіз қарияға елдің түкпір-түкпірінен қоңырау шалып, ырымдап келіндердің аузына түкіруді өтінетіндер жетерлік екен.

Егіздер
© Sputnik / Абзал Калиев.
Балғабай қария зейнетке шықса да, аудан әкімдігінде қызмет етеді. Ал егіздің сыңары қазір үйде

"Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қарағанды облысына тойға бардық. Балғабаймен бірдей киініп алған едік. Залға кіріп келгенімізде, бәрі бізге қарады. Бір-екі сағаттан кейін қасымызға отыздар шамасындағы жігіт пен қыз келді. Сөйтсек, енді үйленген жастар екен. "Аға, келіншегімнің аузына түкіріңізші, егіз сәби қалаймыз" деді күйеуі. "Жарайды, онда" деп, ырымын жасадық", - дейді Балтабай қарт.

Араға біраз уақыт салып, әлгі жігіт хабарласып, әйелі егіз күтіп жүргенін сүйіншілеген.

Бұдан бөлек, Ыбырайымбековтер егіз сәбилердің тұсауын кеседі.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда алғаш рет: Оралда келіншек егіздердің біреуін араға 2 ай салып босанды

"Балтабайдың бір қасиеті бар. Бір алақанына салып көтерген сәби сегіз-тоғыз айында жүріп кетеді. Бұл дегеніңіз керемет емес пе", - дейді жары Тілеукеш Жаубасова.

Бүгінде Балғабай қария үш қызынан он бір жиен сүйген. Ал сыңары Балтабайда үш қыз, бір ұлдан тоғыз немере-жиен бар. Қарттардың ұл-қыздары елордада қызмет етеді.

Балғабай ата зейнетке шықса да, Алматы ауданының әкімшілігінде инспектор болып жұмыс істеп жүр. Ал Балтабай қария қазір үйде.

Кілт сөздер:
видео, егіздер, келін
Загрузка...

Басты тақырып