03:22 07 Желтоқсан 2019
Тікелей эфир
  • USD384.97
  • EUR427.12
  • RUB6.04
Бейісбек әулеті: бір үйден суретшілер одағының  7 мүшесі шыққан

Бейісбек әулеті: бір үйден суретшілер одағының 7 мүшесі шыққан

© Sputnik / Владислав Воднев
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
45 0 0

Олар сурет салады, тұскиіз тоқиды, киізден киім, жүннен кілем, былғарыдан бұйым жасайды. Бүгінде өнерлі отбасының өз үйінде көркемсурет галереясы да бар. Ол жерде құнды дүниелерді тамашалап қана қоймай, тегін шеберлік сабағын да алуға болады

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik, Арман Асқар. Түркістандық Бейісбековтер әулетінде жеті адам суретшілер одағаның мүшесі болса, бесеуі қолөнершілер одағына кіреді. Олар сурет салады, тұскиіз тоқиды, киізден киім, жүннен кілем, былғарыдан бұйым жасайды. Sputnik Қазақстан тілшісі Бейісбековтердің астанадағы алғашқы көрмесін аралап, өнерлі отбасымен танысып қайтты.

Ата-бабадан дарыған өнер

Отағасы Болатбек Бейісбеков - сурет өнерінің хас шебері. Қазақтың қолөнерін де меңгеріп алған. Оған дейін әулетте суретші болмады. Бірақ әкесі - Бектас өмір бойы теміржолшы болса да, баласын үнемі сурет салуға үйретіп жүрген.

"Әлі есімде, әкем кішкентай кезімде сурет салуға үйрететін. Бірақ оның өнерін ешкім білмеді. Өзі өмір бойы теміржолда жұмыс істеген. Атам да таза теміржолшы болды. Ал бабам – Бейісбек оңтүстік өңірде барлық өнерлі адамдарды жинап, солармен бірге жұмыс істеген шебер ретінде танылған еді. Содан бізге дарыған болуы керек", - дейді Бейісбеков.

Жақында ол өз бойындағы өнеріне қатысты тағы бір қызықты деректі естіді. Бабасы Бейісбек танымал шеберлердің басын қосып жүргенде өз ұлына Құлмамбет деген атақты шебердің қызын алып берген екен. Сөйтіп, екі өнерлі отбасы құда болыпты.

"Сонда мен бұрын осы өнерім бабамнан келе жатыр десем, әжем жағында да бар екен. Сөйтіп, әкемнің қолдауымын сурет салып кеттім, ата-әжемнің өнері де түрткі болды. Негізі, қолөнер әрбір қазақтың қанында бар деп ойлаймын", - деп атап көрсетті Бейісбеков.

Немересі ата-әжесінің жолын қуып келеді

Болатбек Бейісбеков Шымкент қаласында Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде оқыған. Сол жерде жан жары Күләш Айдарбековамен танысты.

"Екеуіміз бір топта оқыдық. Сөйтіп, бас қосып, балалы-шағалы болдық. Артынан балаларымыз да осы жолды таңдады. Бәрі Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжін бітірген", - деп еске алады Бейісбеков.

Бүгінде осы әулеттің жеті мүшесі – Болатбек Бейісбеков, жұбайы Күләш Айдарбекова, ұлы Берік Бейісбеков, келіні Мәдина Ахметова, қыздары Венера Бейісбекова, Ақбота Бейісбек пен Арайлым Бейісбек Қазақстанның суретшілер одағына кіреді. Соңғы екі қыздан басқасының бәрі қолөнершілер одағына да мүше. Немересі Нұрай да ата-әжесінің ізін басып келеді.

Берик Бейсбеков - художник из династии ремесленников
© Sputnik / Владислав Воднев
Түркістандық Бейісбековтер әулетінде жеті адам суретшілер одағаның мүшесі болса, бесеуі қолөнершілер одағына кіреді

"Осы көрмеде менің "Бабалар әруағы" деген шығармам бар. Мен оны түсімде көргенмін. Осы уақытқа дейін бірден тұрып салмағаныма өкінемін. Бәрі есімде ғой дедім. Бірақ таңертең тұрып салғанымда оның 50 процентіне де жете алмадым. Ал бір картинаны 20 жыл салып көрдім, болмады. Сөйтіп жүргенде екі күннің ішінде жазып шықтым", - дейді Бейісбеков.

Бір сурет 5 000 долларға сатылды 

Болатбек Бейісбеков кескіндеме өнерімен айналысса, Күләш Айдарбекова - гобелен тоқудың шебері әрі портрет жанрының майталманы. Ал Берік Бейісбеков былғарыны өңдеудің қыр-сырын меңгеріп алған, теріге тіл бітірген хас таланттың өзі. Бұдан бөлек, зергерлік өнері де бар екен.

Оның айтуынша, адамның ниеті болса, кез келген нәрсені жасауға болады.

"Адамның ниеті мен ынтасы болса, істеген жұмысын жақсы көріп тұрса, кез келген шаруа қиынға соқпайды. Керісінше, істеген сайын шабыттана түсесіз. Жұмысыңыз жақсы шығып, халық оны бағалап жатса, одан да жақсы туындыны жасауға тырысасыз. Теріні өңдеу кәсібін өзім таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Себебі ата-бабамның кәсібі жалғасын тауып отыр", - дейді ол.

Беріктің жұбайы Мәдина да он саусағынан өнері тамған шебер. Әсем кілемдер жасап, гобелен тоқиды. Венера Бейісбекова да гобелен тоқуды меңгеріп алған. Ал Арайлым Бейісбектің сурет салу стилі басқаша. Әкесі оны бірден байқапты.

"Арайлымның стилі өзгеше. Ол бояуды қолдану технологиясына қарамайды, барлық бояуларға тәжірибе жасай береді. Мен өзім оның шығармаларына бір қарасам, тым қарапайым болып көрінеді. Іштей әлі жас қой деймін. Енді, бір қарағанда менің ойымнан да асып кетеді", - деп атап көрсетті Бейісбеков.

Тағы оқыңыз: Әйелі Әбілхан Қастеевке иіліп сәлем салған: әйгілі суретші туралы не білеміз?

Арайлымның суреттеріне шетелдіктер жиі қызығады. Мәселен, Қазақстандағы бір шетелдік компанияның басшысы "Күн шуағынан алқа таққандар" деген картинасын 5 000 долларға сатып алыпты.

"Шабытым келгенде идеяларымды бірден қағазға түсіріп отырамын. Содан салғанша шыдай алмай жүремін, көбінесе, майлы бояу мен акрилмен саламын. Шынымды айтсам, пейзаж бен натюрморт салып отырғаннан гөрі маған осындай картиналар қызықты. Ойыма да осындай суреттер келеді", - дейді Арайлым. 

Киіз базарда ұлтарақ болып кетті

Бейісбековтар әулетінің тағы бір өкілі – Ақбота киізден киім-кешек тігеді. Астанадағы көрме кезінде оның авторлығымен қазақ ұлттық киім үлгілерінің дефилесі көрсетілді. Әкесінің айтуынша, киіздің бәрі ата-бабамыздың бұрынғы технологиясымен жасалады. Оны ыстық суға салады, үстінен басады. Сөйтіп, киім-кешек және тағы басқа бұйымдарға қажетті өнім дайындалады.

"Киіздің айтып кеткен бір арманы бар емес пе? "Мың бұралып, мың бүктеліп, сыздан да, суықтан да қорғадым. Сөйтіп жүрген кезде дүкендеріңе кіре алмай, базарда ұлтарақ болып кеттім" деген екен. Ал сол киіз мың бұралып, мың бүктеліп, бізді сыздан да, суықтан да қорғағанда біздің ұрпағымызды қорғады. Енді, сол өнерді ұмытуға бола ма?", - дейді Болатбек Бейісбеков.

Болатбек Бейсбеков - автор выставки династии ремесленников
© Sputnik / Владислав Воднев
Бүгінде өнерлі отбасының өз үйінде көркемсурет галереясы да бар. Ол жерде құнды дүниелерді тамашалап қана қоймай, тегін шеберлік сабағын да алуға болады

Бүгінде өнерлі отбасының өз үйінде көркемсурет галереясы да бар. Ол жерде құнды дүниелерді тамашалап қана қоймай, тегін шеберлік сабағын да алуға болады.

"Келесі жылы біз 60-қа толамыз. Соның қарсаңында өзімізге "марафон" жарияладық. Ұлттық музейде ашылған "Ғасырлар үні" атты көрмеміз - сол марафонның бастауы. Сөйтіп, біраз шаруаны тындырып, мерейтойымызға үлкен дайындықпен жететін ойымыз бар", - дейді Бейісбеков.

Тақырып бойынша

Жас суретші Құранға деген махаббатын суретке түсірді
Елу түрлі аспап жасайтын шебер домбыраны қалай дұрыс таңдау керектігін айтты
Димаш Құдайберген өзін айнытпай салған қызды іздеп жүр
Абай өлеңін оқып тұрып, шаш қиған Алматы тұрғыны танымал болып шыға келді
Галереядан шамамен 8 млн теңгенің картинасы ұрланды
Кілт сөздер:
суретшілер
Загрузка...

Басты тақырып